Тоқаев: Кәсіпкерлерге қатысты заңсыз іс-әрекеті жасаған мыңнан астам тұлға жазаланды
Астана. 7 желтоқсан. 7kun.kz – 2005 жылдан бері шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі үш есе өсті. Яғни, ол қазір ел экономикасының 34 пайызына жуықтады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Бұл туралы ҚР президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Президент «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсіміне қатысты.
«Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты рекордтық көрсеткішке – 20 миллиард долларға жетті. Осы жылдың соңына дейін жалпы құны 2 триллион теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
▪️Басынан бастап реттеу институтын енгізуге бір жыл қалды. Үкімет бизнестің дамуына кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау жөнінде ауқымды жұмыс жүргізді.
▪️Бұған дейін айтқанымдай, бизнесті негізсіз және шектен тыс бақылауға, қылмыстық қудалауға жол беруге болмайды. Бұл – менің берік ұстанымым.
▪️Биыл 6 мыңнан астам кәсіпкер жалпы құны шамамен 700 миллион теңге болатын заңсыз айыппұлдан босатылды.
▪️Кәсіпкерлерге қатысты заңсыз іс-әрекеті үшін мыңнан аса лауазымды тұлға жауапқа тартылғанын атап өткен жөн. Әрбір алтыншы іс қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болмауына байланысты тоқтатылды. Биылдан бастап азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланбайынша, қылмыстық іс қозғауға тыйым салынды.
▪️Өткен жылдардың оң нәтижесіне сүйене отырып, ұсақ және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийді тағы бір жылға созу жөнінде шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа қол қойылды.
▪️Өз кезегінде, бизнес адал жұмыс істеп, заңнаманы қатаң сақтауы керек. Бұл өте маңызды.
▪️Нарық бәсекесі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, салыққа адал болу елімізде бизнес жүргізудің ажырамас шарты болуға тиіс.
▪️«Өнеркәсіптік саясат туралы» арнайы Заң қабылданды. Бұл құжат жоғары және орташа өңдеу деңгейіндегі өнім өндірушілерге кең көлемде қолдау шараларын ұсынады. Алайда заңның кейбір нормалары әлі күнге дейін «кібіртіктеп тұр».
▪️Қазақстандық өндірушілер отандық шикізаттың қолжетімді емес екеніне жиі шағымданады.
▪️Ірі тау-кен, металлургия кәсіпорындары өңделген өнім шығарғаннан гөрі ресурсты сыртқа тасығанды қолайлы көреді. Қазақстандық өңдеу өнеркәсібіне шикізат қолжетімділігі төмен. Бұл кабель өнімдері, аккумулятор, алюминий бұйымдар мен басқа да жоғары өңдеу деңгейіндегі тауарларға қатысты. Үкімет әрбір арыз-шағымды қарастырып, қажетті жүйелі шараларды қабылдағаны жөн.
▪️Осы орайлы сәтте, мен еліміздің барша диқандарына, ауыл шаруашылығы мамандарына тағы да ризашылығымды білдіремін. Астық жинау науқаны табысты аяқталды, егініміз бітік шықты. Рекордтық өнім, яғни 23 миллион тонна дәнді-дақыл жиналды.
▪️Осы жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке алу үшін берілетін қаржының көлемі 40 миллиард теңгеге көбейді. Соның арқасында диқандарымыз бір мыңнан астам қосымша техника алу мүмкіндігіне ие болды.
▪️Сондай-ақ, егін егу және оны жинау жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемі екі есе артты.
▪️Диқандарға жеңілдікпен берілетін жанар-жағармай өнімдерінің көлемі 820 мың тоннаға дейін өсті.
▪️«Парыз» байқауының лауреаттары мен қатысушылары 2022 жылы әлеуметтік жобалар мен қайырымдылыққа 36 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлді. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
▪️Келесі жылдан бастап «Парыз» байқауының жеңімпаздарын анықтау кезінде қосымша талаптар болатынын атап өткім келеді. Бұл – ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыруға қосылған үлес. Бұл – мемлекетіміз бен бизнестің азаматтарымыз алдындағы ортақ борышы.
▪️Баршаңызға мәлім, кәсіпкерлерімізге қолайлы жағдай жасау – тұтас мемлекеттік аппараттың алдында тұрған маңызды міндет. Әрине, заң шығару жұмысы елордамызда жүргізілетіні түсінікті. Дегенмен, аймақтардағы бизнес өкілдерінің ахуалы жергілікті атқарушы органдардың жұмысына, яғни облыс әкімінен бастап ауыл әкімінің жұмысына тікелей байланысты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024