Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ақпараттық технологиялар бай мен кедейді алшақтатып жатыр

Ақпараттық технологиялар бай мен кедейді алшақтатып жатыр

СТЭНФОРД – Соңғы 30 жылдың ішінде экономикасы дамыған елдерде, әсіресе АҚШ-та байлық пен табыс теңсіздігі артты, (инфляцияны есептегендегі) нақты жалақы баяу өсті, зейнеткерлердің жинаған ақшаларының пайыздық мөлшерлемесі азаю қаупі туды. Ал корпоративтік табыс көлемі мен құнды қағаздардың бағасы шарықтап кетті. Мен жүргізген зерттеуге қарасақ, мұндай өзгерістерге заманауи ақпараттық технологияның (IT) дамуы себеп болған.

IT экономикаға түрлі жолдармен әсер етті: компьютер, Интернет және мобильді технологиялар медианы, онлайн сауданы және фармацевтика өнеркәсібін және тұтынушыға қатысы бар көп саланы трансформациялады. Ақпараттық технологиялар өмірді көп жағынан жақсартты.

Ақпараттық жүйелердің дамуы күшті монополистің бас көтеруіне жол беріп, нарыққа кіргісі келгендерге кедергі жасады, оның экономикалық, әлеуметтік және саяси салдары көп болды, әсіресе «өтірік жаңалықтардың» тарауына көп ықпал етті.

Біріншіден, IT секторы құрылымының өзі монополиялық күштің пайда болуына жол ашты. Ақпараттық технологиялар мәліметті өңдеу, сақтау және тарату процесін жақсартты, ал IT инноваторлар – ақпараттық арналардың жалғыз қожайындары, сондықтан олар бұл салаға бәсекелестердің кірмеуі үшін белсенді түрде күресіп жүр.

IT компаниялары патент алып, зияткерлік меншікті қорғау арқылы өздерінің монополиялық күшін сақтап қала алды. Бірақ бұл үшін олар коммерциялық құпияларын жариялауға мәжбүр болды. Сондықтан, көп компаниялар құқықтық қорғаныстан бас тартып, бағдарламаларын үнемі жаңарту арқылы нарықтағы жетекші орнын сақтайды, бәсекелестері олар қойған бұл кедергілерден өте алмай жатады. Ықтимал жаңа технологиялар шыға қалса, үлкен компаниялар не олардың технологиясын әрі қарай дамыту үшін, не басып тастау мақсатында қарсылас компанияларды сатып алады.

Инновациялық фирма платформаға үстемдік орнатқан соң оның көлемі маңызға ие бола бастайды. Соңғы жылдары ақпаратты өңдеу және сақтау бағасы арзандағандықтан, көлемі үлкен компаниялардың операциялық шығындары азая түседі, ал қолданушылар саны артқан сайын табысы да жылдам арта бастайды (ең жақсы мысал - Google мен Facebook). Компанияның масштабына негізделген бұл экономика бәсекелестердің бас көтеруіне еш мүмкіндік қалдырмайды.

Оның үстіне, бұл компаниялар ақпараттың арқасында билікке ие болатындықтан, олар тұтынушыларының жеке ақпаратын стратегиялық актив ретінде пайдалану арқылы позицияларын одан сайын нығайта түседі. Шынында да көп IT платформалар дәстүрлі түсініктегі өндірушілер емес, олар қолданушылардың түрлі салаларда өзара байланыс орнатып, ақпарат алмасуына мүмкіндік беретін коммуналдық мекемелер. Қысқаша айтсақ, ақпараттық технологиялар нарыққа енуге тосқауыл қойып, ірі компаниялардың одан сайын нығая түсуіне мүмкіндік жасайды. IT саласында инновация көбейген сайын монополиялық үстемдік те арта түседі. Осы деңгейді өлшей келе мен қордағы

Жақында шыққан мақаламда монополиялық үстемдіктің экономикалық әсерін есептей келе, белгілі бір қалыпты шектен асқаннан кейінгі табыстар мен қорлардың жайдан-жай келмейтінін, оның тек монополиялық үстемдіктің арқасында келетінін анықтадым. Акциялардың жалпы құнының монополиялық бөлігін мен «монополиялық байлық» немесе монополиялық табыс не рента деп атадым. Содан соң монополиялық байлық пен рентаның қалай еселенгенін анықтауға тырыстым.

Төмендегі схемадан 1985-2015 жылдар аралығындағы акцияның жалпы нарықтық бағасындағы монополиялық байлықтың үлесін көруге болады. Мәліметтерге қарасақ, 1980-жылдары монополиялық байлық болмаған. Ақпараттық технологиялар дамыған сайын монополиялық байлықтың көлемі күрт артып, 2015 жылдың желтоқсан айында акциялардың нарықтық бағасының 82 пайызын құрады, яғни жалпы құны 23,8 триллион доллардай болды. Бұл – монополиялық үстемдікті арттырудың арқасында жиналған артық байлық, әрі ол күн өткен сайын ұлғайып барады.

Монополиялық байлықтың үлесін бажайлау үшін корпоративтік тетіктердің қаншалық өскеніне назар салыңыз. 1960 жылы қарызбен қаржыландырылатын барлық шынайы корпоративтік активтердің үлесі 20 пайыздан аспайтын. 2015 жылы бұл үлес 80 пайызға дейін өсті, демек қазір мемлекеттік корпорациялардың қолындағы капиталдың көбі облигация иелеріне тиесілі әрі солардың қолымен саудаланады. Басқаша айтсақ, инвесторлар монополиялық байлықты кепілдік ретінде қолдана отырып, корпоративтік қарызды қаржыландыруға келісті, сондықтан қор нарығындағы сауданың көбі монополиялық байлықтың саудасы деп санауға болады.

Төмендегі кестеден көріп отырғанымыздай, 2015 жылдың желтоқсанында монополиялық байлығы ең көп он компанияның 9-ы мобильдік байланыс, әлеуметтік желі, онлайн сауда және дәрі-дәрмек саласындағы, IT-ге қатысты компания болған. Сол сияқты, әлемдегі монополиялық байлығы ең жоғары 100 фирманың басым көпшілігін ақпараттық технологиялардың арқасында трансформацияланған компаниялар құрған.

Монополиялық үстемдігі бар компаниялардың табысы үш түрге бөлінеді: еңбек табысы, капиталға төленетін әдеттегі пайыздық үстеме және монополия табысы. Деректерге қарасақ, 1970-жылдары және 1980-жылдардың басында монополияны табысы мардымсыз болды. Бірақ 1984 жылдан бастап монополия табыстарының үлесі біртіндеп өсе бастады. 2015 жылы америкалық корпорациялардың табысының 23 пайызы монополиялық табыс болды. Демек, 2015 жылға дейінгі 30 жылдың ішінде монополиялық үстемдік жалақының жиынтық үлесі мен капиталдың пайыздық мөлшерлемесін 23 пайызға құлдыратын жіберген.

Өнімділіктің артуы және капиталдың жиналуы жалақы мен капитал табысын арттырады, бірақ монополистік үстемдік бұл үлесті төмендетеді. 1985-2015 жылдар аралығында жалақының не себепті баяу өскені, зейнетақы қорларының пайыздық сыйақыларының неліктен төмендегені осыған байланысты болса керек.

Онда неге монополиялық күштің IT саласында шоғырлануы табыс пен байлықтың ат төбеліндей топтың қолына жиналуына, сөйтіп жеке табыс пен байлықтың теңсіздігіне алып келді?

Бұл сұрақтың бір жауабы – монополиялық үстем топ коропоративтік табысты ұлғайтып, акциялардың бағасын бірден қымбаттатып жіберді, бұдан тек акционерлердің азғантай тобы мен корпоравтивтік менеджерлер ғана пайда көрді. IT саласындағы кәсіпкерлердің көбі бизнесін бастаған кезде жас болғанын, акцияларға иелік етпегенін ескерсек, мұны толығырақ түсіндіру керек-ақ.

1980-жылдардан бері IT саласындағы инновациялардың көбі компьютерлік бағдарламаларға бағытталды, бұл жас инноваторларға жақсы мүмкіндік берді. Оның үстіне, бағдарлама жасау саласындағы инновациялар үшін «концепцияны дәлелдейтін» зерттеулер қымбат болған жоқ (фармацевтика саласынан басқа); IT инноваторлар аз ғана ақшамен, көп қаражат жұмсамастан идеяларын сынақтан өткізе алады. Соның арқасында IT саласындағы сәтті шыққан инновациялардың арқасында байлықты аз ғана топтың (көбіне жастардың) қолына шоғырландырды.

ХХ ғасырда жағдай олай болмады, мәселен автокөлік сияқты ірі салалардағы ауқымды инновациялық жобаларға тәуекелмен капитал салу қажет болды. Көп инвестор керек болған сайын жиналған байлық кеңінен таралды.

Ақпараттық технологиялардың жағымсыз жақтарын көп жұрт әлі түсіне қойған жоқ, сондықтан бұл саланы реттеу бойынша пікірталас өте қажет. Үш мәселе өте маңызды. Біріншіден, технологияға бағытталған монополиялық күштер қазіргі қолданыстағы монополияға қарсы заңдарды бұзбайтындықтан, монополияны шектеу үшін жаңа бір шаралар ойлап табу қажет. Оның үстіне, әлеуметтік желілер сияқты қоғамдық ақпарат арналарын реттеу үшін қоғамның қызығушылығына қатысты жаңа концепия жасау керек. Екіншіден, бизнес табысы мен байлыққа салық салудың стандартты көзқарастары IT компанияларының монополиялық билігіне бейімделуі керек. Үшіншіден, IT компаниялары жеке ақпараттарды өз қажетіне пайдаланып, одан пайда көрмеуі үшін жеке өмір ақпараттарын қоғауға бағытталған заңдар қайта сүзгіден өтуі керек.

Және ең бастысы – халық ақпараттық технологиялардың экономикаға әсерін, әсіресе технологиялар көп адамның өмірін жақсартқанымен, тек азғантай топты байытып жатқанын терең түсіне білуі тиіс.

Автор туралы: Мордекай Курц – Стэнфорд университетінің Экономика бойынша құрметті профессоры.

Copyright: Project Syndicate, 2017.  www.project-syndicate.org

Похожие материалы