11 ақпан күні Ақордада Елбасының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста осы жылға және орта мерзімді болашаққа арналған экономикалық саясаттың нақты шаралары айқындалды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазіргі уақытта елге жаңа жағдайға бейімделу керек болатынын, ол үшін экономикалық және заңнамалық сипаттағы жедел шаралар қажет екенін атап айтты.
Отырыс барысында мемлекет басшысы көптеген мәселелерге қатысты көзқарасын білдіріп, нақты тапсырмалар беруге көңіл бөлді.
Үкімет отырысы елімізде алғаш рет өтіп отырған жоқ. Десе де бұл күн алдын-ала назарға ілініп, көпшілік асыға күтті. Қазіргі қалыптасқан экономикалық жағдайлар мен әлемдегі саяси ахуалдың себебі түсіндірілер орта ретінде отырыс барысы БАҚ арқылы да бақыланды.
Отырысқа журналистердің барлығы дерлік қатысты. Шектеу болған жоқ. Әдеттегідей емес, осы жылғы жиналыс қатқыл түрде өткен іспетті. Елбасы елдегі барлық жағдайларды назарға ала отырып, басшылардан жеке-жеке мәлімдеме талап етті.
«Нұрлы жол» бағдарламасы – дағдарысқа қарсы шара
Алғашқы сөзінен-ақ Президент дағдарысты ауызға алды. «Тағы да айтқым келеді, біздің қазақстандық экономикада айтарлықтай дағдарыс жоқ. Ғаламдық дағдарыс – ол сыртқы фактор. Бірінші жағымсыз фактор — мұнайдың екі есе арзандауы: маусымда – 100-ден жоғары (мұнай баррелінің бағасы — Авт.), қазір — 50-ден төмен. Негізгі экспорттық тауарлар — металл, тыңайтқыштар және тағы да басқалардың бағасы төмендеп жатыр. Екінші маңызды фактор — экономикалық дағдарыс, Ресей рублінің құнсыздануы, Ресейдегі рецессия. Экономикалық әріптестік және даму ұйымы елдерінде 43 миллион жұмыссыз бар, 850 миллионнан астам адам аштықта. Еуроаймақта жұмыссыздық деңгейі — 11,5 пайыз. Жалпы әлемдік жағдай, ал біз сол әлемнің бөлшегіміз және бұл бізге әсер етпей қоймайды. Міне, біз әсерін сезіп отырмыз»-деді Н.Әбішұлы. Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасының дағдарысқа қарсы бірден-бір шара екенін және ол елде жаңа жұмыс орындарының пайда болуына көмектесетінін айтты. Дәл осы бағдарламаға барлық мәлімдеме жасаушылар үлкен мән берді.
Алғашқылардың бірі болып мінбеге шыққан ҚР вице-премьері Бақытжан Сағынтаев ел халқы елбасына осы бағдарлама үшін рахмет айтатынын жеткізді. Президенттің жоғарыда келтірген пікіріне орай вице-премьер: «Бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасының биылға жоспарланған барлық көліктік-логистикалық және инфрақұрылымдық жобалары басталу сәтіне дайын. Атап айтқанда, бұл жобалар еш кідіріссіз іске қосылатын болады. ТКШ саласында 86 жоба іріктелініп алынды. Бюджеттік несиелер өңірлерге наурызда бөлінеді. Сәуірде жүзеге асыру шаралары басталады»,-деді.
Жұмыс орындарын сақтап қалу
Елбасы кезекті сөзінде барлық ірі кәсіпорындардан жұмыс орнын сақтап қалуды сұрады.
«Ең бастысы, әсіресе, Соколов-Сарыбай, Кармет сынды ірі кәсіпорындар жұмысшы адам үшін жұмыс орнын сақтауы керек. Мен мұны бұрынғы жұмысшы ретінде айтып отырмын. Егер ол өз еркімен жұмыстан кетсе мәселе жоқ. Ал, егер мәжбүрлі өндіріс көлемін төмендететін болсаңыздар, жұмысшылардың орнын сақтап қалыңыздар. Бұл адам үшін, оның отбасы үшін айрықша маңызды»-деді Елбасы.
Бұған қоса отырыста жұмыспен қамту мәселесі бойынша: «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша ауырлық ортасы өңірлерге көшірілді. Осыған байланысты 15 ақпанға дейін халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өңірлік кешенді жоспары бекітіледі», — деген болатын Б.Сапарбаев. Оның айтуынша, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға қатысты қосымша шаралар қолданған жөн, олардың саны 1,2 млн адамды құрап отыр. «Бұдан өзге, қолданылып жатқан шаралардан бөлек әлем экономикасындағы жағымсыз жағдайды ескергенде сарапшылардың бағалауынша, 120 мың адамға дейін жұмысшы босатылуы мүмкін», — деп толықтырды вице-премьер.
Ел Президентінің осы тапсырмасына орай, кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова «Жұмыспен қамту» бағдарламасына 461 мыңнан астам азамат тартылғанын мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы, қол қойылған меморандумдардың саны 19 мыңнан асып отыр. Жергілікті әкімдіктер, кәсіпорындар және кәсіподақ ұйымдары рәсімдеген меморандумдарда негізінен жұмыс істеп жүрген азаматтардың қызмет орнын қыспартпау мәселесі қаралды. 19 мыңнан астам меморандумда 1 миллионнан астам жұмыс орнын сақтау көзделген», - деді Т.Дүйсенова.
«Елбасы көтерген тағы бір үлкен мәселе - «Жұмыспен қамту» бағдарламасын одан ары жалғастыру. 2011 жылдан бастап үш жарым жылдың ішінде біздің бағдарламаға 461 мыңнан астам азамат қатысып, жұмысқа тұрғызылды, оқытылды, шағын несиелер алып жатыр. Сонымен қатар бір елді мекеннен екінші елді мекенге көшіріліп сол жерде жұмыспен қамтамасыз етілді», - деді министр.
Сонымен қатар министр аталған бағдарлама аясында азаматтар бес жылға үш миллион теңгеге дейін несие ала алатынын айтты. Оларға мемлекеттік органдар тарабынан салық инспекциясымен, банктермен қалай жұмыс істеу керектігін де үйретеді.
«Осы жылдар ішінде біз 28 мың Қазақстан азаматына несие бердік. Осы азаматтар бүгінде қосымша несие ала отырып ауыл тұрғындары үшін қосымша 20 мың жаңа жұмыс орнын ашты», - деді Т.Дүйсенова.
Ұлттық валютаны қолдау
Сондай-ақ мемлекет басшысы ұлттық компанияларға ұлттық валютаны қолдау туралы өтініш білдірген болатын: «Самұрық - Қазына» ұлттық әл ауқат қоры мен ұлттық компания басшыларына айтарым: сіздердегі қаражатты айырбастау арқылы қазақстандық валютаны қолдау керек. Бұл-қажеттіліктен туындап отыр. Теңге үшін өте маңызды болмақ. Барлық ұлттық компанияларға айтып тұрмын. Қазақстан қолдан келгенше теңге курсының күрт төмендеуіне жол бермеуге тырысады. Сіздердің де талаптарыңызбен санасамыз. Бірақ, дәл қазір осы жұмысты бітіруіміз керек». Бұл өтінішке Ө.Шүкеев «Иа» деп жауап берді.
Бір күннен соң ҚР Ұлттық банкi төрағасы Қайрат Келiмбетов Қазақстан экономикасын долларсыздандырудың бiрлескен жоспары келесi аптада бекітілетінен хабарлады. «Мемлекет басшысы алдымызға қойып отырған мiндеттердiң бiрi – бiздiң экономикамызды долларсыздандыру. Бiз бүгiнгi күнi бұған қатысты жұмысты аяқтап қалдық. Келесi аптаның басында Үкiметпен экономиканы долларсыздандырудың бiрлескен жоспарын бекiтудi көздеп отырмыз», — дедi Келiмбетов ҚР Президентi жанындағы ОКҚ брифингi барысында.
Қ.Келімбетов:«Ұлттық валюта теңге құн өлшемі, төлем өлшемі ретінде лайықты орын алуы тиіс. Ол үшін бірнеше бағытта шаралар әзірленеді. Біріншіден, жылдық инфляцияны кезең-кезеңмен төмендету бойынша іс-шаралар әзірлеу арқылы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, 2020 жылға қарай инфляцияны 3-4% дейін төмендетеміз деп болжап отырмыз».
Бюджетті қысқарту: мектептегі түскі ас
Алдын-ала жоспарланған баяндамалар аяқталған соң Елбасы тілек білдіргендерге сөз кезегін ұсынды. Алайда, ешкім алға шыға қойған жоқ.
Он минуттық үзілістен соң Елбасы: «Басқарудың барлық буындары, Президент Әкімшілігінен аудандық әкімдіктерге дейін, барлық министрліктер, ұлттық компаниялар шығындарды қысқарту мүмкіндігін қарастыруы қажет. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысы мемлекеттің қаржысын таныстарының, достары мен туыстарының фирмаларына үлестіретін бизнеске айналмауға тиіс. Қазір ел азаматтары атқарушы биліктен нақты және тиімді жұмыс күтіп отыр. Үкіметтің әрбір мүшесінің, әрбір әкімнің міндеті – білек сыбанып жұмыс істеу. Сіздер үшін сын сағаты туды. Қаржыны игеру, жұмыс орындарын ашу талап етіледі, олай болмаған жағдайда, орынды босатқан жөн»-деді.
«Басталған жобаларды аяғына дейін жеткізіп, жаңа бастамаларды, ұсыныстарды жағдай жақсарғанға дейін шегере тұрамыз. Бұл барлық мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты. Үкіметке 2015 жылға арналған республикалық бюджетті 700 миллиард теңгеге немесе шығыстардың жалпы көлемінің 10 пайызына дейін қысқартуды тапсырамын. Бұл ретте мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері еш өзгеріссіз қалуы тиіс. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының және аудандардың әкімдері де қатаң бюджет саясатын жүргізуі керек».
Осы ұсынысқа орай: «Самұрық-Қазына» АҚ шығыстары 337 миллиард теңгеге немесе 7 пайызға дерлік, соның ішінде әкімшілік шығыстары 64 миллиард теңгеге, «Самұрық-Қазына» тобының күрделі шығыстары 240 миллиард теңгеге немесе 18 пайызға қысқарады. «Бәйтерек» холдингі әкімшілік сипаттағы шығыстарын және күрделі (негізгі) салымдарын 3,8 миллиард теңгеге немесе 11,8 пайызға оңтайландыруы тиіс. «ҚазАгро» холдингіндегі қысқарту 196 миллион теңге немесе 12 пайыз болады деп күтіліп отыр. Осының бәрі қадағаланады, қатаң сұрауы болады. Жалпы, Үкіметтің баяндамасына сәйкес, министрліктердің, ведомстволардың, холдингтер мен жергілікті атқару органдарының үнемдеуінен 4 миллиард доллар құралады»-деп атап өтті Президент.
Ал, кеше ғана ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарақұсова осы мәселеге орай мәлімдеме жасап, ҚР Парламенті ағымдағы жылы өз шығындарын 15,2 пайызға азайтатынын айтты: «Кеше Елбасы республикалық бюджет шығыстарын 700 млрд. теңгеге қысқарту туралы тапсырма берді. Келесі аптада бюджет Парламентте қаралады, сол кезде нақты шығыс көлемі белгілі болады», — деді ол.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Перепечина: "Макроэкономиканың түзетілген базалық көрсеткіштеріне сәйкес, бекітілген бюджеттің табыс бөлігін қысқартумен қатар кіріс бөлігін түзету де жоспарланып отыр. Мәселен, республикалық бюджет кірісі 900 млрд. теңгеден астам сомаға кемітілуі мүмкін".
Қаржыны үнемдеу мақсатында Елбасы әрбір ата-ана өз баласына қаржы төлеу керек екенін айтты. «Ата-аналар өзінің баласын тамақпен қамти алмай ма? Бәріміз де оқыдық, сол тоқаш пен айранды қалтамыздағы ақшаға сатып алатынбыз. Білім, ұстаз, кітап, мектеп мұның бәрін мемлекет өз мойнына алып отыр. Бірақ, оқушыны тамақтандыруға ата-аналар өздері шығындалсын. Бұл жерде де ойланып істеу керек, айтты екен деп толық кесіп тастамаңдар. Әркім өз баласын күтіп ұстауы үшін ақша төлеуі керек. Қазір коммуналдық қызмет ақысының жартысын әкімшілік өз мойнына алады, жартысын – мемлекет, жартысын – өзі төлейді. Мемлекет бір балаға 15 мың теңге беріп келе ме? Адамдар бәріне өздері төлеуі қажет»-деді ол.
Ал, кеше Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведмоство басшысы Аслан Сәрінжіпов бұл дауға нүкте қойды.
Министрдің айтуынша, еліміздегі бастауыш сынып оқушыларының 30 пайызы жергілікті бюджет есебінен тегін түскі аспен қамтылған. «Бұл шара барлық әлеуметтік топтағы оқушыларға бағытталғандықтан, тегін тамақтандыру жалғаса береді», - деді министр. Сонымен қатар мемлекеттік гранттарды бөлудің жаңа үлгісі әзірленбек. Ол бойынша студенттердің білім деңгейі ғана емес, әлеуметтік жағдайы да ескерілмек. Сондай-ақ сала басшысы еңбек күші жеткіліксіз өңірлердегі оқу орындарына бөлінетін гранттар саны 2,5 есеге көбейтілетінін жеткізді. Жиында 12 жылдық білім беруге көшу жайы да сөз болды. «Бұған көшу 11 жылдық білімге 1 жылдық мектепалды дайындық арқылы іске асырылады», -деді Аслан Сәрінжіпов.
Шенеуніктерге реніш
Отырыс барысында жұмыс нәтижелерін қатаң талап еткен Президент, кейбір шенеуніктерден көңілі қалғандығын да жасырмады. Тіпті, залда отырған шекпенділерге қарап: «Қазіргі таңда менің үлкен өкінішіме орай үш облыс әкіміне қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Министрліктер мен ведомства басшылары да қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Сіздердің ешқайсысыңыз олардың қатарын толықтырғысы келмейтін шығар?!»-деп әзілдеді. «Өкініштісі сол, адамдарды ұзақ жылдар әртүрлі қызметке дайындайсың, төзесің, әлпештейсің, асырайсың. Топ жинап жатырмыз дейді, кейін сол топ Атырау облысындағы сияқты тонаушылар тобына айнылып кетеді»-деді Н.Назарбаев.
Бұл тақырыпты қозғамай өтуге болмас еді.Себебі 2014 жылы тек Астана қаласының өзінде лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-қимылдарына қатысты жемқорлық бойынша 95 қылмыстық іс қозғалған.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Дулат Әзбергенов:«Егерде өткен жылы Астанада заңсыз іс-қимылдар фактісі бойынша лауазымды тұлғаларға қатысты 95 жемқорлық қылмыстық істер қозғалса, ал 2015 жылдың бір айында шенеуніктерге шағымданған азаматтардан 164 арыз түсті».
Өзінің басшылыққа көңіл толмастығын айтумен қатар Президент мемлекеттік қызметкерлерге «қызмет» деген ұғымның мәнін де түсіндіре кетті. «Мемлекеттік қызмет. Қызмет?! Кімге? Халыққа қызмет! Адамның өзіне және оның қажеттіліктеріне деген ең кішкентай сұранасы, тіпті бізге және бәріне ең қарапайым болып көрінетіні...Адамдары қабылдау, оларды тыңдау, кезекте тұрып қалмас үшін кабинеттерге сандалтып қоймай, сол кішігірім сұрақтарды шешу – міне,осы мемлекеттік қызмет».
Ел алдындағы парыз бен міндетті қайталап айтып қоюдың артықшылығы жоқ,әрине...
Отандық кәсіпкерлерді қолдау
Ал, Ресейдегі экономикалық жағдайларға қатысты мемлекет басшысы мынадай мәлімдеме жасады: «Мұның Еуразиялық экономикалық одақпен еш байланысы жоқ. Біз бір бөлшегі болып саналатын әлемдік нарықтық экономикада мұндай ауытқулар болып тұрады. Бұл уақытша жағдай, оның шешімі табылады. Ресейде сұраныстың азаюы – Қазақстан экспортын әртараптандыру жұмысын күшейтуге ынталандырады. Сонымен қатар, арзандаған энергия ресурстары, құрамдас және қосалқы бөлшектер – өзге секторлар үшін игілік болып саналады. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін осы мүмкіндікті пайдалану керек».
«Бұл жағдайда Қазақстандықтар да пайдаға кенелді.Арзан көлік пен техника сатып алды. Егер халық разы болса, онда біз де разымыз» -деп елдің қуанышына да ортақтасты.
Кәсіпкерлер мәселесін ауызға ала отырып, көпшілікті отандық өндірушілерді қолдауға шақырды. «Қанекей, елімізде «Қазақстанда жасалған» акциясын қолға алайық. Барлық сауда жүйелерінде біздің тауарларымыз пайда болсын»,- деп ұсыныс білдірді Елбасы.
Осыған орай, Елбасының сөзін құптаған Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Қарағанды супермаркеттерінің бірінде болып, отандық өнімдердің түр-түрімен танысты деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен сөрелердегі біздің, қазақстандық, қарағандылық өнімдрдің қаншалықты екенін көру мақсатында келдім. Бізде жергілікті өндірістің барлық базалық өнімдері - сүт өнімдері, шұжық, ет өнімдері, кәмпит және басқалары бар екенін атап өткен жөн», - деді Н.Әбдібеков журналистерге берген сұхбатында.
Агенттіктің хабарлауынша, облыс әкімі бірқатар өнімдерді саудалапты. Әкімнің себетін отандық тауарлар ғана: картоп, шұжық, бір қорап ұн, сүт сусындары, кәмпит, түшпара орамы және бөлке-нан толтырды. Н.Әбдібеков акцияның бастамасы ретінде 3800 теңгеге сауда жасады.
Щучье қазандық-механикалық зауытының директоры Марат Ахметов (Егемен Қазақстан): «Мемлекет басшысы уақыт талабындағы мәселелерді нақты түрде талдап көрсетіп, үйлесімді әрі шұғыл істерге кірісуімізді тапсырды.Әсіресе, қазіргі күрделі жағдайда, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, отандық тауар өндірушілерді барынша қолдау қажеттілігі алға қойылды. Оның нақты жолдары да атап көрсетілді. Қазақстандық үлесті молайтуда оң тәжірибелерді жаңғырту, өзара тиімді меморандумдар қабылдау көзделген бетбұрысқа жол ашпақ. «Қазақстанда жасалған» акциясының бастау алатыны жергілікті тауар өндірушілерді қолдаумен қатар жалпықазақстандық патриотизмге жаңа екпін бермек. Бұл өнім шығаруда толық қазақстандық үлесті қамтамасыз етіп отырған зауытымыздың серпіле жұмыс істеуін, технологиялық жағынан үнемі жетілдірілу үстіндегі қазандықтарымыздың қолжетімділігін қамтамасыз етеді".
Отырыстың соңына қарай қатысушыларға қарап, «Ешқандай реакция көріп тұрғам жоқ»-деді зілді дауыспен сөзін жалғаған Елбасы көзқарасы көпшілікке әсер еткен болуы керек. Сол күні үкімет отырысынан кейін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Үкіметтің жедел отырысын өткізіп, онда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент алға қойған міндеттерді жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар беріп те үлгерді.
Елімізде бұл қиындықтан шығу үшін барлық жағдай бар екенін атап өткен Президент сөзі аяқсыз қалмауға тиіс. Екі күннің ішінде ел билігі өкілдері түрлі мәселені қолға ала бастады. Алдағы уақытта дәл осындай жылдамдықпен қозғалатын болсақ, дағдарысты да өтетінімізге сенім бар.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024