Британия премьер-министрі Тереза Мэй, Франция президенті Эммануэль Макрон мен Германия канцлері Ангела Меркельдің бір-бірінен айырмашылығы көп. Мэй былтыр Брекзит референдумынан кейін Дэвид Кэмерон орнынан кеткен соң күтпеген жерден қызметке келді. Макронның тіпті тәжірибесі жоқ. Ол өткен айда ғана өміріндегі алғашқы сайланбалы қызметіне кірісті. Ал 2005 жылдан бері канцлер қызметін атқарып келе жатқан (1991 жылдан бері депутат болған) Ангела Меркель Еуропадағы билікте ең ұзақ отырған үкіметбасы саналады.
Бірақ бұл үш саясаткердің ұқсас жақтары да бар. Олардың ел ішіндегі қолдауы мықты. Мэй де, Меркель де өз елдеріндегі жалпы сайлауларда жеңіске жететін тәрізді. Біреуінде сайлау осы аптада, ал келесісінде қыркүйек айында болады. Ал Макрон Францияда айқын жеңіске жетті. Ең бастысы – олардың барлығы дәстүрлі саяси партиялар ықпалының төмендеуінен пайда болған бос кеңістіктің орнын толтыратын саясаттың жаңа түрін қалыптастырып жатыр.
Жаңа саяси парадигма жаһандануды қолдайтын, әлеуметтік қорғауға аздап көңіл бөлетін, патриотизмге басты назар салатын орташыл популизмге негізделген. Және ол жеке адамдарға көп сүйенеді. Британиядағы сайлауда Мэй – ең қызықты тұлға болды, ал оның бөлшектенген Консервативтік партиясы партияның рөлін төмендетіп жатыр. Меркель де өзгеріп жатқан Христиан-демократиялық одақ партиясындағы негізгі тұлға, оған балама болатын лидер қалған жоқ. Ал Макрон өз партиясын құрған.
Осы бір ерекше саяси революцияны зерттеушілер назарынан шығарып алды, олар әсіресе орташыл-солшыл дәстүрлі партиялардың әлсіздігі демократияға қауіп төндіреді деп жаңсақ тұжырым жасады. Соңғы жылда әлемнің ірі өндірістік елдерінің көбінде оңшылдардың және иллиберал популизмнің қанат жаюы бұл пікірді одан сайын қуаттай түсті.
Алайда, оңшыл популизмнің толқыны көпшілік ойлағандағыдан әлдеқайда әлсіз, жаһанға жайыларлықтай қауқарлы емес болып шықты, енді ол кері ығысып барады. Бәлкім, Дональд Трамп президент болып сайланғалы бергі АҚШ-тың басынан кешкендері бұған бір себеп болатын шығар, еуропалықтар мұндайды бастан өткеруге құлықты бола қоймас.
Еуропадағы Трампты қолдайтын националистер – Нидерландыдағы Гирт Уилдерс пен Франциядағы Марин Ле Пен сауалнама нәтижелеріндегі көрсеткіштерден іс жүзінде аз дауыс жинады. Демек, мұндай саяси мінез-құлықтан көңілі қалған еуропалықтар саясатта шектен шығуға соншалық ынталы емес.
Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында дамыған елдердің көпшілігі орташыл-оңшыл және орташыл-солшыл күштердің арасындағы баламаға негізделген тұрақтылықта өмір сүрді. Партиялар бітіспес жаулар болып көрінгенімен, шектен аспай, орташылдыққа ұмтылып, бірін-бірі толықтырып отырды. Мәселен, олар салыққа қатысты кей табыстарды қайта бөлісу туралы бастама көтергенімен, ешқандай тарапта радикалды әрекеттерге барған жоқ.
Дегенмен, 1990-жылдары жаһанданудың әсерінен және «сырттан арзан жұмыс күші ағылып келіп, жұмыс орындарынан айырылып қаламыз» деген сайлаушылардың үрейінің кесірінен бұл динамика бұзылды. Экономикалық ашықтықтан болған сын-қатерге жауап ретінде орташыл-солшыл партиялар жаһандануды әлеуметтік саладағы либералдық ұстанымдармен байланыстыра бастады.
Бірақ Ұлыбританияда «Жаңа лейбористер» деп аталған социал-демократиядағы бұл өзгеріс орташыл-солшылдардың орташыл-оңшылдар сияқты балама іздей бастаған дәстүрлі сайлаушыларына ұсынар ештеңесі болмады. Қазір байқағанымыздай, олар радикалдық бағытты іздемеген екен. Ақырында, байсалды саясаттың жаңа формасы ұсынылғанда, көпшілік соны қолдап шыға келді.
Жаңа орташыл саяси үйлесім гипер-жаһанданудан бұрынғы кезеңді еске түсіреді. Мэй, Меркель және Макрон өз елдерінде саясатты қайта құру кезінде ұлттық дәстүрді қатаң ұстанады.
Мәселен, Т.Мэйдың Консервативтік партиясының ашық экономикалық либерализмді «шегі жоқ еркін нарық» және «өзімшіл индивидуализм» деп санап, қабылдамай қоюы Британияның дәстүрлі патернализмін еске түсіреді. Оның денсаулық сақтау саласын жақсартып, жоғары деңгейдегі басшылардың шектен тыс айлығын қысқарту, әлеуметтік тұрғын үйлерді көбірек салу (кейін сатып алу құқығымен жалға беру) халық үшін тым таныс, кей кездері тіпті ескінің қалдығы сияқты көрінеді (әсіресе оның жиырма жылға жуықтаған түлкі аулауға тыйым салу заңын алдырып тастауға күш саламын деп уәде бергенін еске алыңыз).
Ал Макрон француздардың ұлттық психологиясында терең орныққан, алдыңғы президенттер елеусіз қалдырған, басқа дәстүрді алып келді. Ол «Франция - жоғары сапалы инженерлік мектептері және беделді инфрақұрылым жобалары бар заманауи әрі динамикалық ел» деген дәстүрге көңіл бөліп отыр. Францияның президенті ретінде ол өзін бір жағынан голлист, екінші жағынан ұлттық әнұранның ырғағын жылдамдатқан модернист ретінде көрсеткен Валери Жискар д’Эстенді көбірек еске түсіреді.
Меркель болса, нағыз неміс дәстүріне берік адам. Ол идеологиядан гөрі прагматикалық әрекетке ден қойды. Германия канцлерлерінің арасындағы д’Эстеннің әріптестерінен ол партиясынан қол үзіп, басқару мен біліктілікке көбірек көңіл бөліп кеткен Гельмут Шмидті көбірек еске салады.
Бұл жаңа еуропалық саясаттың ең маңызды элементі – жеке адамның біліктілігі. Т.Мэй – Брекзит бойынша келіссөздерді сеніп тапсыруға болатын жалғыз адам. Э.Макрон Германиямен және Еуропа одағымен жұмыс істей алатын білігі бар жалғыз саясаткер саналады. Ал А.Меркель – ең сенімді саяси тұлға.
Бірақ, Мэйдің, Макрон мен Меркельдің алдында тұрған ауыр шаруаны ең білікті деген басшының орындауы өте қиын. Брекзит келіссөздерінен басталатын бұл шаруа еуроаймақ пен Еуроодақты реформалауға барып тіреледі. Брекзит жүзеге асып, Еуроодақ құрамынан интеграцияға қарсы держава шығып кеткен соң француз-герман ынтымақтастығына ерекше мүмкіндік туады, бірақ бұл прогрестің жолына қойылған шынайы кедергілерді алып тастай алмайды.
Шынайы жағдайға қарасақ, Еуропаның ең ірі үш елінде қалыптасқан саясат әлі де тым осал болып тұр. Мұнда күшті саяси партия формасындағы институционалдық қолдау жетіспейді. «Батыр лидерлерге» тым ауыр жүк артып отырғандықтан, мұндай партияның қалыптаса қоюы да қиын. Міндеттердің ауыр әрі сан қырлы екенін, жұрттың олардан өте үлкен үміт күтіп отырғанын ескерсек, лидерлер діттегендерін орындай алмауы ықтимал. Қазір сенімділіктің асау толқынына қарғып мінген Еуропаның орташыл билігі кенеттен өзінің ешқандай сусыз бос кеңістікте қалықтап тұрғанын байқауы мүмкін.
Автор туралы: Гарольд Джеймс – Принстон университетінің тарих және халықаралық қатынастар профессоры, Халықаралық басқару инновациясы орталығының аға ғылыми қызметкері.