БОГОТА – Латын Америкасы, соның ішінде әсіресе Оңтүстік Америка жылдар бойы дағдарыста. Дегенмен шетелдік капитал, соның ішінде тікелей және қаржылық инвестиция аймаққа әлі де ағылып жатыр. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай.
Бұрындары қаржы ағындарының кенет тоқтауы Латын Америкасы мен басқа да дамушы елдердегі дағдарыстың ең басты белгісі болатын. 1980-жылдардағы Латын Америкасындағы қарыз дағдарысы инвестицияны сегіз жылға тоқтатты. 1997 жылдың ортасында Азияда басталған қаржы дағдарысы кейіннен дамушы елдерге жайылып, алты жылдық үзіліс әкелді. 1930-жылдардағы «ұлы депрессиядан» болған үзіліс ондаған жылға созылған.
Бұл динамика өзгеріп жатыр. 2008 жылы АҚШ-тағы Lehman Brothers инвестициялық банкі күйреген соң капитал ағыны шамамен тек бір жылға тоқтады. Алғашқы соққының қатты болғанына қарамастан, капитал ағыны мен тәуекел шегі 2009 жылға қарай қалпына келді, Латын Америкасында облигацияларды қаржыландыру қайта жанданып, артынша 2008 жылдың қарсаңындағы көрсеткіштен үш есе асты.
Одан кейінгі соққылар қаржы ағынына онша көп әсер ете қоймады. 2013 жылы АҚШ Федералдық резерві облигацияларды сатып алу бағдарламасын тоқтата бастады, сөйтіп шикізат бағасы 2014 жылдың ортасында құлдырады. 2015 жылдың соңы мен 2016 жылдың басындағы Қытайдағы жағдай қаржы нарықтарын түгел шарпыды. Кейіннен Дональд Трамп АҚШ-тың президенті болып сайланып, АҚШ Федералдық резерві пайыздық мөлшерлермені екі рет өсірді.
Алайда, 2015 жылдың екінші жартысындағы соққылардан болған облигацияларды қаржыландырудағы үзіліс бар-жоғы алты айға созылды. Латын Америкасындағы тәуекелді арттырған 2014 жылғы шикізат бағасының құлдырауы тек 1,5 пайыздық пункт болды, бұл Lehman Brothers әсерінің тек үштен бірін құрады.
Федералдық резервтің пайыздық мөлшерлемені екі рет көтеруі тәуекелдің шегіне және қаржы ағындарына айтарлықтай әсер ете қоймады, дегенмен жоғары мөлшерлемелер Латын Америкасына да берілді. Трамптың сайлануы Латын Америкасындағы тәуекел шегін бір пайыздық пунктке ғана көтерді, бірақ мұның өзі жылдың соңына қарай жойылды.
Бұған қоса Латын Америкасының Венесуэладан басқа барлық елдері сыртқы жекеменшік қаржыға қолжетімділікті сақтап қалды. Өткен жылғы қаржы дағдарысының ең қиын кезеңінде де Бразилияның капитал нарығына жолы ашық болған. Өткен жылғы сәуірде Аргентина қарызды қайтаруды кейінгі қалдыру мәселесі бойынша «пролонгатор-кредиторлармен» шаруаны реттеп, Латын Америкасы тарихындағы ең ірі мөлшердегі облигациясын шығарды. Эквадор да бірнеше облигацияларын шығарды. 2017 жылдың бірінші тоқсанында Латын Америкасында облигация көлемі жылдық мөлшермен алғанда 53 пайыз болды, және ол өте арзан бағамен сатылды.
Тіпті Трамптың протекционистік риторикасының басты нысанасына айналған Мексиканың өзі сыртқы қаржыландырудағы кері әсерді сезген жоқ. Трамптың сайлануы Мексика песосын біршама құнсыздандырғанымен, кейіннен ол сайлауға дейінгі деңгейге қайтып оралды.
Бұл сыртқы қаржыландырудың кілт тоқтауы, капитал ағысының кері бұрылуы сияқты құбылыстардың заманы өтті деген сөз бе?
Олай емес. Латын Америкасының қаржылық үзілістерге жол бермеуіне екі фактор әсер еткен. Оның бірі – аймақтық фактор. Латын Америкасы елдерінің қарыз мөлшері 2003 жылдан 2008 жылға дейінгі аралықта күрт азайды. Осы аралықтағы шикізат өндірісінің қарқынды дамуының арқасында валюта резервтерінің көлемі артты, соның арқасында резервтерді қоспағандағы сыртқы қарыз көлемі ЖІӨ-нің 30 пайызынан 6 пайызы деңгейіне дейін төмендеді.
Екіншісі – ғаламдық фактор. Қаржы дағдарысынан кейін дамыған елдердегі пайыздық мөлшерлемелер төмендеп, олар инвесторларды тарта алмай қалды, сөйтіп олар дамушы экономикаларда көбірек табыс табуға ұмтылды. Латын Америкасы жаңа соққылардың кесірінен болатын төтенше үзілістердің алдын алатын-алмайтыны осындай ахуалдың сақталуына байланысты.
Қазіргі жағдайда аймақтың қарыз көлемі баяулап артып келеді. Орташа алғанда олардың деңгейі ғасыр басындағы деңгейден әлдеқайда төмен. Өсімді біраз баяулатып, тіпті рецессияға кетіріп реттеу саясаты көмегін тигізді. Сол сияқты дамыған елдердегі мөлшерлеме көлемі де қалыпты жағдайға жеткенше өсе береді, дегенмен қазір бұл процесс тіпті АҚШ-тың өзінде өте баяу жүріп жатыр.
Латын Америкасының сыртқы қаржыландыруды кілт үзуден аман қалуы – жақсы жаңалық, және бұл біршама тұрақты болатын сияқты. Бұл аймақ мемлекеттерінің макроэкономикалық тұрғыдан еркін тыныстауына жол ашады, сол арқылы олар шектеу саясатын босаңсытып, қазір жүріп жатқан ғаламдық өрлеуге қатысуға мүмкіндік алады.
Автор туралы: Хосе Антонио Окампо - Колумбия университетінің профессоры, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесі Даму саясаты комитетінің төрағасы, Колумбияның бұрынғы Қаржы министрі, БҰҰ Бас хатшысының Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бұрынғы орынбасары.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024