2017 жылы 1 шілде күні ғасырға жуық британдық отарлық үстемдігінен кейін Қытайға Гонконгтың қайтарылғанының 20 жылдығы атап өтілетін болады. Бұл мерейтой Қытайдың басшылары елдің экономикалық дамуына жәрдемдесудегі Гонконгтың бірегей рөлін насихаттап жатқан сәтте келді.
Екі ай бұрын, премьер-министр Ли Кэцян Қытайдың Гуандун-Гонконг-Макао шығанағындағы - Гонконг талдаушылары Pearl River Delta (PRD) яғни «Інжу өзенінің сағасы» деп аталатын аймақтағы - экономикалық ынтымақтастықты нығайту жоспарын баяндаған. Жоспардың басты мақсаты- аймақтың мемлекеттің тұрақты дамуындағы негізгі моторы ретіндегі рөлін нығайту. Бұл аймақ Гонконг, Макао, Гуанчжоу, Фошань, және Шэньчжэнь сияқты тоғыз негізгі қалаларды қамтиды. Өткен жылы, PRD халқының саны 68 млн құрады, және оның ЖІӨ $1,3 трлн болды.
Елдің оңтүстігінде орналасқан PRD аймағы Қытай экономикалық дамуының үш жағалау кластерлерінің бірі болып табылады. Мемлекет орталығында Шанхай кіретін «Янцзы өзенінің сағасы» (YRD) орналасқан, онда халық саны 130 млн және ЖІӨ $ 2 трлн. Солтүстікте он негізгі қалаларды қамтитын, Пекин / Тяньцзинь / Бохай (BTB) экономикалық дәлізі бар; ол жерде 100 млн адам тұрады және ЖІӨ $1,3 трлн. Бірге алғанда, осы үш кластерлер Қытайдың жалпы халқының 21 пайызын және елдің ЖІӨ-сінің шамасы 40%-ын құрайды.
PRD кластері ең аз халқы бар, бірақ жан басына шаққандағы ең жоғары табысы бар аймақ. Мұнда Қытай және жаһандық жеткізу тізбектері арасындағы маңызды қатынас қалыптастырылады. Аймақ еркін сауда, төмен салықтар және Гонконг пен Макао сияқты жаһандық қалалар арқасында даусыз артықшылыққа ие.
Екі қала да Қытайдың «бір ел, екі жүйе» қағидаты бойынша «арнайы әкімшілік аймақтар» болып табылады. Тағы бір ірі активы Шэньчжэнь болып табылады, ол - динамикалық капитал нарығы бар; жаһандық жеткізу тізбектерінде интеграциялар, жеке-секторда жұмыс орындарын құру эксперименттер дәстүрі бар жоғары инновациялық «арнайы экономикалық аймақ».
PRD жоғары бәсекеге қабілеттілігі кездейсоқтық емес. Қытай жаһандануда қалай қатысатынын ұғынып жатқанда, Дэн Сяопин, түрлі құқықтық және институционалдық тетіктерге бір мезгілде өмір сүруге мүмкіндік беріп, аймақты қоғамдық-саяси зертхана ретінде пайдаланған. Мұндай жүйе жұмыс жасай алатынан көрсетті, бірақ ол экономист Рональд Коуз тұжырымдамасында сипатталғандай, транзакциялық шығындарға байланысты іргелі қайшылықтардан зардап шегеді.
Дэн Сяопин айтқандай, «реформалар мен ашықтық саясаты» және технологиялық прогресс, Қытайдың географиялық, демографиялық және экономикалық ауқымы арқасында, Қытайда транзакциялық шығындар төмендеп жатыр, ал бұл ресурстарды бөлуде нарықтардың әлеуетін арттырады. Мұндай процесс жиі мамандандыруды ынталандырады: облыстық немесе қалалық экономикалар транзакциялық шығындардың төмендеуінен барынша көп пайда көру мақсатында, өз бәсекелестік артықшылықтарына назар аудара бастайды.
Мұндай мамандануды PRD айқын көруге болады. Макао жаһандық құмар және ойын-сауық орталығы ретінде, ал Гонконг халықаралық қаржы және қызметтер хабы болып табылады. Сонымен қатар, Шэньчжень технологиялық инновацияларға бағытталып; Гуанчжоу жаһандық сауда хабы, ал Фошань мен Донгуан ірі өндірістік орталықтар болып табылады. Әр қаланың экономикалық құрылымы үйлесімсіз болып көрінгенімен, тұтастай алғанда, бұл қала кластері жақсы теңдестірілген және бәсекеге қабілетті болып табылады.
Бірақ - және осы жерде нағыз қайшылықтар жатыр - тым көп транзакциялар аймақтарда қаржылық, әлеуметтік және қауіпсіздік тәуекелдеріне апара алады. Олар жүйелік құбылмалылықты тудыртып, ол көрші аймақтар мен түрлі экономика салаларына инфекция тәріздес жұға алады.
Осы тәуекелдерді азайту мақсатында, үкіметтер мен реттеушілер, транзакциялық шығындар жасанды түрде көтерілген нарықтарда шектеулер жасау арқылы араласуға дайын болуы тиіс. Қытайдың басшылары, олар ашық, заманауи және жылдам дамып келе жатқан экономиканы құру үшін әр түрлі жүйелердің артықшылығын пайдаланғысы келген кезде осыны есте сақтаса жақсы болар еді.
Қытай үкіметі, әрине, экономикалық дамуды алға сүйреп және тез урбанизациядан пайда болған қысымды жеңілдету үшін қалалық кластерлердің маңыздылығын мойындайды. 2011 жылы Қытайда қала халқының үлесі 50% -дан асып түсті, және алдағы 20 жыл ішінде тағы 300 миллион адам қалалық жерлерде тұратын болады. Бұл тұрғыдан қарастырғанда, қала кластерлері инновация және жаңа жұмыс орындарын құру үшін маңызды болуы мүмкін. Әсіресе, қызмет көрсету саласында олардың рөлі аса маңызды, және олар арқылы ресурстарды бостан бос қолдануды шектеп, қоршаған ортаны одан әрі ластаудан сақтап, және тұрғындар санының көптігінен болған қалалық қысымды азайтуға болады.
Қазірдің өзінде, Қытай қалалық жобалау, су ресурстарын басқару және экологиялық тұрақтылықты жақсарту үшін Сингапур және басқа да ірі қалаларымен жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ ортақ тұтыну экономикасының (sharing economy) әлеуетін қолдану үшін де қадамдар жасалуда. Сонымен қатар, сәуір айында, президент Си Цзиньпин Бейжіңнен оңтүстікке қарай шамамен 50 миляда орналасқан, «Жаңа Сюнань зонасын» құру туралы мәлімдеді; ол ескірген, экологиялық тұрғыдан ластаушы салаларды инновациялық стартаптармен ауыстыруға мүмкіндік беретін экономикалық эксперименттер орны ретінде қызмет ететін болады. Жоба мақсаты елордада қалалық кептелуді азайта отырып, тұрақты салаларда жұмыс орындарын құруды ынталандыру болып табылады.
Гонконгқа келетін болсақ, оны Қытайдың көшбасшылары экономикалық дамудағы «бағалы бейматериалдық тәжірибенің» көзі ретінде санайды. Мұнда тәуелсіз сот жүйесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенімді режим, тұрақты валюта, және әлемдік деңгейдегі капитал нарықтарын жатқызсақ болады. Гонконгтағы жоғары сапалы және халықаралық деңгейге бағдарланған білім беру жүйесі, және оның тиімді, дамыған қала басқару жүйесі, сондай-ақ, оның маңызды активтері болып табылады.
Гонконгтың «бейматериалдық» активтерін Қытайдың дамудың нақты, физикалық инфрақұрылымын құру мақсаты жақсы толықтырып тұрғандай. Мысал ретінде «Бір белбеу, бір жол» (OBOR) бастамасын атап өтсек болады, онда Қытайды басқа әлеммен байланыстыруға арналған инфақұрылым салынуына ірі инвестициялар салынады. Қазірдің өзінде, Гонконг, Шанхай, Шэньчжэнь және Лондонды байланыстыратын биржа арасындағы механизмдер пайда болып жатыр, олар арқылы қытай қалалық кластерлері OBOR жобасы тудыртқан оффшорлық қаржыландыруға қатысты сұранысты қанағаттандырып жатыр.
Бірақ Гонконг және негізі, барша PRD аймағына, олардың әлеуетін барынша ашуға көмектесу керек. Гонконгтың әлемдік деңгейдегі қызметтер секторы, қазіргі уақытта физикалық шектеулер салдарынан, өз әлеуетінен төмен жұмыс істеп жатыр. Медициналық, қаржылық, және әлеуметтік қызметтерді көрсетудің икемді схемалары, жақсы трансшекаралық көлік инфрақұрылымы егде азаматтарға Гонконг қаласының шегiнен тыс жерде зейнетке шығуға мүмкіндік берер еді.
Көптеген бақылаушылар Қытайдың тым көп несиеленуіне назар аударып жатқан кезде, билік органдары тыныш динамикалық қалалық кластерлерді дамытуды іске асырып жатыр. Бірақ, жеткен жетістіктерді сақтап және қолдау мақсатында, қытай саясаткерлері тез урбанизация және өсіп келе жатқан мамандануға байланысты тәуекелдерді азайту үшін жұмыс істеуі тиіс. Әйтпесе, қазір Қытайға пайдасы тиіп жатқан үрдістер, керісінше, өркендеу мен әлеуметтік тұрақтылыққа нұқсан келтіруі мүмкін.
Авторлар туралы: Эндрю Шэн - Гонконг университетіндегі Азия жаһандық институтының құрметті қызметкері және тұрақты қаржы жөніндегі ЮНЕП Консультативтік кеңесінің мүшесі.
Сяо Гэн - Гонконгтағы Халықаралық қаржы институтының президенті, Гонконг университетінің профессоры.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024