ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Алматы облысына жұмыс сапары барысында Кеген ауданына барды. сапары Саты шекара бөлімшесі мен Ақай Нүсіпбеков ауылындағы Рабат шекара бөлімшесінің жағдайымен танысудан басталды.
Аталған әскери нысандардың жағдайы көңіл көншітпейді. Шекарашылардың сөзінше, Саты ауылындағы бөлімше ғимараты 2001 жылға дейін монша, ал Рабат бөлімшесінің ғимараты бұрынғы бала-бақша болған көрінеді. Мәжіліс депутаты бөлімшелердің жағдайымен толықтай танысып, бұл мәселені шешу жолында Үкіметке ұсыныс жолдайтындығын айтты.
Сапар 5081 тұрғыны бар Жалаңаш ауылының азаматтарымен кездесумен жалғасты. Жиында ауыл жұртшылығы көтерген мәселе аз болмады. Ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әріп Сыбанбаев ауылшаруашылық саласындағы бірқатар өзекті мәселерді, атап айтқанда, егістік жерлерге судың жетіспеуі, оларға инвесторлар тарту және техниканың ескілігі, жүн-тері кооперативін ашу мен бұрын ауылда болған, бірақ кейіннен жабылып қалған перзентхананы қайта ашу ұсынын көтерді.
Құрметті ақсақалдың сөзін ауыл азаматы Мейірбек Тұрлықожаев та қостап, перзентхана ашылумен қатар, оған ауылдан шыққан акушер-гинеколог Зағипа Мәдиеваның атын беру ұсынын айтты.
Сонымен қатар, кездесуде ауыл тұрғыны Бақытгүл Ұзақова ауылдағы оқу- өндірістік комбинатының жабылу алдында тұрғанын, бұған жол бермеу керегін айтты.
Ал өзге тұрғындар ауылға спорт кешені мен мобильді мектеп салу, газ тарту, электр энергиясының бағасын төмендету, жұмыссыздықты тоқтату және жұмыс штаттарын көбейту мәселелерін көтерді. Мәжіліс депутаты аталған өтініштердің жерде қалмайтындығын айтып, оларды облыстық немесе республикалық деңгейде шешілуіне септесетіндігін жеткізді.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Жалаулы ауылының орта мектебінде көпбалалы аналармен де кездесті. Жиында аналар тарапынан: зейнет жасын төмендету, штаттық мөлшерлемені және көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақыны арттыру және ауылға мәдени ошақтар ашу мәселелері көтерілді. 1200-ге жуық тұрғыны бар Жалаулы ауылында мектептен басқа бірде-бір мәдени нысан жоқ.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының сапары аудан орталығы Кеген ауылында қоғамдық қабылдау өткізумен жалғасты. Мұнда да азаматтар өздерін мазалаған мәселелерді депутатқа айтып, оларды шешу жолында қолғабыс жасауын өтінді. Мәселен, Бәтіш Мырзаханова зейнет жасын қысқарту, Айгүл Бектенова Өжек Жаңабаев атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу және атаулы әлеуметтік көмек(АӘК) сомасын ұлғайту, Әділет Шүкен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалға беріліп жатқан үйлерді жекеменшікке беру секілді бірақатар мәселелер айтылды.
Кегенге жұмыс сапарының соңында, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Жанарбек Әшімжан аудан жастарымен кездесті. Жалындаған жастар депутатқа көкейлерін мазалаған сауалдарын қойып, жұмыссыздықты жою, халық пен мемлекет арасын жақындату, әдеби орта құру, жастар ресурстық орталығын ашу секілді мәселерді айтты. Өз тарапынан Мәжіліс депутаты жастардың дамуын қарастыру жолында аянып қалмайтындығын жеткізді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024