Қазақстан үкіметі еліміздің экономикалық дамуын жаңа белеске көтеру мақсатында, арнайы жолдар іздестіріп, жаңа жоба жасаған еді. Жоба елдің жаңа экономикасын қалыптастыруды көздейді.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бүгін арнайы өткен баспасөз мәслихатында осы жобаны таныстырды. Сонымен, алдағы уақытта қандай басым бағыттар болады? Жаңа экономиканы қалыптастыру не үшін керек?
- Қазіргі геосаясаттың құбылуымен, күн өткен сайын жаңа проблемалар туындауда. Бұрынғы протекционизм мен аймақтандырудың орнына ашық сауда соғысы пайда болды. Бұл біздің заманымыздағы макроэкономикалық шындық. Оның үстіне АҚШ-тың Федералдық резерві монетарлы саясатты қатайтты.Олар енді әлемдік ауқатты инвесторларды Америка үкіметінің құнды қағаздарына қаржы құюға мәжбүрлеуде. Бұл саясаттың ақыры біз секілді дамушы мемлекеттердің ұлттық валюталарын әлсіретіп, инвестициялық мүдделілікті азайтады. Экономикалық жағдайдың қиындығына қарамай, біздің мақсатымыз бен жоспарларымыз өзгермек емес. Елбасы ұсынған мақсат бойынша біз дамыған 30 елдің қатарына енуге талпынып келеміз. Біздің басты мақсатымыз – 2050 стратегиясын орындау. Қиын кезеңдерде нақты әрі маңызды қадамдарды жасай білу үшін стратегиялық жоспар құрылады, - дейді Ұлттық экономика министрі.
Экономикалық дамудың жаңа моделі «ресурсымыздағы қорларды сақтай отырып, жаңа экономиканы технология, адам капиталы және экспорттың көмегімен қайта серпілтуге» бағытталған.
- 2000-2010 жылдар аралығында дамудың басты кепілі ҚТЖ, ҚМГ, «Самрұқ-Қазына» секілді квазимемлекеттік компаниялар болған. Біздің жоба бойынша, болашақта мемлекеттік компаниялардан ауытқып, ірі, шағын және орта жекеменшік бизнес өкілдеріне қарай бағыт аламыз. Осылайша экономиканы мемлекет тарапынан қолдаудан бас тартып, жекеменшік жүйеге қарай ауысамыз. Бұған дейін бізде тауарларды ел ішінде тұтыну өсіп келді. Яғни экономикадағы өсім тұтынушылық қабілетке, ал тұтынушылық қабілет жалақының өсуіне тәуелді болды. Ендігі кезеңде экспортқа мән беріп, оны экономиканың қозғаушы жаңа күшіне айналдыруды көздеп отырмыз. Әсіресе, өндіруші сектордың экспортына көңіл бөлінбек, - деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.
Экономикалық дамудағы жеті басымдық – «еліміздің басты аспектілерін - адамның, технологияның, бизнестің, аймақтардың, қоғамның, мемлекеттік сектордың дамуын және заңның орындалуын» қамтитын реформалар жиынтығы.
Алғашқы қажеттілік адами капитал – еліміздегі қазіргі және болашақтағы кәсіби мамандарға деген қажеттілік. Қазірден бастап экономикалық кадрларды дайындауға, олардың кәсібилігін арттыруға қатысты оқу жүйесін жақсарту, оқулықтарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өзгерістерді енгізудің басты құралы 2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамыту бағдарламасы болуы тиіс.
Екінші бағыт - технологиялық жаңару және цифрландыру. Ол экономиканың ғылыми бағытта дамуына және қазіргі базалық салалардағы зауыттардың модернизациясына қарайды. Министрдің айтуынша, бұл бағыттағы басты құралдары "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы мен агросектордың дамуына арналған жаңа бағдарлама болмақ.
Үшінші бағыт - бәсеке мен бәсекеге қабілетті бизнес – жеке секторды дамытуы қажет. Мұндағы басты кепіл жекешелендіру бағдарламасы. Министрдің айтуынша, стратегиялық IPO-дан өзге кешенді жоспардың барлық активтері 2018 жылдың аяғына дейін жекешелендіріліп бітеді.
Біздің өнімдеріміздің сыртқы саудадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін экспорттық стратегия қолданылады. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында 33 қазақстандық экспортерге жалпы құны 26,5 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Бұл 2017 жылдағы осы кезеңмен салыстырғанда екі есе көп. Сонымен қатар, 100-ге жуық экспорт өнімдерін өндіретін компанияға 375 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілмек.
Төртінші бағыт – Ұлт жоспарындағы жемқорлық жойылған құқықтық мемлекетке айналу арқылы сот жүйесін халықаралық стандарттарға сай етіп, құқықтық тұрақтылықты сақтау.
"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында жемқорлықпен күресу бағытында мемлекеттік басқару процестерін цифрландыру және жаңарту жүргізіліп жатыр.
Бесінші бағыт – мықты аймақтар және урбанизация – әр аймақтың өзін қамтуы және халықтың қай аймақта өмір сүріп жатқанына қарамастан экономикалық жағдайының бірдей болуы. Урбанизация процесі біркелкі болуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде аймақтар арасындағы тепе-теңдікті тұрақтандыруға мүмкіндік туады.
Аймақтарды дамытудың қазіргі жүйесі 2011 жылы қабылданған. Одан бері экономикада біраз өзгерістер болғандықтан, бұл схеманы осы жылдың аяғына дейін қайта құру жоспарлануда. Бұл ретте шекара аймақтарды қолдау шараларын жеке қарастыратын боламыз. Сөйтіп оларға экспортқа бағытталған инвестицияларды тартуға күш салмақпыз. Әр аймақтың ерекшелігі, инвестиция тарта алатын артықшылықтары ескерілмек.
Алтыншы бағыт – қоғамдық сананы модернизациялау – отанға адал, өз тағдырын ел болашағымен байланыстыратын жандарды қолдау. Бұл бағытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басты орынға шықпақ.
Жетінші бағыт – мемлекеттік сектор өзгерудің басы – мемлекеттік органдар елдегі модернизациялаудың негізгі қозғаушы күші. Цифрландыру жүйелерін енгізу арқылы мемлекеттік аппараттың тиімді тұстарын арттыру.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажетПохожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024