2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы әлемдік қаржы жүйесі архитектурасының осалдығын дәлелдеді: ипотекаға негізделген құнды қағаздардың бір түндік нарығы тұрғын үй көпіршігінің жарылғанын көтере алмады. Арада тоғыз жыл өтсе де бұл олқылықтың орны толған жоқ.
Дағдарыс басталған тұста АҚШ-тағы компаниялар мен инвесторлар артық ақшаларын түн ішінде банктер мен басқа да қаржылық мекемелерге қарызға беріп, олар ертесінде таңертең несиелерін пайыздық үстемемен қосып қайтарып жүрген. Депозиттерді сақтандыру жүйесі тек 100 мың долларға дейінгі сомаларды сақтандыратындықтан, миллиондаған доллары барлар АҚШ Қазынашылығының өте сенімді ұзақмерзімді облигацияларын кепіл ретінде пайдаланып, қаражатын бір түндік нарыққа салуға құлықты болды.
Бірақ, бір түнде ақша тапқыштар қаупі жоғарылау ипотекалық несие пулын таңдаса, пайыздық үстемені көбірек алады. Көпшілігі осы жолды таңдады да. Сөйтіп, Американың қатты қызып кеткен жылжымайтын мүлік нарығы триллиондаған доллар ақша нарығына айналып шыға келді.
Кейіннен осы транзакциялардың артында тұрған активтер пулының тұрақсыздығы белгілі бола бастады, себебі олардың құрамындағы сапасы төмен несие көлемі арта бастады. 2009 жылы компаниялар абдырап қалды. Олар ипотекалық несиелерді кепіл ретінде беріп, ақшаларын бір түнге қалдыру идеясынан бас тарта бастады. Сол қолма-қол ақшаға тәуелді болып қалған қаржы жүйесі тоқтады. Несиелеу азайды, үрей күшейді, ал экономика рецессияға қарай сырғыды.
Осыдан кейін қаржы жүйесін қауіпсіздендіру қажеттігі туындады. Мұндағы бір негізгі мақсат – ипотекалық пулға несие берушілер ақшасы қайтарылатынына сенуі керек, сонда ғана олар қиындық туа қалса қаша жөнелмейтін болмады. Екі банктің біреуі құрдымға кеткенде ғана бұл мақсатқа жету мүмкін болған сияқты. Бірақ егер бүкіл экономиканы қамтитын қаржылық оқиға көп қаржы фирмасын бір мезетте күйретсе, онда барлығы бітті деген сөз.
Бұл – нашар жаңалық. Негізінде, жылжымайтын мүлік нарығы әр он-жиырма жыл сайын «қызып» тұрады. Егер жүйе тұрақты болса, ол ешқандай дүрбелеңсіз-ақ қалпына келеді. Алайда, қазір триллион долларлық бір түндік ипотекалық репо нарығы ұлғайғаны сондай, тұрғын үй нарығы кері шегініс жасаса, қаржылық тұрақтылыққа қауіп төнуі мүмкін.
Қазіргі реформалар бұл қатердің лайықты түрде алдын алып жатқан жоқ, оның бір себебі – олар банк күйреген соң 48 сағаттың ішінде ақша қайтару деген аса күрделі әрі бұрын сыналып көрмеген процестен өту үшін билік өкілдері мен банктерге тәуелді. Бірнеше банк бір мезетте құрдымға жеткен жағдайда мұны жүзеге асыру тіпті қиын.
Тұрғын үй дағдарысы басталған жағдайда несие берушілер банктерді тұрақтандырудың әлі сыналмаған процесіне тәуелді болып қалмайық деп қатты қорқып, бір түндік несиелерін қайта әкететіні түсінікті. Қолма-қол ақшадан айырылған банктер 2008-09 жылғыдай қарыз беруді азайтып, қайтадан рецессияға сүйрейді.
Мұндағы бір ауыр нәрсе – осындай шок болғанға дейін қайта құрылымдауға дайындық кезінде несие берушілер бір түндік қарыздарды көп береді. Бұл бір түндік қарыз нарығын кеңейтіп, ипотека алуды оңайлатады, ал бұл күйреудің зардабын ауырлатады.
Бұл – жай ғана болжам емес. Ипотекалық несие нарығы бақылаушыларының көбі 2005 жылы оның жылдам қарқын алғанын айтады. Себебі, оның алдында Конгресс ипотекалық облигацияларды банкроттық процедуралар тізімінен алып тастады, яғни ақшаны қайтару үшін күту уақытын алып тастады. Бұл өзгеріс ипотекалық несие берушілерді сендіре түсті, олар тіпті қарыз алушының несиелік тарихына да бас қатыра бермейтін болды. Дағдарыс басталғанда бұл сенім жоғалып, инвесторлар қашып кетті.
Жақында бұл жағдайда мен Флорида-Кис сияқты дауыл аймақтарымен салыстырдым. Тасқын болған жағдайда, мықты материалдардан тұрғызылған үй құламай қалуы әбден мүмкін. Бірақ бұл (дауылдан сақтаудың басқа да жоспарлары) көбірек адамды тартады. Дауыл бола қалса, тұрғындар бәрібір үрей шақырады, әсіресе ғимараттар ойлағандағыдай берік болмай шықса. Көп жұрт бір мезетте қашса, онда эвакуация жолы кептеліп, халыққа түгел қатер төнеді.
Тұрғын үй ипотекасына АҚШ Қазынашылғының облигациялары сияқты қарау 2008 жылы қателік болған еді, әлі де қателік болып келеді. АҚШ басшылығы Қазынашылықтың бір түндік қаражатын мықтырақ қорғауы керек, себебі олардың көпіршік пен дүрбелеңге қатысы жоқ, есесіне қысқа мерзімді, бір түнде қаржы беретін ипотекалық несие құнды қағаздарын қолдауды доғаруы тиіс.
Сондықтан, өткен желтоқсанда сенатор Джек Рид ұсынған заң жобасы – оң қадам деуге болады. Ол заң бойынша реттеушілердің қайта құру ережелері қаржы жүйесін қаншалық тұрақсыздандыруы мүмкін дегенді мұқият зерттеп алуын талап етеді. Конгресс те бұдан былай жек үй алуды жарнамалауды азайтады, себебі соның кесірінен ипотека алу жеңілдеп, ипотека пулдарын сату оңайлап кетті.
АҚШ-тың мемлекеттік қарыздарын басқару да қаржы жүйесін қауіпсізірек етуге жәрдемдеседі. Сақтандырылмаған банк депозиттеріне байланысты тәуекелге бармай-ақ қолма-қол ақшаға оңай қол жеткізгісі келетін ұйымдарға Қазынашылықтың қысқа мерзімді вексельдері жетпегендіктен, бір түндік ипотекалық пул нарығы өркен жайды. Егер Қазынашылық ұзақ мерзімдік емес қысқа мерзімдік облигациялар сатса, ипотека пулдарына адам аз барар еді. Мұндай ұсыныстар болған, бірақ бірде-бірі жүзеге аспапты.
2008 жылғы АҚШ-тағы тұрғын үй нарығының күйреуі туғызған ғаламдық қаржы дағдарысы қаржы нарығының қаншалықты осал екенін көрсеткен сабақ болды. Өкінішке қарай, саясаткерлер бұдан толық сабақ алмаған сияқты.
Автор туралы: Марк Рой – Гарвард құқық мектебінің профессоры.