НЬЮ-ДЕЛИ – 1997 жылы әлемнің көшбасшылары бала еңбегіне тосқауыл қоюдың стратегиясын ақылдасу үшін Ослода бас қосқанда біз амбициялы мақсат қойып, мойнымызға үлкен міндеттеме алғанбыз. Ынтымақтастықты арттырып, жүйелі жоспарлау арқылы балаларды жұмысқа жегуден қорғауға, «ұлттық, аймақтық және халықаралық деңгейде бала еңбегінің алдын алуға бағытталған жаңа стратегия әзірлеуге» тырысқанбыз.
Арада жиырма жыл өтті. «Не бітірдік?» деген сұрақ қоятын кез келді.
Нәтиже нашар. Сол алғашқы кездесуден бері әлем жұмыс күші болып жүрген балалардың санын екі есе де қысқарта алмады. Соңғы бес жыл ішінде халықаралық қауымдастық еңбек ететін балалар санын тек 16 миллионға ғана қысқарта алды, бұл – соңғы онжылдықтардағы ең аз көрсеткіш. Қазір еңбек етіп жүрген 152 миллион баланың 73 миллионы қауіпті деп саналатын жұмыспен айналысады. Тіпті «қауіпсіз» деп саналатын жұмыстардың өздері ересек тартқанда олардың физикалық және психологиялық саулығына зиянын тигізеді.
Ең қиыны – Халықаралық еңбек ұйымының соңғы мәліметтеріне қарағанда, халықтың ең әлжуаз екі тобы – 5-11 жастағы балалар мен жас қыздарды қорғауда әлем мүлде алға жылжымапты.
Бұл – біз төрт бірдей дүниежүзілік жиында ештеңе үйрене алмадық деген сөз емес (ең соңғысы осы айдың басында Буэнос-Айресте өтті). Мәселе біздің өз ақылымызға құлақ аспай жүргенімізде болып тұр.
Тіпті біз құр сөзбен шектеліп жүргенде жаһандық өзгерістер бала еңбегі мен адам саудасы салаларына бұрынғыдан да қауіпті жаңалықтар әкеліп жатыр. Бұл ғасыр – ең маргиналданған топтарға күш беретін ғасыр болуы тиіс еді. Оның орнына біз жаһанданудың ең айуани түрін бастан кешіріп жатырмыз, мұнда балалар бұрынғыдан да көп жапа шегіп келеді.
Адам саудалаушылар хаос кезінде оңай олжаға кенелетіндіктен, әсіресе конфликт аймағындағы балаларға қауіп көп. Сирияда балалар жан түршіктірерлік зорлық-зомбылыққа ұшырап келгендіктен, жылдар бойы бар назар сонда ауды. Бірақ әлемде ұйымдасқан қылмыстық топтар көбейгендіктен, Азиядағы, Африкадағы, Латын Америкасы мен Еуропадағы балаларға да қауіп бар. Бұл тенденцияны тоқтату үшін қақтығыс аймағында болсын, босқындар лагерінде болсын, табиғи апат болған өңірлер болсын, балаларға қауіп төніп тұрған кез келген жерде білім мен қауіпсіздікке шұғыл да ұйымдасқан түрде инвестиция салу керек деген сөз.
Мұндай жағдайға қалай жеттік? Өзіме осы сұрақты жиі қоямын. Соңғы 37 жыл ішінде әріптестеріммен бірге Үндістанда күштеп еңбекке жегілген 87 мың баланы құлдықтан құтқардық. Қатты қорлық көргеннен сөйлей алмай қалған қыздарды да арашаладық. Жақында біз Нью-Делиде үш жылдан бері тігін фабрикасының желдеткіші жоқ жертөлесінде тәулігіне 20 сағат жұмысқа жегілген балаларды азат еттік. Балаларды уақытша оңалту орталығы – «Мукти Ашрамға» әкелгенімізде олардың жүре алмайтынын, жарық сәулеге көзін ашып қарай алмайтынын байқадық.
Жеткен жетістіктерімізді мақтан етеміз. Бірақ адамзаттың азғындағаны бізді қатты қынжылтады.
Бұл қорлаудың тамырына қалай балта шапсақ болады? Жақында аяқталған конференция сияқты жаһандық жиындардың берері көп. Бірақ тек сөзбен шектелмеу керек. Мүдделі тараптар белсенді түрде қатысқанда ғана адамзаттың басындағы үлкен проблемаларды шешуге болады.
Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер бізге үлгі бола алады. Мәселен, бір кездері полиомиелит, шешек сияқты дерттерден миллиондаған адам қырылып қалатын. Дәрігерлердің, еріктілердің, институттар мен жергілікті үкіметтердің, азаматтық қоғамның жұмыла әрекет етуінің арқасында бұл індеттер ауыздықталды. Бала еңбегіне тосқауыл қою үшін де осындай қарекет керек.
Ең алдымен бала еңбегін пайдаланатын ауыл шаруашылығы саласын нысанаға алған жөн. Қатаң заңдық тұғыр қалыптастырумен қоса өнім жеткізу салаасында бала еңбегінің пайдаланылмайтынына кепілдік беретін жауаптылық механизмдері қалыптасуы қажет. Меніңше, дұрыс ынталандыру болған жағдайда өнім өндірушілер мен тұтынушылар бала еңбегін тоқтатуда әріптес бола алады.
Оңтүстік Азиядағы бала еңбегін аяусыз пайдаланатын сала – кілем өндірісіндегі ынтымақтастық жақсы үлгі бола алады. Өзгеріске қол жеткізу үшін біз Батыстағы тұтынушылардың сауатын ашатын қозғалыстар құрдық, олар сол арқылы кілем фабрикаларын жауапты болуға көндіре бастады. Соның арқасында біз өнімді өндіруге бала еңбегі пайдаланылмағанын айғақтайтын GoodWeave белгісін жасап шығардық. Осы белгі ойлап табылған жиырма жылдың ішінде кілем өндірісінде жұмысқа жегілген балалар саны шамамен бір миллионнан 200 мыңға дейін азайды.
Мұндай бағдарламалар өте пайдалы, бірақ БҰҰ бастаған халықаралық қауымдастық үлкен іске ұйытқы болуы керек. Бала еңбегі, сауатсыздық және кедейліктің шырғалаң шеңберінен шығу үшін Тұрақты даму мақсаттарының балаларға тікелей қатысы бар тұстарында үкіметаралық ұйымдар жұмыла әрекет етуі тиіс. Бұлардың қатарында күштеп еңбекке жегуді, құлдықты, адам саудасын және бала еңбегін жоюды көздейтін Сегізінші мақсат, барша халыққа білім беруді көздейтін Төртінші мақсат, барлық адамдардың денсаулық сақтау қызметіне қол жеткізуін көздейтін Үшінші мақсат, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түріне тосқауыл қоюды көздейтін Он алтыншы мақсат бар.
Жетістікке жету үшін БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутьеррес балалардың өмірін жақсартуға көбірек ресурс бөлуге күш салуы керек. Ол алғашқы әрекетті БҰҰ агенттіктерінің және халықаралық ұйымдар басшыларының және әлем көшбасшыларының басын қосқан жиыннан бастағаны жөн. Сол жиында әлемнің барлық түкпіріндегі балаларды қорғайтын жоспарлы да үйлесімді әрекеттер тізімі бекітілуі керек.
Бірақ тек саяси ерік-жігер ғана еңбекке жегілген балалар санын азайта алады. Әр баланың бостандығы мен қауіпсіздігін, білім алуын қамтамасыз етпейінше біз бейбіт те тұрақты әлемді қалыптастыра алмаймыз. Қара жұмыс жас өскіндерді осы үшеуінен де айырып отыр.
Болашаққа ой жібергенде Бразилияда кезіктірген талдырмаш қыз көз алдыма келеді. Оның нәзік қолдары апельсин аршығаннан қатты жараланып, қанталап кеткен еді. Ол маған: «Мен сияқты балалардың қаны араласып жатқан шырынды адамдар қалай сүйсініп ішеді?» деп өте қарапайым сұрақ қойды. Бұл сауалдың жауабын таба алмадым.
Бұл сұрақты әрқайсымыз өзімізге қоюымыз керек.
Автор туралы: Кайлаш Сатьяртхи – Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, «Бала еңбегіне қарсы ғаламдық марш» ұйымының құрметті президенті, Bachpan Bachao Andolan (Балалық шақты қорғау) қозғалысының негізін қалаушы.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024