Қазақстанда 2015 жылы мемлекет меншігіндегі 232 нысанды жеке меншікке өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде республика меншігіндегі 18, коммуналдық меншіктегі 121, ӘКК (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар) бойынша 50, холдингтар бойынша 43 нысанды сатылымға қоймақ.
Жекешелендірудің екінші толқынының аясында 2014 жылы жоспарланған 282 нысаннның 267 нысаны сатылымға қойылып, 145-і сатылып, 122-сі әлі де сатылымда тұр.
Сатылымның жалпы құны 27,3 млрд теңге, бұл дегеніміз өзінің бастапқы құнынан 1,03 есе көп (бастапқы құны - 26,4 млрд теңге). Қаржы министрлігінің хабарлауынша, республикалық бюджеттің кірісі 8%-ға өсті. 2014 жылы 42,5 млрд теңгеге 7043 нысан жекеге өткен. Жергілікті атқарушы органдарға 15 465 өтініш келіп түскен. Олардың жалпы құны - 42,5 млрд теңге. Ұлттық банк өзінің қорытынды есебінде 2014 жылдың соңына қарай жалпы сомасы 9,6 млрд теңгені құрайтын 51 жинақтаушы есепшот ашылғандығын хабарлаған болатын.
Жекешелендірудің жалпы кешенді жоспары бойынша үш жылда 869 нысан жекеге өтуі тиіс. Жекешелендіру бойынша нысандардың өтпей қалуының себебі елдегі экономикалық ахуалға байланысты. "Біз сатып алушылардың тарапынан потенциалды сұраныстың азаюы мен іскерлік белсенділіктің төмендеп жатқандығын бақылап отырмыз. Қазір бизнесті кеңейту туралы айту қиын шығар", - деп түсіндірді "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова. Қаржы сарапшысы Олжас Құдайбергеновтың ойынша, ірі объектілерді сатуды жағдай жақсарғанша күте тұрған дұрыс.
Бүгінде денсаулық сақтау Басқармасының "Емдік-диагностикалық орталығы" 376,2 млн теңгеге бағаланып отыр. Сонымен бірге, Ә.Қастеев атындағы бейнелеу өнері және сурет мектебін 130,8 млн теңгеге сату жоспарлануда. Қараша айында сатылымға түсетін Алматы қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығын 22,5 млн теңгеге, Халықтық-ұлттық спорт түрлері және бұқаралық денешынықтыру-сауықтыру клубын 17,1 млн теңгеге бағамдап отыр. Ал, желтоқсан айында Global ecological group Almaty ЖШС мен "Алматы" баскетбол клубын сатылымға шығарылмақ. Десе де, олардың нақты бағасы әлі бекітілмеді. 2015 жылы қор 17 активті сатылымға шығармақ. Оның ішінде «КазТрансГаз Аймақ» АҚ, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, «Алматы электр станциялары» АҚ, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС, «Тегис Мунай» ЖШС секілді ірі компаниялар бар. Негізінен 2014-2020 жылдары қордың көптеген объектілері мен 106 активтерін жекешелендіру көзделіп отыр. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің басшысы Дәулет Шагиров Республика сарайы, "Қайрат" ФК, "Алматыметроқұрылыс" ЖШС мен "Винокуров атындағы велосипед клубы" да сатылымға түсуі ықтимал деп отыр.
Жекешелендірудің екінші толқыны барысында тізімнен 25 мәдениет нысандары алынып тасталды. Заң бойынша оларды сатуға тыйым салынған екен. Олар мемлекет меншігінде қала береді. Мәселен, сол нысандардың бірі - алматы орталық циркі. Ал, мемлекеттің жалғыз киностудиясы "Қазақфильм" сатылымға осы жылы түсетін болды.
Объектілерді толықтай жекешелендірген жағдайда меншік иесіне қосымша шарттар қарастырылуы мүмкін. Мәселен, белгілі бір мерзімге қызметкерлерді жұмыс орындарында қалдыру деген секілді. Шамамен бір жылдай өзгерістерге бейімделуге мұрша беріледі деп түсіндірді Е. Бахмутова. Жекешелендіруден түскен қаржы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға кетеді.
Материалды дайындаған Аққайыр Жадыра «7»