Алматы. 14 сәуір. 7kun.kz – Әр апта сайын елімізде маңызды оқиғалар болады. 7kun.kz тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. Сонымен, 10-14 сәуір қандай жаңалықтарымен есте қалды?
Дүйсенбі, 10 сәуір.
Владимир Божко депутаттардың еңбекақысы неге артқанын түсіндірді.
«Бұл шешім 4 жыл бұрын қабылданған. Басында министрліктер мен ведомстволардың ғана жалақысы көтерілді. Тек 4 жылдан кейін ғана бізді бұл тізімге қосты», – деа атап өтті Владимир Божко.
Сонымен бірге, ол мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы бірдей болуы керек екенін айтты. «Барлық саяси қызметкер бірдей айлық алуы керек. Олардың қатарында депутаттар да бар. Сондықтан бұл шешім орынды деп ойлаймын», – деді депутат.
Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды.
ҚР бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстау мерзімі 10 мамырға дейін ұзартылды.
Бұған дейін «Бәйтерек ҰБХ» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған едік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы хабарлағандай, оны бір топ адаммен алдын ала келісіп, ірі көлемде бірнеше мәрте пара алды деп айыптап, қамауға алған еді.
Қазақстанда «көлеңкелі» нарықтағы жұмысшылар саны азайғаны белгілі болды.
2016 жылы құжат бойынша тіркелмеген жұмысшылардың саны 1,6 миллион адам болған еді. Бұл соңғы 5 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Бір жылда мұндай адамдардың саны 390 мың адамға, яғни 20 пайызға қысқарған.
Ескерте кететін бір жайт жалдамалы жұмысшыларға қарағанда өз ісімен шұғылданып жүрген қазақстандықтар белсенді түрде қызметтерін заңдастыра бастаған. Олардың ішіндегі заңды тіркеуден өтпегендердің саны 296 мың адамға немесе 30 пайызға қысқарған.
Сейсенбі, 11 сәуір.
Сарапшы ауыл шаруашылығын қолдау саясаты тығырыққа тірелгенін айтты.
Алматы облыстық жергілікті қауымдастықтар қорының атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева дүкен сөрелеріндегі қымбат тауарлардан шаруаға ешқандай пайда түспейтінін жеткізді.
— Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы шаруа мен соңғы сатушы арасындағы көрінбейтін «кәсіпкерлердің» әсерінен өсіп жатыр. Мысалы, шаруа қызанақты ұзақ уақыт бойы баптай күтіп, сауда маусымында алып-сатарларға келісін 13 теңгеден өткізеді. Ол дүкен сөрелеріне жеткенше 300-400 теңге болады. Фермер одан ешқандай пайда таппайды, есесіне баға қанша есе қымбат болады, — дейді ол.
Ауыл шаруашылық өнімдері бір жылда 5,6 пайызға қымбаттады.
2017 жылдың наурыз айында өсімдік және ауыл шаруашылығы өнімдері 2016 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 1,7 пайызға қымбаттады. Ал мал шаруашылығы өнімдерінің бағасы 0,5 пайызға өсті.
Назарбаев «Ислам мемлекеті» ұйымына кіретін қазақстандықтар азаматтығынан айырылатынын айтты.
Қазақстанда тыйым салынған «Ислам мемлекеті» ұйымына кіретін қазақстандықтар азаматтығынан айырылады. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев «МИР 24» телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Сәрсенбі, 12 сәуір.
Президент латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін әзірлеуді тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың соңына дейін латын әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауды жүктеді. Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуді тапсырды.
7kun Ресей мен Қазақстан ғарышты игеруге қанша қаражат жұмсайтынын анықтады.
Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағы үшін жылына 2 миллион доллар жұмсайды. Оның ішінде Ресей жалға алатын аумаққа кірмейтін нысандардың жөндеу жұмыстары мен топырақ құнарлығын қалпына келтіру үшін «Қазғарышқа» бөлінетін 170,5 миллион теңге де бар. Одан бөлек, «Қазғарыш» Ресей аумағынан тыс объектілерді сақтап тұру үшін тағы да 100,8 миллион теңге алады.
Ресей ғарыш айлағын жалға алғаны үшін Қазақстанға 115 миллион доллар; РФ бюджетінен Байқоңыр қаласына 38,7 млн; Байқоңырдағы нысандарына жөндеу жүргізу мен инфрақұрылымын сақтау үшін 33,3 млн доллар; Байқоңыр халқын жұмыспен қамту үшін 602,1 мың доллар қаражат бөледі. Басқа да шығындарды қосқанда жылына 275 миллион доллар болады.
Ақышев жас мамандарға ұлттық банкте жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар екенін айтты.
Жаңа қызметкерлерді іздестіру бойынша келесі науқан өткізу сәуір айында жоспарланғанын еске түсіреміз, оның басталғаны туралы ақпарат Ұлттық Банктің сайтында, сондай-ақ ҚРҰБ-ның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында жарияланады.
Еске салсақ, бұған дейін, перспективалы мамандарды іздестіру мақсатында науқан өткен болатын. Оған 960 адам түйіндеме жіберіп, оның 27 жұмысқа қабылданды.
Бейсенбі, 13 сәуір.
Қазақ тілі латын қарпіне көшеді. 7күн Ресей азаматтары бұл жаңалықты қалай қабылдағанын білді.
Көрші елдің тіл мамандарынан бастап, қоғам қайраткерлеріне дейін қазақ тілінің латын қаріпіне көшетініне қатты алаңдаушылық білдіріп отыр.
Ресейдің «Ұлы отан» партиясының мүшесі Вадим Викторович Рыбин «Латиница в Казахстане: Первый гром над русским миром» атты мақала жазған. Онда қазақ тілінің латын қарпіне көшуі мен Ресейдің тіл саясаты баяндалады.
Жарайды, өз еліндегі тіл саясатын айтқысы келген екен бірақ оған біздің қатысымыз қанша? Неге «Первый гром» деп жазады? Осыған дейін бұрынғы кеңес одағының мүшелерінен қаншама мемлекет латын қарпіне көшті емес пе? Сонда Қазақстанды «Орыс әлемінің» бір бөлшегі деп санағаны ма?
Шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарға жер беруге тыйым салынады.
Жерді пайдалану жөніндегі міндеттемелер мен жауапкершілік күшейтіледі, деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев парламент мәжілісінде.
Қазақстанға зейнетақы қоры керек пе?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына еңбекке қабілетті 8,5 млн адамның 5,6 миллионы ай сайын табысының 10 пайызын беріп отырады. Олардың 80 пайызының салымдары 1 млн теңгеге жетпейді. Сарапшылар Ұлттық банк зейнетақы қорындағы 1,8 трлн теңгені «жағдайы мүшкіл банктерге» үлестіріп, халықтың қаржысын «тәуекелге тігіп отырғанын» айтады.
Жұма, 14 сәуір.
Мемлекеттік қызметкерлерге арналған сайт іске қосылды.
Мемлекеттік қызметкерлерге арналған memkyzmet.kz сайты іске қосылды. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әли Көмекбаев мәлімдеді.
Шығысқазақстандық шенеунік пара алу үстінде ұсталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Шығыс Қазақстан облыстық департаменті Индустриалдық даму және кәсіпорын қауіпсіздігі комитеті ШҚО бойынша департаментінің басшысы А.Р. Закирьяновты ұстады. Ол өнеркәсіп қауіпсіздігі саласында жобалық құжаттарға оң келісім жасағаны үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып келген.
А.Р. Закирьянов ағымдағы жылдың 12 сәуірі күні кәсіпкерден 90 мың теңге сомасындағы кезекті параны алу барысында ұсталып, Өскемен қалалық ІІД УҚО-ға қамалды.
Қытай Қазақстан арқылы Еуропаға жүк тасымалын көбейтеді.
Қытай тарапының мәліметінше 2016 жылы Еуропаға жүк тасымалдау 104,5 мың жиырма футтық эквивалентке (ЖФЭ — контейнерлік сыйымдылықтың өлшемі-ред.) жеткен.
Қытай тарапы мұны жыл сайын арттырып отырмақ. Соған сәйкес Қытай халықаралық жүк тасымалдауды дамытудың бес жылдық жоспарын түзген. Бұл бойынша Қытай 2020 жылы Еуропаға жіберілетін жүк көлемін 800 мың ЖФЭ-ге жеткізуді көздеп отыр. Бұл ретте көршілеріміз Қазақстанды басты серіктес санайды.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024