Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Универсиада бюджеті қайда жұмсалды?

Универсиада бюджеті қайда жұмсалды?

Алматыда өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың дайындық жұмыстарына 100 млрд теңгеден  астам қаржы жұмсалды. Апта соңында басталатын спорт сайысын өткізуге қанша қаражат жұмсалғанын, шарадан қанша пайда түсуі мүмкін екенін назарларыңызға ұсынамыз.

Негізінен Универсиада сайысын өткізуге алғашқыда 32 млрд теңге бөлінген еді. Кейіннен бұл  бюджетті 17,9 млрд теңгеге дейін қысқартты. Үнемделген ақшаға террористік қауіптің алдын алу шараларына дайындыққа, тексеру құралдарын сатып алуға, объектілерді энергиямен қамтамасыз етуге жұмсалды. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен Алматыдағы құрылыс жұмыстары мен инфрақұрылым үшін 109 млрд теңге жұмсалды. Оның ішінде, 39,9 млрд теңге – «Алматы Арена» құрылысына, 21,7 млрд теңге  – «Халық Арена» құрылысына, 19,8 млрд теңге  – Атлетика ауылына, 14,4 млрд теңге  – жылумен, 8 млрд теңге  – электрмен қамтамасыз етуге, 4,5 млрд теңге  – арықтарды тазалауға, 600 млн теңге  – су тарту мен канализацияға, 100 млн теңге  – қосымша шығыстарға жұмсалды.

Алматы әкімдігінің дерегінше, бөлінген ақшадан басқа демеушілер мен серіктестерден 2 млрд теңгеге жуық ақша түскен. Одан бөлек, телекоммуникациялық қызмет көрсететін, спорт объектілеріндегі кеңсе құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ететін, спортшылар үшін жылжымалы диагностикалық зертханалар беретін, Универсиада билеттерінің сатылуы кезінде түрлі сыйлықтар табыстайтын жеке компаниялардан да қаржы түседі.

Универсиада объектілерінің құрылыс жұмыстарын 30 мың жаңа жұмыс орнын құрған 1550 шағын және орта кәсіп өкілдері жүргізді. Олардан жалпы көлемі 9,2 млрд теңге салық түскен. Алматы әкімінің айтуынша, шараға дейінгі дайындыққа 5 мың қызметкер жұмыс істейтін 220 компания жұмылды. Ол компаниялардың 80 пайызы – алматылық.

Бауыржан Байбектің айтуынша, қалаға  бес күнге келетін шетелдік қонақтар шағын және орта бизнеске 2 млрд теңгеге жуық табыс әкеледі. Сондай-ақ, басқа салықты есептемегенде 1,5 млрд теңге бюджетке қосымша құн салығы ретінде түседі. «Қатысушы мемлекеттердің өзі Атлетика ауылында тұрғаны үшін 1 млн еуро төлейді. Одан бөлек, Универсиада дирекциясы анықтаған 8 қонақ үйге толықтай спортшылар делегациясы жайғасады», - деді Бауыржан Байбек. Аталған қонақ үйлерде жайғасу құнының бағасы әр түрлі. Мысалы, «Қазақстан» - тәулігіне 70 доллар, Shera Park Inn-да — 85 доллар, Holiday Inn Almaty-да — 105 доллар.

Одан бөлек, билеттердің сатылымы да бар. Универсиада дирекциясының айтуынша, басып шығарылған 200 мыңға жуық билеттің әзірге тек 77 мыңы сатылған. Билеттер бағасы – 300 теңгеден басталады, ең жоғары шама – 3500 теңге. Тек ашылу және жабылу салтанатының билеттері ғана біршама қымбат – 15 мың теңге тұрады. Жауапты дирекция билеттер сатылымынан шамамен қанша теңге түсуі мүмкін екенін айта алмады.

Айта кетейік, сайысқа 57 елден 5 мыңға жуық спортшы мен журналист қатысады деп жоспарланып отыр. Универсиаданы өткізуге шетелден және жергілік аумақтан келетін 3 мыңға жуық ерікті жұмылдырылды. Одан бөлек, 30 мыңға жуық қонақ пен туристің келуі мүмкін деп болжанған. 12 спорт түрінен 85 медаль ойнатылатын болады.

Похожие материалы