НЬЮ-ХЕЙВЕН – АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп сыртқы сауданы Американың қамыт киген орта табын қорғаудағы қалқан ретінде пайдаланған. Бұл – саяси спектрдың кез келген бөлігіндегі кандидаттардың жиі қолданатын әдісі. Алайда, Трамптың жеңгеннен кейін де саудаға қарсы пікірін өзгертпеуі – тосын құбылыс болып тұр. Ол керісінше, талаптың шегін көтеріп, ерте дабыл қақтырар бірер оқ атып үлгерді, ал бұл ертең АҚШ пен бүкіл әлем үшін зардабы орасан зор болатын кең көлемді ғаламдық сауда соғысына ұласып кетуі ықтимал.
Трамптың негізгі кадрлық шешімдеріне тоқталып көрейік. Сауда министрі лауазымына ұсынылған индустриалист Уилбур Росс - оның «Америка «ақылға сыйымсыз» сауда келісім-шарттарынан бас тартуы керек» деген пікірін қос қолдап қолдаған адам. Ирвиндегі Калифорния университетінің экономика профессоры Питер Наварро Ұлттық қауіпсіздік кеңесімен және Ұлттық экономика кеңесімен тең дәрежеде жұмыс істейтін, Ақ үйдің саясатын айқындайтын жаңа мекеме – Ұлттық сауда кеңесін басқарады. Наварро – Американың Қытай жөніндегі сұр кардиналы. Оның соңғы жазған екі кітабы – «Қытайдың ажал құштыруы» (2011) және «Жиырылған жолбарыс: Қытай милитаризмінің әлем үшін мәні не?» (2015), тақырыптарының өзі оның таблоид деңгейіндегі біржақтылығын паш етіп тұр. Cонымен қатар, Росс пен Наварро - Трамптың сайлауалды вебсайтында жарияланып, объективтілік атаулыдан жұрдай болған экономикалық саясатқа қатысты сарапталық материалдың авторлары. Енді олардың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндіктері болады. Іс жүзінде бұл процесс басталып кетті десе де болады.
Американың сауда келісім-шарттарын сынаған Росты қолдаған Трамп АҚШ-ты Транс-Тынық мұхиттық әріптестік шартынан жедел түрде шығаратынын айтты. Қытайға қарсы «туиттерін» айтпаған күннің өзінде, оның 40 жылға созылған «Бір Қытай» саясатына шәк келтіріп, Тайвань президенті Цай Инвэнмен тікелей сөйлесуі Трамп әкімшілігінің Наварроның айтқанымен жүріп, Американың ең ірі әрі ең күшті әріптесіне қатысты көзсіз саясат ұстанатынын айғақтайды.
Әрине, бәлкім өзі айтып жүргендей әккі келіссөзші ретінде Трамп қатқыл сөйлеп, Қытайды және бүкіл әлемді «АҚШ бұдан былай сыртқы сауда саласында күш тұрғысынан әрекет етуге дайын» деген ұстанымға иландырғысы келген болуы мүмкін. Батыл басталған гамбит ақыр соңында қарсыласты жұмсартып, өзіне мейлінше ыңғайлы эндшпильге әкеле алады.
Бірақ, бұл қатаң әңгіме сайлаушыларға өтімді болғанымен, ол шынайы өмір сынынан өте алмайды: Америка экономикасы әлсіздігінің бір көрінісі - ірі сауда дефициті оның экономикалық қуатының өзіне күмәнмен қарауға мәжбүрлейді. Әсіресе АҚШ-ты қинап отырған ішкі қордың біршама аздығы Американың сырттан көбірек қор жинап қалуға деген тойымсыз тәбетін айғақтайды. Ал бұл өз кезегінде ағымдағы шот дефициті мен үлкен сауда дефицитін тудырып отыр.
Бір елдің ішіндегі мұндай макроэкономикалық мәселені шешуге тырысқан келіссөзшілердің мұнысынан ештеңе шықпайды: 2015 жылы АҚШ-та әлемнің 101 елімен арада сауда дефициті болды. Көпжақты мәселені екі тарап шеше алмайды. Бұл Нидерланд аңызындағы судың ағынын бір саусағымен тоқтатпақ болған баланың кейпі болып шығады. Трамптың федералдық бюджет дефицитін арттыру жоспары қор дефицитін ұлғайтатыны анық. Ал осы негізгі проблема шешілмейінше, Американың ағымдағы шот және сауда дефициттері ұлғая беретіні анық. Қысымға ұшыраған Қытай бұл сауда дисбалансын басқа елдерге – мүмкін қымбат бағалы өнім өндірушілерге қарай ығыстырады, ал бұл онсыз да қиналып жүрген америкалық отбасыларға жететін тауар бағасын қымбаттатады.
Десе де, әңгіме бұл жерден бітпейді. Трамп әкімшілігі аса ауыр, ғаламдық зардаптары болатын әскери патрондармен ойнап жүр. Американың бұлшық етін бұлтыңдатуына Қытайдың жауап қатуы заңды. Трамп командасы Қытайдың бұл қорқытуға реакциясын жете бағаламай, «АҚШ ештеңе жоғалтпайды, тек жеңіске жетеді» деп жаңсақ ойлап отыр.
Өкінішке қарай, олай болмайды. Ұнасын-ұнамасын, Америка мен Қытай өзара тәуелді экономикалық қарым-қатынаспен бітіскен. Иә, Қытай өз тауарларына деген АҚШ-тың сұранысына тәуелді, бірақ АҚШ та Қытайға тәуелді: қытайлар АҚШ Қазынашылығындағы 1,5 триллион құнды қағазға және басқа да долларлық активтерге қожалық етеді. Оның үстіне, Қытай – АҚШ-тың (Канада мен Мексикадан кейінгі) үшінші әрі жылдам өсіп бара жатқан экспорттық нарығы, бұл өсімге сусаған АҚШ экономикасының қарқынымен қабыспай тұр. Бұл екіжақты экономикалық қарым-қатынаста барлық карта АҚШ-тың қолында деп есептеу ақымақтық болар еді.
Өзара тәуелділік – тым реактивті байланыс. Егер бір әріптес ойын ережесін өзгертетін болса, екіншісі де солай жауап қатуы мүмкін. Егер АҚШ Трамп, Наварро және Росс біраздан бері талап етіп жүргендей, Қытайдың соңына түсетін болса (бұл жүзеге асып та жатқан сияқты), онда мұның салдары болатыны да анық. Экономика саласында АҚШ-тың Қытайға экспортына екіжақты тарифтер енгізіліп, қытайлардың қазыналық облигациялар алуында қиындықтар туындауы мүмкін. Ғаламдық тасымалдау тізбегі арқылы Қытаймен тығыз байланған басқа елдер де өздерінің компенсациялық тарифтерін енгізуі әбден мүмкін.
Ғаламдық сауда соғыстары сирек болады. Бірақ, әскери конфликтілер сияқты олар да көбіне кездейсоқ қақтығыстан не түсінбеушіліктен туындайды. 85 жылдам астам уақыт бұрын АҚШ сенаторы Рид Смут пен өкілдер палатасының мүшесі Уиллис Хоули 1930 жылғы Тариф актісін қолдау арқылы алғашқы оқты атқан. Бұл дүние жүзінде аласапыран сауда соғысына түрткі болды, көп жұрттың айтуынша, соның кесірінен терең рецессияның соңы Үлкен депрессияға ұласты.
Тарихтың сабақтарына көз салмау - ақымақтық. Ішкі қоры аз, дефициті жоғары АҚШ экономикасы үшін бұл Қытайды сынап, «Американы қайтадан ұлы ел етуден» гөрі ұзақ процесс болмақ. Сауданы жаппай экономикалық қырып-жоятын қаруға айналдыру – үлкен саяси қателік болуы мүмкін.
Автор туралы: Стивен Роуч, Йель университетінің профессоры, Morgan Stanley Asia-ның бұрынғы төрағасы және «Теңсіздік: Америка мен Қытайдың өзара тәуелділігі» кітабының авторы.
Copyright: Project Syndicate, 2016. www.project-syndicate.org
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024