Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

АҚШ әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері

АҚШ әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері

XVIII ғасырдың соңы-ХІХ ғасырдың алғашқы онжылдығында АҚШ-тың экономикалық даму деңгейі Батыс Еуропадан, әсіресе Англиядан әлі де артта қалып отырған болатын. Оның өнеркәсібі енді ғана аяғынан тұра бастады, бірақ та капиталдың шоғырлануы, ішкі нарықтың қалыптасуы және ағылшынның техникалық жетістіктері өнеркәсіптегі төңкеріске түрткі болды. ХVІІІ ғасырдың 90-жылдарында АҚШ-та жеке фабрика түріндегі кәсіпорындар пайда болса, ал ХІХ ғасырдың екінші ширегінде фабрикалық жүйе енгізіле бастады.

АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтон (1789-1797) кезінде елдің қаржы жүйесі нығайтылып, ұлттық банк құрылды және бірыңғай ақша жүйесі енгізілді.

Жол-көлік торабын құрудың орасан зор маңызы болды. ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде-ақ құбырлар салына бастады. 30-жылдардың басында теміржолдар пайда болды, ал 1860 жылы 30626 мильге жеткен осы теміржолдардың ұзындығы бойынша дүние жүзінде АҚШ бірінші орынға шықты. 1869 жылы контиентаралық жолдар жұмыс жасай бастады.

АҚШ жалпы бастыстық бағытта дамыды. Еркін жатқан аумақтар бірінен соң бірі қонысталып, кейін олар тең құқықты штаттар ретінде одаққа қабылданды. 1861 жылдың өзінде-ақ АҚШ аумағында 40 штат болды.

Жаңа жерлерді игеру АҚШ экономикасының аграрлық сипатына себепші болды. Жер алу үмітімен Батысқа америкалықтармен қатар өзге елдерден қоныс аударушылар да бет алды. Жер сату-мемлекет үшін кірістің өте маңызды қайнар көзі болды. Жер сатып алып, онда фермерлік шаруашылықты жолға қою өте қымбатқа түсетін еді. Тек жалданып істеуге немесе жерді жалға алып іс бастауға мүмкіндік болды. Скваттерлік те, яғни жерді өз бетімен басып алу да жалғасын тауып жатты. Ал 1841 жылдан бастап қоныстанушы басып алған жер бөлігін өзіне меншіктенуі жөнінде құжат алуына мүмкіндік туды. Көптеген фермерлік «отбасылық» түрде болды. Олардың өнімдері сатуға түсіп жатты. Бидай, жүгері, шошқа еті елдің шығысы мен оңтүстігінде сатуға шығарылса, батыстың ауыл шаруашылықтары аудандарында арзан фабрикалық заттар әкелінді.

40-жылдарда басталған соқа, шөпшалғы, баулайтын және басқа да техникаларды шығару ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етті.

Отбасылық еңбектің басым болуы және оны механикаландыру еркін штаттардағы америкалық ауыл шаруашылығы дамуының ерекше сипаты болды.

АҚШ-та өнеркәсіптегі жұмысшы табы қалыптасты. Имигранттар ғана емес, сондай-ақ көптеген америкалықтар да еңбекақысын ақша түрінде алуды бағалай бастады.

Америкалық қоғамға тән сипат алған жағдай жастардың фабрикаларда жұмыс істеуге ұмтылысы болды. Фермерлік шаруашылықты отбасының үлкен балалары мұра қылса, кішілері бөлініп шығып, өз бетінше еңбек етіп, ақша таба бастады.

Сословиелік ұғым жоқ америкалық қоғамда еңбекақы табуға көптеген жағдайлар болғандықтан, «баю мүмкіншілігі мол еді: балалары ата-аналарынан асып түсуге ұмтылды. Бұған иммиграция қолайлы жағдай туғызды:елге қоныс аударып келіп жатқан жарлы-жақыбайлар ауыр жұмыстарға жалданып, жергілікті АҚШ азаматтарының «жоғары» өрлеуінемүмкіндік жасады. Ірі америкалық алпауыттардың бәрі осындай «төменнен» шыққандар еді. Мысалы, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы теміржол және болат құю зауытының қожасы Эндрю Карнеги өзінің мансабын қарапайым теміржол қызметшілігінен бастаған.

Оңтүстіктің құл иеленуші штаттарында плантаторқұл иеленушілер үстемдік етті. ХVІІІ ғасырдың соңынан мақта өсіре бастаған олар, бар өміріне жететін байлыққа, құдіретке және ықпалға ие болды. Мақта әуелде жедел дамыған ағылшын тоқыма өнеркәсібінің шикізат көзі болса, кейіннен АҚШ-тың өзіне де қажет бола бастады. 1793 жылы Эли Уитнидің қарапайым да өнімді түрде мақта тазалайтын машина ойлап табуы АҚШ-та мақта  өндірісінің тез дамуын ынталандырды. Тез арада олар дүниежүзілік рыноктың басты жабдықтаушысына айналды. Мақта америкалық экономиканың «королі» ретінде, шетке шығарылатын басты тауар болды. Мақта өсіруде және жинауда көбінесе қол еңбегі пайдаланылды, сондықтан құлдарды ұстау өте тиімді деп саналды.

Құл иеленуші америкалық плантатор шексіз билік иесі болды, ақсүйек-помещиктің өмірін кешіп, өздерін «джентелмен»санаса да, екінші жағынан олар капиталист кәсіпкерлер еді. Жерге және құлдарға деген жеке меншік дербес еді, оған да капитал бөлінетін. Мақтаға деген мол сұраныс, бос жатқан жерлердің көптігі, қолайлы табиғи жағдай аз шығынмен құлдарды пайдалану мүмкіншілігі, АҚШ-тың Оңтүстігінің плантациялық шаруашылығын өнімді және пайдалы кәсіпке айналдырды.

Мақта плантацияларымен қатар Оңтүстікте темекі, күріш және қант плантациялары да болды. Өнеркәсіптің дамуына құлиеленушілік кедергі жасады. АҚШ-тағы жағдайдың ерекшелігі – ондағы құлдық жүйе бір жағынан «қалыпты» капиталистік дамуды тежеді, ал екінші жағынан, фабрикаларды шикізатпен қамтамасыз етіп, кіріске жағдай жасады.

Техникаларды жетілдіру арқылы және жалдамалы жұмысшылардың көбеюі есебінен дамитын өнеркәсіптік өндірістен айырмашылығы, плантациялық құлдық экстенсивті сипатта болып, жаңа жерлерді көп қажет етті. Өйткені мақта мен темекі жер құнарын тез тоздыратын. Бұрынғы шекарасынан асып жайыла түсу құл иеленуші штаттардың өмір сүру заңдылығы болды. Бос жатқан жерлерді қоныстану бар қоғамның мүддесіне айналғанымен, құлиеленушілер өздерінің Оңтүстіктегі «ерекше мүдделерін» қатыгездікпен қорғады.

АҚШ аумағының өсуі. Тәуелсіздік үшін соғыс аяқтала салысымен-ақ Құрама Штаттар жер кеңейту мәселесімен айналыса бастады. Алғашқы он үш штатқа соңғы кезде үндістерден тартып алынған Кентукки(1792), Теннеси (1796) және Огайо (1803) қосылды.

Джефферсон әкімшілігі де ірі аумақтарды иеленді. 1803 жылы олар 60 млн. Ливрге (15 млн доллар) Франциядан Луизиананы сатып алды. Осы пайдалы келісім арқылы АҚШ өзінің аумағын екі есеге өсірді.

1810 жылы Миссисипи мен Перл өзендері арасындағы аймақта америкалық қоныс аударушылар төңкеріс  ұйымдастырып, Батон Руж маңайындағы аймақты басып алды. Олар Флорияның батыс бөлігін Испаниядан тәуелсіз деп жариялап, Құрама Штаттардың үкіметінен жаңа тәуелсіз аймақты Одаққа алуы жөнінде өтініш жасайды. АҚШ президенті Джеймс Мэдисонның жарлығымен үкімет әскері осы аймақты басып алып, 1812 жылы құрылған Луизиана штатына қосады.

1817-1819 жылдары Құрама Штаттар Шығыс Флориданы сатып алу жөнінде Испаниямен келіссөз бастайды. Келісімге келе алмай, генерал Джексон бастаған америкалық әскер АҚШ-тың оңтүстік шекарасынан өтіп, Флориданы басып алады. АҚШ-тың Оңтүстік плантаторларын Флориданың құнарлы жері қызықтыратын, сондықтан да бұл америкалықтардың басқыншылығының басты себебі еді.

1821 жылы Мексика өзін -өзі билейтін дербес мемлекет болды. Осы уақыттан бастап Мексиканың солтүстік аудандарында АҚШ-тан шыққандар қоныстана бастайды. Оңтүстік штаттардың плантаторлары Техастың құнарлы жерлеріне мүдделі еді. 1830 жылдың сәуірінде Мексика Конгресі америкалық азаматтардың Техасқа қоныстануларына тыйым салады.

1835 жылы Техаста көтеріліс бұрқ ете түсті. Мексикалық әскерлер қуылды. 1836 жылы Техас тәуелсіз республика болып жарияланды. Тоғыз жыл өткеннен соң 1845 жылдың желтоқсанында Техас өз еркімен құл иеленуші штат ретінде АҚШ құрамына кіреді.

Техастың АҚШ-қа қосылуы 1846-1848 жылдардағы Мексика –Америка соғысын тудырды. Соғыс Мексиканың жеңілуімен аяқталды да, ол өзінің жарты аумағын АҚШ-қа беруге мәжбүр болды. Бұл қазіргі АҚШ-тың Калифорния, Невада, Аризона, Нью-Мексико және Юта штаттары.

1846 жылы АҚЩ пен Англия келісімшартқа қол қойып, Канададағы ағылшын иеліктері мен АҚШ-тың солтүстік шекарасын бекітеді. Осындай негізде Атлантикадан Тынық мұхитқа дейінгі осы күнгі аумақ қалыптасқан болатын. Жарты ғаыср уаықтта ол үш есе үлкейді. Кейінірек, 1867 жылы америкалықтар Ресейден Алясканы сатып алады, ал 1893 жылы Тынық мұхиттағы Гавай аралдарын жаулап алды.

Екі партиялы жүйенің қалыптасуы. 1787 жылы қабылданған және бүгінгі күнге дейін күшін жоймаған АҚШ конституциясы саяси партиялар құруды ескеріп, төрт жылға сайланатын, президент арқылы қуатты орталықтандырылған билікті бекітті.

АҚШ-тың құрылуының басында Джордж Вашингтон, Бенджамин Франклин, Джеймс Мэдисон, Джон Адамс, Александр Гамильтон тұрды.АҚШ-тың тұңғыш президенті болып 1789 жылы Джордж Вашингтон (1732-1799) сайланды.

Джордж Вашингтон билік басындағы федералистер партисына жетекшілік етті.Дж. Вашингтон әкімшілігнің қаржы министрі Александр Гамильтон (1757-1804) жеке өнеркәсіп пен сауданың дамуын жақтады. Ол тек осы жол ғана елді өркениетке жеткізеді деп дәлелдеді.

Гамильтонның пікірінше, федералды үкімет өнеркәсіптің дамуын жан-жақты қолдауға тиіс. Яғни, оған жеңілдік түрінде несие беру, бақталастарынан кедендік салық көлемі арқылы қорғау. А.Гамильтон қаржы жүйесін тәртіпке келтіріп, АҚШ Ұлттық банкін құру қажеттігіне федералды үкіметтің көзін жеткізеді. Құрама Штаттардың бірінші Ұлттық банкі 1791 жылы құрылып, 1811 жылға дейін жұмыс жасады.

А.Гамильтон отандық өнеркәсіпті кеңейте түсу қажеттігін ұсынып, АҚШ өнеркәсіптік өндіріске, банк ісіне және кеме жасау саласына сүйене отырып, экономикалық даму саясатын жүргізуге тиіс деп есептеді.

Қоғам А.Гамильтон ұсынысын толық қабылдай қоймады. Америкалық фермерлер мен қаланың төменгі тұрғындары Ұлттық банк кедейлер есебінен ауқаттыларды қамтамасыз етеді деп қауіптенді.

Қарапайым халықты саяси және экономикалық тұрғыдан қорғауды Томас Джефферсон өз мойнына алады. Ол тәуелсіздік жөніндегі Декларацияның негізін қалаушы, Вашингтон әкімшілігінің мемлекеттік хатшысы болатын. Федералистерге қарсы оппозициялық қозғалысқа жетекшілік етті. Томас Джефферсон және оны жақтаушылар Американың гүлденуіне өнеркәсіп емес, ауыл шаруашылығы негіз болады деп есептеді. Ол АҚШ-тың саяси құрылымын демократияландыру қажет деп санады. Оның пікірінше, Америка өз жерінде жұмыс жасайтын және өмір сүретін фермерлер елі болуға тиіс. Ол федералистерге үкіметке емес, штат үкіметтеріне кең көлемдегі билік беру қажет деп түсінді. Джефферсон кедендік баж салықтарының өсуіне қарсы болды, өйткені бұл фермерлер үшін елге әкелінетін заттардың бағасын өсіретін еді. Гамильтонды жақтаушылар демократиялық республикашылдар деп аталды.

1800 жылғы президенттік сайлауда америкалықтар өз дауыстарын Джефферсонға беруді жөн көрді. Федералистер алдында оның жеңісі Құрама Штаттарда демократиялық дамуды құптаушылардың зор табысы деп қаралды.

Қоғам ішінде әлеуметтік – экономикалық әр тектестіктің күшейе түсуі, Батыстың әрі қарай игеріле бастауы үкіметтік бағытты қолдауды қамтамасыз ететін жаңа саяси тәсіл қажет екендігін көрсетті. АҚШ президенті Эндрю Джексон (1829-1837) жаңа Демократиялық партияны басқарды.Бұл партияда Оңтүстік пен Батыс жер иеленушілері, кәсіпкерлер, орта топтар, тіпті солтүстік-шығыстың «төменгілері» де елеулі рөл атқара бастады. Қатарында Джефферсон сияқты атышулы тұлғалар күрт төмендеді. Ұлттық жетекші кәсіпкерлерге еркіндік беріп, әлеуметтік әр түрлі топтарды, олардың мүдделерін жақындастырып, топтастырудан биліктің демократиялық нысандары байқалды.

Демократтардың билік құруы 1841 жылға дейін, ұлттық республикашылдардың орнын басқан жаңа Вигтер партиясының өкілі Уильям Гаррисон президентікке сайланғанға дейін созылды. Екінші рет қос партиялы жүйе қалыптасып, екі партиядан президенттер кезекпен бір-бірін 1860 жылға дейін ауыстырып келді. Демократиялық партияда құ иеленуші Оңтүстіктің ықпалы басым болды. Вигтер партиясы да оңтүстіктегілер арасынан қолдау тауып, құлиеленушілермен ымыраға келуге бейім тұрды. Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы қайшылықтың өсуі жағдайында вигтер демократиялық ортаның да, сондай-ақ Солтүстіктегі құлдыққа қарсылардың да мүддесін жақтамады.

Оңтүстікке қарсы жаңа саяси күш ретінде, 1854 жылы Чикаго қаласында құрылған Республикалық партия шықты. Бұл партия бүгінгі күнге дейін саяси аренада. Оның жетекшісі Авраам Линкольн америкалық демократияның негіздерін қара құлдарды азат ету және аграрлы мәселелерді шешу арқылы елеулі түрде кеңейтті. Республикалық билік 1861 жылы басталып, 1885 жылға дейін, яғни Ақ үйде жаңа президент-демократ пайда болып, қос партиялы жүйені толық қайта орнатқанға дейін жалғасып келді.

Негізгі партиялардан басқа, ұсақ саяси бірлестіктер, мысалы, жұмысшылар партиясы болды. Америкалық «жұмысшы партиясы» еңбекақыны көбейту, жұмыс күнін азайту сияқты дәстүрлі талаптарды ұсынды.

Азамат соғысыынң маңызы мен қорытындылары. Азамат соғысы мен Оңтүстікті қайта құру ірі біртұтас болды және Солтүстіктің Оңтүстікті жеңген әскери жеңісінің шегінен шығып жатты. Даму барысындағы капитализм өз жолындағы қандай да болмасын кедергіні жойып отырды.

АҚШ тарихында Азамат соғысы ең қантөгісті соғыс болды. Бұл соғыста 650 мың америкалық қаза тапты. ХХ ғасырдағы АҚШ қатысқан барлық соғыста осыншама адам қаза болған жоқ еді. Шығынға әсіресе Оңтүстік көп ұшырады, өйткені соғыс қимылы негізінен осы аумақта өтті. Теміржолдар қиратылып, плантациялар ойрандалды, банктер күйреді. Бұл соғыста экономикалық жағынан әлдеқайда дамыған Солтүстік жеңіске жетті, ал аграрлық артта қалған Оңтүстік жеңіліс тапты.

Азамат соғысының басты маңызы құлдықты жою болды. Қара түстілер мен ақ түстілердің тең құқықты  екендігін бекіту үрдісі басталғандығы америкалық демократияның дамуындағы маңызды қадам болды. Соғыс ірі жер иелену меншігін, плантацтялық шаруашылықтың негізін күйретіп, америкалық ауыл шаруашылығын фермерлік жолмен дамуға бағыттады. Сондай-ақ, соғыс елдің экономикалық және саяси өмірінде Солтүстіктің жетекшілік рөлін бекітті. Осының барысында Солтүстіктің өнеркәсіп капиталистері мен орта табының Батыстағы фермерлермен одағы нығая түсті. Бұл республикалық партияны күшейтіп, елдің саяси өміріндегі жетекшілік рөлін қамтамасыз етті.

Елді индустрияландырудың ерекшеліктері. ХІХ ғасырдың екінші жартысында америкалықтардың құрлықты игеру барысында теміржолдар торабын құрып, тың жерлерді жыртты. Бұл ғасырды АҚШ ірі елдер қатарында аяқтады.

1893 жылы 1 мамырда Чикаго қаласында президент Кливленд Американың 400 жылдығы құрметіне дүниежүзілік Колумбия көрмесін ашты.

ХІХ ғаысрдың соңғы отыз жылында АҚШ-тағы «еркін» капитализм өзінің ең жоғарғы өрлеу шегіне жетті. Мемлекет өнеркәсіпті өркендету жолына түсті. Бұл табысқа рынокқа бірігуі ықпал етті. Елдің қауіпті көршілері болмады, яғни, көрші жатқан Канада немесе Мексика АҚШ-тың қауіпсіздігіне қатер туғыза алмады. Ал екі мұхит – Тынық мұхиты мен Атлант мұхиты шекараны жатжерлік басқыншылықтан қорғап жатты. Елде өзінің табиғи байлығы мол болды.

АҚШ экономикасы шетелдік капиталдан кемдік көрген жоқ. 3млрд. Доллар көлемінде еуропалық несиелер мен қарыздар америкалық өнеркәсіпке, банк ісіне, теміржол құрылысына құйылып жатты.

Ішкі нарықтың кеңеюіне халық санының тез өсуі, фермерлердің көбейе түсуі, Оңтүстікте құлдықтың  жойылуы сияқты тұтас бір жағдайлар әсер етті.

Оңтүстіктегі плантаторларды жеңгеннен кейін, кәсіпкерлер табы құрлықты және экономиканы жаулап алуға ұмтылды.

Латын Америкасы елдері

Латынамерикалық отарлардың әлеуметтік-экономикалық дамуы. Латын Америкасы деп ХV және ХМІ ғасырлардың соңында испандықтар мен португалдықтар жаулап алған Американың оңтүстігін, орталығын және солтүстігінің бір бөлігін атайды. Американың осы бөлігінің тұрғындары негізінен испан, португал тілдерінде сөйлейді және католик дінін ұстанады. Латын Америкасының ағылшын тілді және протестант дініндегі басқа америкалық бөліктен  (АҚШ және Канада) айырмашылығы да осында.

ХVІ ғаысрда Американы испандық және португалдық жаулау нәтижесінде еуропалықтар үндіс халықтарына өз үстемдігін орнатты. Конкиста қатыгездікпен жүргізілді. Конкистадорлар үндістерге католик дінін зорлықпен қабылдатты, олардың храмдарын жойды, абыздарын қуғындады. Кез келген қарсылық аяусыз жазаланды. Жаулап алынған аумақтар испандық және португалдық мемлекеттердің иеліктері Испандық Америка деп аталды.

Үндістер корольдің бодандары деп жарияланды. Оларды құлдыққа айналдыруға тыйым салынды. Үндістердің басым көпшілігі король билігінде болды. Қалған бөлігі испандық дворяндарға феодалдық тәуелділікте болды. Бұл үндістерді помещиктер құл ретінде пайдаланды.

Испандық Американың аумағы төрт вице-корольдікке (Жаңа Испания, Жаңа Гренада, Перу және Ла-Плата) бөлінді, олар провинцияларға –генерал-капитандықтарға бөлінді. Әкімшілікті және әскерді Испания королінің өкілі – вице-корольдер басқарды. Шенеуніктер мен офицерлер испандықтар болды. Олар тұрғындардың басым бөлігін құрады.

Креолдар – еуропалықтардың ұрпақтары, тұрғындардың азшылық бөлігін құрады. Жоғары лауазымдарға олардың қолдары жетпеді. Креолдар діни қызметшілер, адвокаттар, кеме иелері, көпестер, әскери адамдар болды.

Испандық Американың тәуелді тұрғындар бөлігін үндістер, негр-құлдар және аралас нәсіл өкілдері – негрлер мен еуропалықтардың некелерінен туған ұрпақтары – мулаттар, негрлер мен үндістердің некелерінен туған –самбо құрады.

1500 жылы Оңтүстік Американың шығыс бөлігін ашқан португалдықтар өздері «пау-бразиль» деп атайтын бағалы ағаш түрлерін тасып шығарумен ғана шектелді. Осыдан Оңтүстік Американың португалдық бөлігі Бразилия деген атауға ие болды. Еуропалықтардың Бразилия аумағын игеруі ХVІІ ғасырдан басталды. Отаршылдар қант құрағын өсіретін плантациямен айналыса бастады. Бразилия Португалияның маңызды отарына айналды.

Португалдықтар Африкадан негрлерді әкеле бастады. ХІХ ғасырдың басында Бразилия Латын Америксындағы ірі құл сату орталығы  болды.

Испандық  Американың және Бразилияның тұрғындары ХІХ ғасырдың басындағы өздерінің құқықсыз саяси және экономикалық жағдайына қарсылық білдірді. АҚШ-тың тәуелсіздігін жариялауы, француз төңкерісі экономикалық және саяси бостандықтар үшін күресуге негіз салды. Латын Америкасы халықтарының отарлық тәуелділіктен азаттық алу үшін күресі басталды.

Тәуелсіз  мемлекеттердің құрылуы. Испандықтардың ескі отаршылдық тәртіпті қалпына келтіруі отар тұрғындарын қайта күреске шығарды. 1810 жылы мамырда Буэнос-Айресте  басталған көтеріліс 1816 жылы жаңа тәуелсіз мемлекет – Біріккен Ла-Плата провинциялары республикасының құрылуына дейін жалғасты. Мұнда генерал Хосе Сан-Мартин басқаратын Анд әскері құрылды. Бұл әскер Ла-Платаны Чилиден бөліп тұрған Анды тауынан өтіп, испан әскерлерін талқандады. 1818 жылы ақпанда Чили тәуелсіздігін жариялады.

Венесуэланың тәуелсіздігі үшін күресті Симон Боливар жалғастырды. Гаити үкіметінің қолдауына ие болған ол еуропалықтардан да  көмек сұрады. Азат етуші әскер құрамына ағылшындар, ирландықтар, италиялықтар, немістер, поляктар кірді.

1816 жылы желтоқсанда Боливар отансүйгіштер отрядымен Венесуэла жағалауына келді.

Похожие материалы