Астана. 19 мамыр. 7kun.kz - БАҚ-та зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар туралы мәлімет жариялауға тыйым салынбақ. Бұл туралы бүгін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «басылымдардың біріне берген сұхбатында хабарлады.
Ол жаңа заң туралы өз пікірінде жұмыстың жүріп жатқанына 9 ай болғанын, осы уақыт ішінде қаншама талқылаулар, пікірталастар, жұмыс тобының отырыстары мен қоғамдық тыңдаулар өткенін еске салады.
Министрдің айтуынша, құжатқа 200-ден астам түзету мен толықтыру енгізілген. «Сенсеңіз, менің қолымда заң жобасының 15 нұсқасы болды. Жобаны 35 мемлекеттік органның келісімінен өткіздік. Естеріңізде болса, алғашқы тұжырымдамасы әзірленген бетте біз оны интернетте жариялап, жалпы талқылауға шығардық. Соған қарамастан журналистердің ойы әлі өзгермегенін көріп отырмын», - дейді министр.
Оның айтуынша, заң жобасында жеке басқа қатысты мәліметті жариялау үшін келісімін алу қажеттігі жөніндегі талап күшінде қалды.
«Бірақ, ол келісімді енді диктофонға жазу арқылы да алуға болады. Бұл белгілі бір деңгейде БАҚ өкілдерінің жұмысын күрделендіруі мүмкін. Бірақ адамның жеке өміріне араласуға болмайтынын ешкім әлі жоққа шығарған жоқ. Бұл - жалпыға бірдей адам құқықтары жөніндегі декларацияда бекітілген қағидат. Бірқатар Еуропа елдерінде, оның ішінде Франция, Грекия, Венгрия сияқты елдерде осыған ұқсас ережелер бар. Сондықтан, заңды әзірлей отырып, біз БАҚ саласының дамуын ғана емес, қарапайым азаматтардың да мүддесін есте ұстауға тиіспіз. Мысалы, біз бұл заң арқылы БАҚ-та зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар туралы мәлімет жариялауға тыйым салғымыз келеді. Қарап отырсақ, бұл да шектеу, алайда бұл қажеттіліктен туындаған шектеу», - деп түсіндіреді Дәурен Абаев.
Бұл ретте министр ақпарат құралдарында рейтинг қуып, небір жантүршігерлік деректерді оңды-солды жариялау белең алғанына назар аударады.
«Жәбір көрген баланың өмірі енді қалыпқа түсе бергенде, ондаған жылдан кейін осы деректер алдынан шыға келсе қандай трагедия болатынын қазір БАҚ өкілдері де, кейбір жағдайда ата-аналар да пайымдап жатқан жоқ. Сондықтан, бір ғана ақпарат адамның бүкіл өмірін құртып, отбасын ойрандауы мүмкін екенін естен шығармаған абзал», - дейді Д. Абаев.
Заң жобасы алдағы уақытта Мәжіліске енгізіледі.
«Негізгі талқылау Парламент қабырғасында болады. Яғни, қызу пікірталастар әлі алда», - деді ол.
Дереккөз: inform.kz