Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Еңбекшіқазақтағы «КамАЗ шоу»

Еңбекшіқазақтағы «КамАЗ шоу»
Бүгін редакциямызға Еңбекшіқазақ ауданынан Ускибаев Қани Серікұлы есімді азамат келді. Мүгедек әкесі мен бес баланы адал еңбегімен асырап отырған азамат «ауылдасым» ақымды жеп, сот әділ шешім шығармады», деп күйінеді. Түсінікті болу үшін басынан баяндайық. Қани Серікұлынының айтуына қарағанда 2016 жылы Еңбекшіқазақ ауданының Моловодное ауылында тұратын Тимур Жұматаев есімді азамат пен оның әкесі Бертайдан  «КамАЗ» көлігін сатып алған. Жүк көлігінің құнын екі жақ 4,5 миллион теңгеге бағалап, қолхат арқылы оның 1,5 миллион теңгесін қолма-қол санап беріпті. Қалғанын бөліп төлеуге келіскен. КамАЗ Тимурдың атында болғанымен келісімнің басында оның әкесі Бертай жүргенге ұқсайды. Көлікті сатқаннан кейін Қаниға «Менің қол астымда жұмыс істе, қалған ақшаны айлығыңнан беріп отырасың» деген қамқорлық та танытыпты. Бірақ бір ай өткен соң «кейін есептесеміз» деп айлығын беруден бас тартқан. «Көліктің жанармайы бар,  маған қарап отырған отбасым бар, көліктің ақысын төлеуім керек, табыс таппауға болмайды. Бірақ, күнім түсіп тұрған соң, оған да көндім. Бірақ бұл құқайдың басы екен, кейін «КамАЗ баламның көлігі еді, арзан бердің деп ренжіп жатыр, бағасын 5 миллион теңгеге өсіремін қыламын» деп шарт қойды. 1,5 миллион теңгені беріп қойғандықтан, «оны қайтып ала алмаймын, амал жоқ оған да келістім». Сөйтіп көліктің құны тағы өсті. Бұдан кейін «ай сайын 600 мың теңгеден төле, төлемесең КамАЗ -ды қойып қой» деп тағы шарт қойды, ай сайынғы бағаны әу бастағы  келіскеннен өсіріп төлеуге мәжбүр болдым.  Қағаздары бәрі бар, қолхат та бар. Бірақ соған қарамастан ол қалайда көлікті бермеудің амалына көшті»,- дейді Қани. Кейін кейіпкеріміз әу бастағы келісім өзгере берген соң желтоқсанның 1 күні толық ақшасын төлеп, көлікті өз атына аударып алмақ болыпты. Алайда көлікті сатқан жақ белгісіз себеппен бұған көнбеген. «Оны білетін «Моловодныйдағылар» (елді-мекеннің атауы – ред.) есептен шығармайды, көлік жоқ саған деп ескерткен. Айтса айтқандай «сен маған қазір ақшаның жартысын бер есептен кейін шығарамыз» деп құйтырқыланды. «Мен бірақ шығарыңыз, ақшаны толық беремін. Ертең барайық. Есептен шығарайық» дедім. Сөйтсем «сен бала менімен ойнап жүрсің ба деп телефонды қоя салды. Бір апта болмай үйіне бардым, - дейді Қани.Тимур (Бертайдың баласы – ред.)  шығып сөйлесті, мен ештеңе білмеймін, әкеме хабарлас деді. Бірақ әкесі телефонды алмады. Осы оқиғадан соң бес күн өтпестен сотқа шақырту келген. Қанидің айтуынша, арызды Бертайдың емес, Тимурдың атынан жазыпты. Арызда «Настоящее время я узнал, мой Камаз у ответчика, не возвращает», - деп жазған. «Келісім жасап, бастапқы сомасы мен ай сайын келіскен төлемді алып отырып, тіпті келіскен мерзімнен бұрын толық сомасын төлейін деп отырған адамның үстінен арыз жазғанын түк түсінбедім. Қылмыскер емеспін ғой»,- дейді Қани. 2016 жылы 25 желтоқсанда болған сот отырысы орыс тілінде жүргізілгендіктен, кейіпкеріміз өз құқығын дұрыс қорғай алмағанын айтады. Ол көрсеткен куәгерлерді судья сотқа шақырмаған және дәлелдерді қарамаған. Амалы таусылған азамат бір ай өткен соң КамАЗ -ды сатқандардың үстінен қарсы арыз жазыпты. «Арызды жазардың алдында Бертайға барып, сөйлесіп едім, бұрынғы соманың үстіне 2000 доллар қоссаң, генеральный доверенность (сенімхат – ред.) берем өзің шығарып аласың дейді. Ал «КАМАЗ-ды» арестке қойып тастапты, оны генеральныймен де (сенімхат туралы айтылған – ред.)  шығара алмаймыз, деп мені тағы біраз айналдырғысы келіп тұр», - дейді Қани. Көлік аламын деп бәлеге қалдым деген азамат, «Бертайдың үстінен жазған арызым да аяқсыз қалады-ау, өйткені оның атында ешқандай мүлік жоқ болғандықтан, сот шешім шығарып берсе де, айына 2000-3000 теңге төлеп адал еңбекпен тапқан ақшамды алуым созылып кетеді-ау», деп уайымдайды. Бастапқыда бөліп төлеуге алған КамАЗ-ды толық сатып алайын ақшасын ал дегенге де, не көлікті алып, ақшаны толық қайтар дегенге де көнбей тұрғандардың ойы бізге да түсініксіз көрінді. Көлік те жоқ, ақша да жоқ демек пе? Алаяқтар ғана әдетте осылай істейтін. Пікіріміз біржақты болмасын деп, мәселенің мән-жайын білу үшін  Бертай мен оның ұлы Тимур Жұматаевтың ұялы телефонына хабарласқан еді. Бірақ Бертай есімді азамат тұтқаны көтермеді. Ал Тимур есімді азамат бізді тыңдап болғаннан кейін «Сізді түсінбедім. Кейінірек хабарласыңыз», - деп тұтқаны қоя салды. Кейіннен қанша хабарлассақ та, жауап бермеді. Енді Қанидың қарсы арызы бойынша 13 сәуір күні Талдықорғанда сот отырысы өтпек. «Бұл сотта да менің пайдама шешілмейтін сияқты. Еңбекшіқазақ аудандық сотындағы  отырыстан кейін сенім жоқ. Бар үмітім Талдықорғандағы сотта. Адал еңбекпен тапқан ақшам желге ұшпаса екен. Бейбіт күнде өз қазағымның алдап, арам жолмен ақша тапқысы келіп тұрғаны қапаландырады»,- дейді күйінген азамат.

Похожие материалы