Дағдарыс экономикадағы цифрларға ғана емес, қоғамның көңіл-күйіне де әсер ете бастады. Доллар бағамының өсуі қарыздарының көбейгендер "сөзден іске" көшкендей. Бір апта ішінде Алматыда ипотекалық несие алғандар бірнеше банктің алдында наразылық акциясын ұйымдастырды.
12 қаңтарда Алматы қаласының тұрғындары, қоғам белсенділері АТФ банк пен ForteBank-ке ипотекалық несие саясаты бойынша наразылық танытып, ипотекалық несиені қайта қаржыландыру туралы мемлекеттік бағдарлама шарттарын талқылауды сұрады. АТФ банк алдына жиналғандар банкпен берілген құжаттарды табытқа салып "жерледі". Осыдан кейін ForteBank ғимаратына басып кіріп, басшылықпен оның ішінде Болат Өтемұратовпен кездесуді талап етті. "Соңғы ақшамыз" деп ұрандатқан тұрғындар банк қызметкерлеріне іш киімдерін лақтырды. Ал 20 қаңтар күні ипотекаға үй алған борышкерлер "Қазкоммерцбанк" пен "БанкЦентрКредит" бөлімшелерінің алдында наразылық шараларын ұйымдастырды. Қазком алдына "қара" жамылып барса, ЦентрКредит банкке банк логотипін тағып барып, оны өртеп жіберді. Олар кімдер? Олар - осыдан бірнеше жыл несиеге пәтер алып, уақытында төлей алмағандар. Баспана үшін қарыз алғандар қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша азайтылған пайыздарына разы еместігін алға тартады."Ыстық бәліш бергендей несиені берді. Енді келіп мәселені мемлекет есебінен шешкілері келеді. Талаптарды да қиындатып отыр. Біз қарызды мүлде жойсын деп жатқан жоқпыз. Тек әркім өзінің қарызды төлеу қабілетіне қарай несиесін өтеу керек", - дейді банктерге наразылық білдірген борышкерлердің бірі Дильнар Инсенова. Олардың айтуынша, мемлекет тарапынан қайта қаржыландыруға бөлінген қаржы банктер тарапынан дұрыс игеріліп отырған жоқ.
Тұрғындардың тілегі бір жерден шыққанымен, банк басшылығы бірауыздан жауап бере қойған жоқ. Борышкерлер қарсылығының алғашқы обьектісі болған АТФ және ForteBank менеджерлері тарапынан нақты пікірлер айтылмады.
Ал 20 қаңтарда борышкерлер барған "Қазкоммерцбанк" басқарма директорының атқарушы директоры Айгерім Жаппарованың сөзінше, күн сайын ипотекаға үй алғандармен кездесу өтеді. Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бойынша банкке 32 млрд теңгені құрайтын 4500 өтініш түскен. 19 млрд теңге көлеміндегі 3100 өтініш мақұлданыпты. "2000-ға жуық борышкерлердің ипотекасын 9 млрд теңгеге дейін арзандаттық. Ал бағдарлама шарттарына сай келмейтін қарыз алушылармен жеке кездесіп, мәселелер шешіледі. Соңғы аптада бөлімшелерге келген барлық клиенттермен Қазком өкілдері кездесіп жатыр", - дейді ол.
«Казкоммерцбанк» АҚ Алматы филиалы директорының орынбасары Дмитрий Посохов болса қарыз алушылардың талаптары мұндай наразылықпен шешілмейтінін айтады.
"Қарыз алушылардың талабы тек өсім мен пайыз мөлшерін алып тастау жағынан ғана қаралады. Ал негізгі қарызды кешіру болмайды. Бұл бағдарлама талабында көрсетілген. Қайта қаржыландыру шарты бар. Бірақ осыған қатысты клиенттер құжаттарды әлі толық жинамаған, қайта қаржыландыруға өтініш жібермеген. Олар өзара келісімге келгісі келіп отырған жоқ, қарызды төлегілері келмейді. Мен клиенттермен өзім күнделікті кездесемін деуге болады. Әркім әртүрлі жағдайын айтады", - дейді банк директорының орынбасары.
Ал Қазкомнан кейін ЦентрКредит банк ғимаратының алдында жиналғандарға банктің проблемалы несие департаменті директорының міндетін атқарушы Асхат Сүйіншәлиев келіссөздер жүргізуді ұсынды. "Біз барлық несие алғандармен кездестік. Барлық тізімді алып, несие комитетіне жібереміз. Қарыздырды қайта қаржыландырамыз. Ұлттық банк қазір осы шарттар бойынша жұмыс істеп жатыр. Бізге 15,5 млрд теңге бөлінді. Қазір осы қаржыны игеру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ қазіргі кездегі курспен келіспейтін және бір емес бірнеше ипотекаға үй алғандар, 3 майыздық жылдық мөлшерлемемен төлей алмайтын немесе төлегісі келмейтін клиенттер бар", - деді ол.
"Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру туралы" бағларлама 2015 жылдың мамыр айының басында Ұлттық банк тарапынан бекітілген болатын.
Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мақсатында Ұлттық банк «Проблемалы несиелер қорының» капиталын 130 млрд теңгеге ұлғайтты. Бұл қаржы ипотекалық және ипотекалық тұрғын-үй несиелерін қайта қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерге орналастырылады.
Қайта қаржыландыруға 2004 жылдың 1 қаңтары мен 2009 жылдың 31 желтоқсаны аралығында алынған несиелер жатады. Қарыз бойынша қалдық 36 млн 470 мың теңгеден аспауы қажет. Қайта қаржыландыру кезінде халықтың әлеуметтік әлсіз тобына басымдық берілген. Қайта қаржыландырған несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3%-дан аспауы қажет.
Бағдарлама бойынша шетел валютасындағы қарыз теңгеге ауыстырылады. Ал курс 2015 жылдың 18 тамызындағы бағам бойынша (188,35 теңге) белгіленген.
Маржан Нүсіпбек "7"