Салық альянсы: жаңа Салық кодексінің кейбір нормалары ШОБ-ке қиындықтар туғызады
Жаңа Салық кодексі жобасының кейбір нормалары шағын және орта бизнеске, сондай-ақ жалпы формалды экономикаға елеулі қауіп төндіреді. Бұл туралы бүгін Астанада арнайы өткен баспасөз мәслихатында Салық альянсының сарапшылары мәлімдеді.
Кәсіпкер, Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменова, Қазақстан салық консультанттары қауымдастығы басқармасының төрағасы, Салық альянсының мүшесі Сәкен Карин, фармацевтика саласындағы кәсіпкер Самат Исабаев бастаған мамандардың айтуынша шегерімдерге тыйым салу жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін шамамен 400 мың шағын және орта бизнес субъектісіне соққы болып тиеді. Бұл – жеңілдетілген режимді қолданатын кәсіпкерлердің шамамен 40 пайызы. Сонымен қатар, шағын бизнеспен өндірістік, сауда және сервистік тізбектер құрып отырған жалпыға бірдей режимдегі 155 мыңнан астам компания да теріс әсерге ұшырайды.
Жеңілдетілген режимдегі 400 мың кәсіпкердің артында шағын және орта бизнес секторында ресми түрде жұмыс істейтін 968 мың жалдамалы қызметкер тұр. Осылайша, ұсынылып отырған нормалардың салдары кәсіпкерлер мен олардың қызметкерлерін қоса алғанда, кемінде 1,36 млн экономикалық белсенді азаматқа тікелей әсер етеді.
Салық альянсы жаңа Салық кодексі жобасындағы бірқатар нормалар құқықтың базалық қағидаттарына қайшы келетінін, экономикалық ынталандыруларды бұрмалайтынын және формалды экономика үшін жүйелі тәуекелдер туғызатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, жалпыға бірдей режимдегі салық төлеушілердің жеңілдетілген декларация негізінде АСР қолданатын контрагенттермен өзара әрекеттесу кезінде шегерімдерге тыйым салу (286-баптың 16-тармағы «Шегерімге жатпайтын шығыстар»), сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен ЖШС үшін жеңілдетілген режимді бір мезгілде қолдануды шектеу (723-баптың 2-тармағының 2), 3) және 4) тармақшалары) сынға алынды.
Жанар Сүлейменова шегерімдерге тыйым салу нормасының өзі құқықтық тұрғыдан заңсыз екенін атап өтті. Оның айтуынша, егер норма бастапқыдан-ақ құқықтың негізгі қағидаттарын бұзса, оны енгізудің себептері мен мақсаттарын талқылаудың мәні жоқ.
«Құқықтық мемлекетте алдымен норманың негізгі құқықтық қағидаттарға сәйкестігі тексеріледі, содан кейін ғана оның орындылығы қарастырылады. Бейтараптық қағидатын, субъектілердің теңдігін және құқықтық айқындықты бұзатын норма ешқандай фискалдық уәждермен ақталмайды», - деді ол.
Сарапшылар сондай-ақ ұсынылып отырған өзгерістердің кейінірек, бірақ анағұрлым ауыр салдарларға әкелетінін айтты. Олардың қатарында келісімшарттардың бұзылуы, шағын бизнестің баламалы режимдерге кетуі, компаниялардың бөлшектенуі, инвестициялардың қысқаруы және салық жүйесіне деген сенімнің төмендеуі бар. Альянс өкілдерінің пікірінше, даулы нормалар кейіннен күшін жойған күннің өзінде, келтірілген залалды өтеу мүмкін болмайды.
Осыған байланысты Салық альянсы шегерімдерге тыйым салуды асығыс енгізуден бас тартуды, бақылаудың нысаналы құралдарын қолдануды және баламалы шешімдерді қайта талқылауды ұсынды. Мұндай тәсілдердің қатарында B2B операцияларын реттеудің сараланған механизмдері және инвестициялық климат пен экономиканың тұрақтылығына қауіп төндірмейтін ашық диалог форматы бар.
Сәкен Карин қабылданған нормаларды жедел қайта қарау және жеңілдетілген декларация негізінде АСР қолданатын салық төлеушілерден тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бойынша шығыстарға салықтық шегерім жасау құқығын қалпына келтіру қажеттігін мәлімдеді.
Ал кәсіпкер Самат Исабаевтың айтуынша, ұсынылып отырған тыйым заңбұзушылықтармен күреспейді, керісінше формалды бизнестің шығындарын арттырып, шаруашылық байланыстарды бұзады және бағаның өсуіне әкеледі.
Баспасөз конференциясының қорытындысы бойынша Салық альянсының қатысушылары аталған нормалар толықтыруға жатпайтынын және оларды жаңа Салық кодексі жобасынан толық алып тастап, орнына нысаналы әрі экономикалық тұрғыдан негізделген салықтық реттеу тетіктерін әзірлеу қажет екенін мәлімдеді.





