Алматы облысында қоғаммен де, БАҚ-пен де байланыс жоқ, халықтың шағымы жауапсыз қалады
Azattyq Rýhy сайты Алматы облысында мектеп директоры мұғалімдерге үйінің жеке шаруасын істеткізеді деген ақпараттың ақ-қарасын анықтапты.
Мәселенің мәнісі мынада, Қаратал ауданына қарасты Үштөбе кентінде тұратын бір топ ұстаз бен еден жуушы басшының үстінен бір айдан бері шағымданып жүр екен.
Олардың сөзінше, Ілияс Есенберлин атындағы орта мектептің директоры қол астындағы педагог қауымын ұзақ уақыттан бері қорлап келеді. Мұғалімдер оқушыларға білім үйретумен қатар бастықтарының үйін кезекпен тазалап келген. Білім ордасындағы қызметкерлер тек бас ұстаздың ғана емес, оның ұлының да үй-жайын күтіп ұстауды мойындарына алыпты. Бұған да разы болмаған директор құрбысының үйіндегі кілемді де жуғызған. Мектеп мұғалімдерін отбасындағы жеке шаруасына жегуді әдетке айналдырған директордың үстінен мектеп жұмысшылары ұжым болып арызданды.
Шағымданушылардың бірі Айнагүл Жәнібекова директор өзінің, ұлының, сіңлісінің үйін ақтатқанын, негізгі жұмысынан бөлек медбикенің кабинетін жуғызып, қосымша табыстың 22 мың теңгесін алатынын айтқан. Қыста қар күреп, жазда арамшөп жұлу да мойнында екен. Амалы таусылған соң елмен бірге арыз жазған. Айнагүл сияқты үй ақтап, негізгі жұмысынан тыс шаруаға жегілген бірнеше қызметкер бір ай бұрын ауданға, мәселе шешілмеген соң облысқа хат жазған. Алайда аудан да, облыс та тырс етіп жауап қатпаған. Кейін министрлікке хат жазып, комиссия келгенімен, нақты жауап бермеген.
Ал Алматы облыстық Білім басқармасы бұл жағдай бойынша комиссия құрып, тексеру жүргізілгенін, қортындысы бойынша мектеп директоры қызметінен кеткенін хабарлаған. Мұны да Azattyq Rýhy жазды. Директор жұмысынан кетсе, қызметкерлердің БАҚ-қа шағым айтып жүргені түсініксіз. Мүмкін,
облыстық Білім бөлімі БАҚ араласқан соң, директорды қызметтен алды ма, белгісіз.
Біздің айтпағымыз соңғы кезде Алматы облысында бұқарамен де, БАҚ-пен де коммуникация әлсіреп кетті. Дәлелдің бірі осы оқиға. Халық сұраққа жауап, мәселесіне шешім таппайды, БАҚ-қа жүгініп, жоғарыға жүгіріп, әрең жауап алады. Алматы облысының бір ерекшелігі әр ауданда баспасөз хатшысы бар. Бірақ олардың немен айналысатыны түсініксіз. Әлеуметтік желідегі мәселеге жауап бермейді, БАҚ-пен байланыс жоқ. Мысалы: шу үзілмейтін жердің бірі - Кеген ауданы. 2020 жылы аудан әкімінің орынбасары басқарған комиссия конкурс арқылы жерді өздері мен туыстарына бөліп беріп, шу шыққан. Алайда ешкім жазаланбаған, комиссияның қорытындысының күші ғана жойылған. Жақында дәл осы жер комиссиясының отырысы өтіп, тағы да бірнеше шенеунік пен туыстары алыпты-мыс.
Аудандағы жердің біразы жекеменшікке сатылып кеткен, шаруалар бұған да наразы. Сырттан барып жер сатып алғандардың бірі Бөлексаз ауылында сиыр фермасын салып, биыл одан да шу шықты. Баққан малы ауырудан қырылған, сиырға жұға ма деп қорыққан халық, журналистерді шақырып шу шығарған еді. Оған қоста жазда ауыл сасып кетеді, дейді жергілікті халық. Алайда мәселе шешілген жоқ, әкім жиынға барған журналистер мен халыққа дікіңдеп шығарып салды. Сол күйі бұл мәселе жылы жабылып қойғанға ұқсайды. Жергілікті халық шешілерінен күдер үзген. Облыс әкіміне бұл мәселе не жетпеген, не Баталов білсе де үндемейды.
Жақында Шырғанақ ауылында әкім сайлауы өтіп, жергілікті халық жаңа сайланған әкімді қабылдамай, Тоқаевқа хат жазды. Алайда облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев бастап барған комиссия сайлау заңды өтті деп шешім шығарған.
Халықпен сөйлеспеген аудан әкімі Талғат Баеділов БАҚ өкілдерін кабинетінен қарсы алып, сыпайы жауап беріп, сипап шығарып салған. Журналистер бұған наразылығын білдіріп, әлеуметтік желіде жеке-жеке жазба арнап жатты. Бірқатар БАҚ-та бұл қалай деп материалдар шықты. Nege.kz сайты«Алматы облысында Баталовтан да блатной әкім бар» деген мақала жазды. Алайда бұған "блатной" әкім де, облыстағы зейнеткер әкім де, аудан мен облыстың баспасөз қызметі де, коммуникацияға жауапты қыруар адамы бар командасы да қыңқ етпеді.
Әлеуметтік желінің заңдылығы сол аты аталып, сын айтылса, әр жазбаға жауап беруі керек. Мемлекет басшысы айтқан "Еститін мемлекеттің" де басты қағидасы сол. Қызығы, облыс әкімі Баталовтың әлеуметтік желіде парақшалары бар. Алайда белгілеп, көтерілген мәселеге жауап жазғанын көрмейміз. Соған қарағанда парақшаны әкімнің өзі жүргізбейді. Ал парақшаға жауапты көмекшілері мәселені жеткізбейді.
Баспасөз қызметі, коммуникацияға жауапты командасы, қыруар БАҚ-ы бар әкімге мұндай көзбояушылықтың керегі не?
Нәтижесінде Алматы облысының әкімі халықты да, БАҚ-ты да естімейді. Аудандар туралы тіпті айтпай-ақ қояйық. Жоғарыдағы Кегеннің мысалы ауданның көбінде бар. Оны кезегі келгенде жазармыз.
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024