Алматыэлектротранстың хабарлауынша автобуста өлшемі 60×40×20 сантиметрден, салмағы 20 келіден аспайтын қол жүгін тегін алып жүруге болады. Қолданыстағы қағида бойынша қабы бар бір жұп шаңғыны, сондай-ақ шананы да автобусқа тегін кіргізуге рұқсат етіледі. Жабдық басқа жолаушыларға және көлік салонына зиян келтірмеуі керек.
Шаңғы мен сноубордты арнайы қапқа салып тасымалдаған жөн. Олар есіктер мен өту жолдарын бөгемеуі, жолаушылардың қозғалысына кедергі келтірмеуі тиіс. Сноубордты арнайы қаппен алып кіруге болады.
Доп, шағын ракетка, қаптағы ролик және өлшемі қол жүгі нормасына сай басқа да шағын спорттық жабдықтарды қосымша ақысыз алып жүруге болады. Ал велосипедті автобусқа кіргізу мүмкіндігі салонның қаншалықты толы екеніне байланысты: ол өткелді жауып, жолаушыларға кедергі келтірмеуі керек.
Тасымалдаушы жолаушыларға көлемді жабдықпен таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытта жолға шықпауға кеңес береді. Шаңғы, сноуборд пен велосипедті қапқа салып, салонда қауіпсіз әрі ыңғайлы орналастыру қажет.





