Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Құрылтай – мемлекеттік институт тұғыры» атты конференция өтті. Ғылыми іс-шара университетте бастау алған «Мектеп – университет – нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» педагогикалық идеялар фестивалі аясында ұйымдастырылды.
Конференция барысында «Құрылтай феномені» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Зерттеу жұмысының бастамашысы әрі кітап авторы – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Директорлар кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы Омархан Нұртайұлы Өксікбаев. Автор шығыстанушы, түрколог-лингвист ғалым Зәріпбай Жұманұлы Оразбаймен бірлесіп, ортағасырлық деректерді жүйелеген. Сондай-ақ еңбекте адамзат тарихындағы алғашқы құрылтай дәстүрлерінен бастап қазіргі Қазақстандағы саяси жаңғыру үдерісіне дейінгі тарихи сабақтастық ғылыми тұрғыда талданған.
Омархан Нұртайұлы бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саяси реформалар аясында ұлттық мемлекеттілік дәстүрін жаңаша пайымдау мәселесі айрықша маңызға ие екенін айтты.
– Кітапта Президент бастамасымен қайта жанданған Құрылтай феномені тарихи әрі ғылыми негізде сараланды. «Құрылтай» ұғымының этимологиялық және мазмұндық мәнін терең ашып көрсету, сондай-ақ оның Ұлы Даладағы мемлекеттік басқару дәстүрімен тарихи сабақтастығын ғылыми тұрғыдан зерделеу – ұлттық тарихи сананы нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі, – деді Омархан Нұртайұлы.
Аталған еңбектің ерекшелігі – кітап мазмұны қазақ тіліне алғаш рет аударылған онға жуық ортағасырлық қолжазба негізінде дайындалған.
Шығыстанушы ғалым Зәріпбай Жұманұлы кітап мазмұнына тоқталып, «Жинақталған тың деректер мен ғылыми зерттеулер нәтижесінде жарық көрген еңбек ұлттық мемлекеттілік тарихын терең пайымдауға, тарихи жадымызды жаңғыртуға және ұлттық сананы нығайтуға қызмет етеді, – деді.
Университет ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы өз сөзінде: «Құрылтай феномені» кітабы – Ұлы Дала өркениетіндегі Құрылтай институтын жан-жақты зерделеуге арналған мазмұнды ғылыми еңбек. Мемлекетіміздің қалыптасу тарихын жаңа көзқараспен саралау ұлттық жадымызды жаңғыртып қана қоймай, жас ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік пен патриоттық сезімді нығайтуға ықпал етеді, – деп кітап авторларының ғылыми ізденістерін ерекше атап өтті.
Университеттің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының «Ұлы Дала тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған бұл шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, білікті ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен профессор-оқытушылар қатысты.
Жиынға Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ұзақов Ясин Мәлікұлы, қоғам қайраткері, этномәдени бірлестіктердің белсенді өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Асылы Осман, мемлекет және қоғам қайраткері, білікті педагог Оразкүл Асанғазықызы арнайы қатысты.
Конференция барысында ғалымдар құрылтай ұғымына қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, өзара пікір алмасты, сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамымен тәжірибе бөлісті.





