Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Популизм және орталық банктердің келешегі

Популизм және орталық банктердің келешегі

2016 жылы дамыған елдердегі популистік қозғалыстар орталық банктердің тәуелсіздігіне қол сала бастады. Саяси және дистрибуциялық салдары бар саясат жүргізетін сайланбаған технократтар популистердің «бұқасына» қызыл матаны желбіретіп тұр.

Америка Құрама Штаттарында 2016 жылдың басында Федералдық Резерв жұмысына аудит жүргізу, яғни ақша-кредит саясатына қатысты күнделікті шешімдерді Конгрестің бақылап отыруына мүмкіндік беру туралы заң жобасы аздаған басымдықпен қабылданбай қалды. Сайлау науқаны кезінде Дональд Трамп Федералдық резерв басшысы Джанет Йелленді саясиланған шешім қабылдайды деп айыптады.

Еуропа одағының сайланбаған бюрократтары мен тәуелсіз орган – Еуропа Орталық банкіне қарсы байбалам тіпті қатты болды. Ұлыбританияда Лейбористердің тасадағы үкіметінің Қазынашылық канцлері Джон Макдоннелл Англия банкінің ақша-кредит саясаты қаржылық институттарға жәрдемдесуге бағытталғандықтан, пайыздық үстемелерге «демократиялық бақылау» керек деді.

Популистік қозғалыстар күш алып, тіпті кейбір үкіметтердің құрамына кіріп жатқандықтан, ерте ме, кеш пе, олардың шағымдары саяси ұсыныстарға айналады, ал бұл орталық банк пен қазынашылық органдарының және заң шығарушылардың арасындағы қарым-қатынасты өзгертеді. 2017 жылдың ең күрделі сауалы: Бұл жақсы ма, әлде орталық банктердің тәуелсіздігін популистердің шабуылынан қорғау керек пе?

Орталық банктерді сынаушылар «сандық жеңілдету және пайыздық мөлшерлемелерді төмендету байларды қолдау үшін жасалады»,  «арнайы кредит саясаты экономикаға шынайы көмектеспей, тек банктерді жарылқайды», «инфляцияға тым көп көңіл бөлу арқылы экономиканы толық жұмыс істету, теңсіздікті жою мақсаттары тасада қалып қояды» деген уәждерді айтады.

Оңшылдар да, солшылдар да осы пікірді айтып жатыр, және олардың кей ойлары АҚШ-тан Джон Тейлор, еуроаймақтан Отмар Иссинг сияқты консервативтік экономистердің «орталық банктер 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін экономиканы басқаруда шектен тыс рөл ойнай бастады» деген ойларымен қабысып жатыр. Сандық жеңілдету, ұзақ мерзімді несие беру сияқты шаралар, сондай-ақ кейбір орталық банктердің қаржы секторына көп араласуы ақша-кредит саясатын жасаушылардың құзыретінің заңды аясын кеңітіп жіберді.

Дегенмен, популистер орталық банктердің саяси және операционалдық тәуелсіздігін шектеп, мандатын кеңейтеміз десе, консерваторлардың ойы бұған қарама-қарсы: олар орталық банктердің тәуелсіздігін сақтап, олардың мандаты мен саяси шешімдерге әсер ету мүмкіндіктерін шектеуді ұсынады.

Орталық банктің тәуелсіздігі туралы концепция 19 ғасырда пайда болып, түрлі валюта аймақтарында әркелкі көрініс тапқан. Бірақ тек жақын арада – 1990-жылдары орталық банктің тәуелсіздігі инфляцияны таргеттеумен қоса айтыла бастады. Кей банктер баға тұрақтылығы бойынша басқаларға қарағанда еркін қимылдай алғанмен, барлығының сандық таргеттеу жөнінде міндеттемелері бар. Мұндай есептілік (және ашық коммуникация) болмаса, олардың тәуелсіздігін ақтап алу қиын болар еді.

Бағаны сандық тұрғыда таргеттеу инфляция аспандаған 1970-жылдары шыққан. Бірақ орталық банктер 2008 жылдан бері бұған мүлде кереғар проблемамен күресіп келеді: қысқа мерзімді пайыздық үстемелер төменгі 0 шегіне жеткенде инфляция тым төмендеп, тіпті дефляцияға айналып кетті. Кең ауқымда айтсақ, қаржылық қиындық бұрындары пәрменді орталық банктер қалыптастырған негізгі принциптер мен интеллектуалдық құрылымға қатер төндірді.

Мәселен, бұдан былай капитал нарығындағы тербелістерді екінші дәрежедегі индикатор деп қарастыра алмаймыз; және тиімді нарық гипотезасы нарықтағы әрекеттерді лайықты түрде жақындатады деп те айту қиын. Немесе орталық банк балансының көлемі мен құрылымы сияқты нәрселердің қажеті жоқ деп те айта алмаймыз. Жер-жердегі нарықтардың күйреуі кесірінен орталық банктер үнемі «маркет-мейкерлер» ретінде еніп, белсенді баланстық саясат арқылы тәуекел сыйақысына ықпал етіп келеді.

Соның салдарынан орталық банктің операциялық жұмыс шеңбері өзгерді. Қолдарында сандық жеңілдету сияқты түрлі құралдар болғандықтан, орталық банктер бір ғана құрал, бір ғана нысана моделін өзгертіп, көп құралды, көп нысаналы модельге ойысты. Қаржы дағдарысы кесірінен бұл процесс жеделдей түсті, бірақ қаржылық тербелістермен күресіп, өтімділіктің шектелуіне төтеп беру үшін орталық банктер «қалыпты жағдайда» да өздерінің баланс саясатын белсенді түрде қолданады деп болжаймыз.

Бұл жаңа операционалдық модель баға тұрақтылығын қамтамасыз етудегі құрал ретінде қажет болуы мүмкін, бірақ орталық банктен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуді де талап ететін болса, онда оның есептілігі мен тәуелсіздігіне қауіп төнеді. Оның үстіне, қарызға батқан және инфляция төмендеген қоғамда салық-бюджет органдармен үйлесімде жұмыс істемейінше, орталық банктер баға тұрақтылығына да қол жеткізе алмауы мүмкін.

Соңғы жылдардағы жағдай көрсеткеніндей, қаржылық және валюталық саяси шешім қабылдаушылар арасында «Қытай қорғанын» тұрғызу орталық банктерге шектен тыс көп жауапкершілік жүктеуге алып келеді. 2017 жылға қадам басып бара жатқан қазіргі кезде алда тұрған екі негізгі мәселе: алдарына бірнеше мақсат қойған орталық банктердің есептілігінің төмендеуі және сайлаушылардың алдында жауап беретін салық-бюджет органдарының барлық жауапкершілікті орталық банктерге сілтеуге бейім тұруы, бұл әсіресе еуро аймағында анық байқалды.

Орталық банктер ақша-кредит саясатындағы мақсаттарды жүзеге асыратындықтан, оларды қысқамерзімді саяси ықпалдардан қорғаймыз десек, біз ақша-кредит, салық-бюджет және қаржы органдарының арасында өзара есепті, демократиялық үйлесім құратын реформаларды жүзеге асыруымыз керек. Бәлкім, бұл жағдайда үкіметтің қалған бөлігіне халықтың жіті бақылауымен айқын әрі нақты мақсаттар қоя алатындай тәуелсіздік берілуі керек болар.

Орталық банктер экономикалық саясатта маңызды рөл ойнайды, бірақ бір жағынан популистік қысымның кесірінен бюджеттік саясат та олардың қоластына өтті. Алдағы ең ауыр сынақ  (әсіресе еуроаймақта) ақша-кредит және салық-бюджет саясаттарының тиімді әрі заңды жүзеге асып жатқанына көз жеткізу. Популистік шешім қабылдау асығыстық болуы мүмкін, бірақ популистердің орталық банктерге қатысты көтерген проблемалары – өмір шындығы.

Автор туралы: Лукреция Рейхлин – Еуропа Орталық банкінің зерттеу жөніндегі бұрынғы директоры, Лондон бизнес мектебінің экономика профессоры.

Похожие материалы