Almaty Museum of Arts пен Halyk Bank мәдени жобаларды бірге жүзеге асырады
Almaty Museum of Arts пен Halyk Bank Қазақстандағы заманауи өнерді дамытуға бағытталған стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойды.
Ынтымақтастық аясында халықаралық көрмелер, білім беру бағдарламалары және ірі мәдени жобалар жүзеге асырылмақ.
Серіктестіктің алғашқы ірі жобаларының бірі – америкалық бейнеарт шебері Билл Виоланың көрмесі. Ол 2026 жылдың жазында Алматыда ашылып, Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылмақ. Экспозицияда шамамен 15 видеоинсталляция ұсынылады.
Музейдің негізін қалаушы Нұрлан Смағұловтың айтуынша, банк тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдау халықаралық көрмелер өткізуге, шетелдік суретшілерді шақыруға, білім беру жобаларын дамытуға және ғылыми каталогтар шығаруға мүмкіндік береді.
Үміт Шаяхметова басқаратын Halyk Bank мәдени және әлеуметтік бастамаларды қолдауды өз қызметінің маңызды бағыты ретінде қарастырады. Соңғы бес жылда банк пен оның қайырымдылық қоры білім, медицина, мәдениет және спорт салаларындағы жобаларға шамамен 62 млрд теңге бөлген.
Сонымен қатар музейде қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты көрмесінің екінші бөлімі ұсынылады. Жоба жаңа фото және видео жұмыстармен толықтырылған.
Музей басшылығының айтуынша, мұндай бастамалар Қазақстанның халықаралық өнер кеңістігіндегі мәдени қатысуын кеңейтуге ықпал етеді.





