Бизнес
Шухрат Ибрагимов ERG-дің шетелдегі активтерін 2 млрд доллардан астам сомаға сатып алуы мүмкін
Қарастырылып жатқан жоспар бойынша ERG-дің бизнесі Қазақстандағы және халықаралық бағыттағы екі бөлікке бөлінуі мүмкін. Ибрагимов шетелдік активтерді сатып алуды отбасылық капиталы есебінен және ірі стратегиялық серіктестіктің көмегімен қаржыландыруды көздеп отыр.
ERG-дің халықаралық портфеліне Конго Демократиялық Республикасындағы мыс пен кобальт өндіретін және өңдейтін кәсіпорындар, сондай-ақ Замбия, Зимбабве, Оңтүстік Африка Республикасы мен Бразилиядағы жобалар кіреді.
Financial Times дерегінше, жоспар жүзеге асса, Қазақстандағы активтер мемлекет пен ERG акционері Шахмұрат Мүтәліптің бақылауында қалуы ықтимал. Ресеймен және ресейлік банктермен байланысты қарыздар да қазақстандық бөлікке қалдырылуы мүмкін.
Қазір ERG акцияларының 40%-ы «Самұрық-Қазына» қорына, 39,3%-ы Шахмурат Муталипке, 20,7%-ы компанияның негізін қалаушылардың бірі Әлижан Ибрагимовтің мұрагерлеріне тиесілі. Бұл үлестер компанияның акционерлік құрылымы туралы ресми мәліметтерде көрсетілген.
ERG-ді бөлу мүмкіндігі бұған дейін де талқыланған. Forbes Kazakhstan шілдеде Қазақстан Қаржы министрлігіне жолдаған сауалына алған жауабында, сол кезде мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне Шахмұрат Мүтәліп пен Шухрат Ибрагимовтен бизнесті бөлу жөнінде өтініш не хабарлама түспегенін жазған.
Financial Times мәліметінше, шетелдік активтерді сатып алу туралы келісім осы аптада жариялануы мүмкін. Алайда ERG активтерін бөлу және ықтимал мәміленің шарттары ресми түрде расталған жоқ.





