ЛОНДОН – 2016 жылдың ең үлкен саяси тосын сыйынан жұрттың бәрі абдырап қалды. Ал менің сасатын еш жөнім жоқ еді: 2008 жылғы дағдарыстан соң жазған кітабымда саяси институттарға деген сенімнің жоғалуы араға шамамен бес жылдай уақыт салып экономикалық тоқырауға алып келеді деп ескерткен едім.
Мұндайды бұрын да көргенбіз. Карл Маркс пен Фридрих Энгельс 1848 жылғы «Коммунистік манифест» еңбегінде сипаттаған жаһанданудың алғашқы күйреуінен соң реформалық заңдар қабылданып, жұмысшы табына бұрын-соңды болмаған құқықтар берілді. І Дүниежүзілік соғыстан кейінгі Британ империализмінің күйреуінен соң Жаңа бағыт анықталып, бай мемлекет қалыптасты. 1968 жылғы Кейнс экономикасының күйреуінен соң Тэтчер-Рейган революциясы болды. Capitalism 4.0 атты кітабымда саяси дүрбелеңдердің соңы ғаламдық капитализмнің күйреуіне алып келеді деп жазғанмын. 2008 жылғы дағдарыс – соның басы.
Капитализмнің белгілі бір моделі жақсы жұмыс істеп тұрса, материалдық прогресс саяси қысымды азайтады. Ал экономика күйресе, онда бұл - жай өтпелі кезең емес, терең қайшылықтардың белгісі, капитализмнің жойқын әлеуметтік жанама әсері саяси тұрғыдан қатерлі дертке ұшыратуы мүмкін.
2008 жылдан соң дәл сол жағдай болды. Еркін сауда, қайта реттеу және монетаризм уақытша банк дағдарысына ғана емес, қатаң экономика мен экспектацияны азайтуға алып келді. 1950-60 жылдардағы тым көп салықтар 1970-жылдардағы стагфляция кезінде легитимділігін жоғалтқаны сияқты дағдарысқа дейінгі теңсіздік, жұмыс орындарының азаюы, мәдени өзгерістер заңды құбылыс болмай қалды.
Егер біз осындай трансформацияны бастан кешіретін болсақ, онда иммиграция, сауда және табыс теңсіздігі сияқты қиындықтармен күресіп жатқан жеке-дара реформаторлар бүкіл жүйеге қарсы шыққан радикал саясаткерлерден жеңіліп қалады. Бір жағынан радикалдардың айтқаны дұрыс болып шығуы мүмкін.
Өндірістегі «жақсы» жұмыс орындарының жоғалуына иммиграция мен сауданы не технологияны ғана кінәлауға болмайды. Экономикалық бәсекенің бұл векторы жалпы ұлттық табысты ұлғайтқанымен, ол табыстың игілігін әлеуметке лайықты жолмен тарата алмауы мүмкін. Бұл үшін кем дегенде екі бағытта мақсатты саяси интервенция жасау керек болады.
Біріншіден, макроэкономикалық менеджмент технология мен жаһанданудың арқасында ұсыныс әлеуеті артқан сайын сұраныстың да артуын қамтамасыз етуі керек. Бұл – Кейнстің 1980-жылдары монетаризм дәуірлеп тұрған кезде уақытша жоққа шығарылып, 1990-жылдары қайта күшіне енген (кем дегенде АҚШ пен Британияда), 2009 жылғы дефицит байбаламынан соң қайта ұмытылған ең басты қағидасы.
Кейнстің сұраныс менеджментіне қайтып оралу - АҚШ-та билікке келетін Дональд Трамп әкімшілігінің басты экономикалық жетістігі бола алады, себебі онша тиімді емес ақша-кредиттік ынталандыру шарасының орнына ықпалды фискалдық саясат жүргізуге болады. АҚШ бұдан былай орталық банктің тәуелсіздігі және инфляциялық таргеттеудің монетарлық догмасынан бас тартып, экономиканы бар күшімен жұмыс істетуді сұраныс менеджментінің басым бағыты ретінде қайта қалпына келтіре алады. Ал, Еуропаға макроэкономикалық ойды осылай революциялау үшін әлі біраз жыл керек.
Сонымен қатар, әлеуметтік нәтижелер мен экономиканың құрылымына мемлекеттің араласуы тұрғысынан бұдан да маңызды екінші бір революция қажет болады. Нарықтық фундаментализмнің артында үлкен қайшылықтар тұр. Еркін сауда, технологияның дамуы және экономиканың «тиімділігін» арттыратын басқа да күштер қоғамға пайдалы деп дәріптеледі, бірақ олар жеке жұмысшылар мен бизнеске кері әсерін тигізеді, себебі халықтың табысы өскен сайын ешкім құралақан қалмауы үшін жеңімпаздар жеңілгендерге өтемақы төлеуі керек болады.
Еркін нарықтық экономикаға қойылатын моральдық талаптардың барлығы осы Парето теңдігі принципіне келіп тіреледі. Тек саяси шешімдердің көмегімен жеңімпаздар алған табыстың бір бөлігі жеңімпаздарға әлеуметтік тұрғыда лайықты әдістермен бөліп берген жағдайда ғана либералдық саясатты ақтап алуға болады. Бірақ саясаткерлер іс жүзінде бұған кереғар әрекет жасаса не болады?
Қаржы мен сауданы қайта реттеп, бәсекені арттырып, одақтарды әлсірету арқылы үкіметтер байлықты жеңімпаздардан жеңілгендерге үлестіруді талап ететін теориялық жағдай қалыптастырды. Бірақ нарықтық фундаментализмді жақтаушылар қайта бөлісуді ұмытып қана кеткен жоқ, оған мүлде тыйым салды.
Салық, әлеуметтік төлемдер, үкіметтің басқа да түрде араласуы ынтаны азайтып, бәсекені басқа арнаға бұрады, соның кесірінен бүкіл қоғамның экономикалық өсімі төмендейді деген сылтау айтылды. Бірақ, Маргарет Тэтчер әйгілі сөзіне айтқанындай: «... «қоғам» деген нәрсе жоқ. Жекелеген ерлер мен әйелдер, отбасылар ғана бар». Бәсекенің әлеуметтік игіліктеріне баса назар аударып, оның жекелеген адамдарға түсетін салмағын ескермеген нарық фундаменталистері өз идеологиясының басты өзегі - индивидуализм принципін жоққа шығарды.
Биылғы саяси дүрбелеңдерден кейін әлеуметтік игілік пен жеке адамның жоғалтатынының арасындағы қарама-қайшылыққа көз жұма қарауға болмайтынын түсіндік. Егер сауда, бәсеке және технологиялық даму капитализмнің келесі кезеңіне жеткізетін болса, онда олар дамудан түскен табысты бөлісуді көздейтін Тэтчер мен Рейган тыйым салған үкіметтің араласу механизмдерімен қатар жүруі керек.
Бұл тыйымдарды бұзу дегеніміз салықты көбейтіп, инфляцияны арттырып, 1970-жылдардағы тәуелділік мәдениетіне қайту деген сөз емес. Жұмыссыздық пен инфляцияны азайту үшін ақша-кредит саясатын межелеуге болатыны сияқты табысты бөлісу де салықтарды нәпақаға айналдыру үшін ғана әрекет етпей, жаһандану мен технологиялық өзгерістен жұмысшылар мен топтарға тікелей көмектесуге бағыттала алады.
Халықты ұзақ уақыт жұмыссыз отыруға не зейнеткерлікке итермелеп, қолма-қол ақша бергеннің орнына үкімет аймақтарға не өндірістерге субсидия беру не ең төменгі жалақы туралы заңдар қабылдау арқылы жұмысқа тұруға, табыс табуға ынталандырады, сөйтіп, дамудың игілігімен бөліседі. Осы типтегі ең тиімді үкіметтік интервенциялар қатарына Германия мен Скандинавияның тәжірибесін жатқызамыз, мұнда ақша жоғары сапалы кәсіптік білім беруге, жұмысшыларды және студенттерді университеттен тыс қайта даярлауға жұмсалды, сөйтіп академиялық білімнің көмегінсіз орта тап стандартымен өмір сүруге қол жеткізуге мүмкіндік жасады.
Мұның барлығы белгілі нәрселер сияқты көрінуі мүмкін, дегенмен үкіметтер көбіне осыған қарама-қарсы әрекет етіп жатыр. Олар салық жүйесін прогрессивті емес қылып, білімді, өнеркәсіпті және аймақтарды субсидиялауға қаржыны азайтты, оның орнына денсаулық сақтау мен зейнетақыға, қолма-қол қаражатқа ақшаны көп құйды, сөйтіп халықты ерте зейнетке шығуға, мүгедектікке ынталандырды. Сауда мен иммиграцияның кесірінен жұмыс орны мен жалақысына үнемі қауіп төніп тұрған жас жұмысшылар игілікті бөлісу жүйесінен тыс қалды. Керісінше, ол жаһанданудан көп пайда көріп жатқан менеджерлік және қаржылық элита мен экономикалық қиындықтардан тұрақты зейнетақысы қорғайтын қарт кісілерге бағытталды.
Алайда, биылғы саяси толқуларды қарт сайлаушылар туғызды, ал жас сайлаушылар көбіне осы қалыпта қалуды жақтады. Бұл парадокс дағдарыстан кейінгі шатасу мен түңілу кезеңінің әлі бітпегенін дәлелдейді. Бірақ, жақсы ма, жаман ба, әйтеуір мен «Капитализм 4.1» деп атаған жаңа экономикалық модельді іздеу кезеңінің басталғаны анық.
Автор туралы: Анатоль Калецкий - Gavekal Dragonomics-тің бас экономисі және тең төрағасы, «Капитализм 4.0, жаңа экономиканың тууы» еңбегінің авторы.
Copyright: Project Syndicate, 2016. www.project-syndicate.org