Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

АЭС – қуат тапшылығына тосқауыл және инвестор тартудың тетігі

АЭС – қуат тапшылығына тосқауыл және инвестор тартудың тетігі

Алматы. 9 қараша. 7kun.kz – Қазақстан үшін атом электр стансасын салу қаншалықты қажет әрі маңызды? Бұл қоғамды алаңдататын сұрақ. Украинадағы соғыс салдарынан туған энергетикалық дағдарыс Еуропа, оның ішінде АЭС құрылысына күмәнмен қарап келген Польша секілді Шығыс Еуропа елдерінің АЭС құрылысына деген көзқарасын күрт өзгертті. Көмірсутекті қуат көздерінің қымбаттауы, олардың төгірегіндегі геосаяси қақтығыстар Түркия, Египет секілді елдерді де АЭС-ті жаңа, сенімді қуат көзі ретінде қарастыруға мәжбүрлеуде.

Біздегі жағдай қандай?

ҚР энергетика министрлігі 2022 жылы елдегі электр қуатының тапшылығы 4,6 млрд кВ/сағат болуы мүмкін деген болжам жасады. Басты себеп отандық қуат өндірушілердің құралдарының тозуы мен электр қуатына деген сұраныстың күрт өсуі дейді мамандар. 2028 жылға қарай оңтүстік өңірлердегі электр қуатының тапшылығы шамамен 1400 мегаваттқа жетпек, оны өтеу үшін солтүстіктен жаңа қуат тасымалдау жолдарын салу қажет. Дәл қазіргі сұраныс көлемін ескергеннің өзінде 2035 жылға қарай жалпы қуаты 2,7 гигаватт болатын жаңа қуат өндіру көздерін салу керек болады. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда электр қуатының тапшылығы 2030 жылы ақ сезілетінін мәлімдеген.

«Дәстүрлі» қуат өндірушілердің әлеуеті мен әлсіз тұсы

Қазақстанда жалпы әлемнің көптеген еліндегідей өндірілетін қуат көзінің 80 пайызын ЖЭО береді. Біздегі жылу электр орталықтары негізінен көмір мен мазут жағады. ЖЭО өндіретін бір киловатт/сағат электр қуатының құны шамамен 5,5 теңге болады дейді мамандар. Басты себебі елдегі ЖЭО-ның дені ондаған жыл бұрын, кеңес кезінде салынғандықтан, инвестициялық шығынды қайтару деген жоқ. Бірақ бұл жерде оның басты кемшілігі де жатыр, ескірген жылу электр орталықтарын жөндеп, жаңартып отыру керек, ал ол жұмыс арзан тұрмайды.  ЖЭО өндіретін электр қуатының арзан болуының екінші себебі олар жағатын көмір мен газ-мазут өзімізде өндіріледі.

ЖЭО басты кемшілігі экологияға тигізетін зардабында. Әлем бойынша жыл сайын ауаға 32 миллиард тонна көмірқышқыл газы бөлінеді және оның саны жыл сайын өсуде. 2030 жылға қарай көмірқышқыл газының көлемі жылына 34 миллиард тоннадан асады деген болжам бар.

Елдегі энергетиканың 20 пайызға жуығын СЭС – су электр стансалары беруде. СЭС – қуат алудың ең арзан көзі. Бірақ мұнда біз үшін екі кемшілік бар. Біріншіден, қуатты СЭС-ті тек суы мол әрі тұрақты ағатын өзендердің бойында салуға болады. Ондай өзендердің дені Қазақстанның шығыс, оңтүстік, солтүстік өңірлерінде ғана ағады. Оның үстіне елдегі ірі өзендердің дені трансшекаралық өзен болғандықтан және бастауын шетелден алатындықтан бұл жерде де қиындықтар туады. СЭС салу үшін үлкен жер аумағын суға толтыру қажет болады, сол себепті жаңа СЭС салу мүмкіндігі біз үшін тым шектеулі.   

Жел және күн энергетикасы секілді баламалы қуат көздерінің немесе «жасыл» энергетиканың еліміздегі үлесі әзірге 5 пайызға да жетпейді. 

Күн және жел энергетикасы сөзсіз экологиялық жағынан қауіпсіз, таза қуат  өндірудің көзі. Бірақ бұл баламалардың басты кемшілігі – табиғаттың қас-қабағына, ауа-райына тым тәуелді.

 АЭС-тің артық-кем тұстары.

Сарапшылардың пікірінше, АЭС-тің басты артықшылығы 24/7 режимінде тұрақты түрде қуат бере алатынында. Ядролық отында пайдаланылатын 4%-ға дейін байытылған 1 килограмм уран шамамен 100 тонна жоғары сапалы таскөмір немесе 60 тонна мұнай беретін қуатты өндіреді. Яғни АЭС экологияға қауіпсіз қуат өндіретін сала.

Ядролық отындағы ыдырайтын материал (уран-235) толық жанып кетпейді. Сондықтан оны кейін регенерациядан өткізген соң қайтадан пайдалану мүмкіндігі бар. Мамандардың айтуынша, болашақта ядролық отынды пайдаланудың толық цикліне көшкенде, мүлдем дерлік қалдықсыз энергия көзіне айналады. 

Ядролық физика маманы Әсет Махамбетовтің сөзінше, АЭС арзан қуат өндіру көзі. АЭС-те пайдаланылатын отын электр қуатының жалпы құнының 25 пайызын ғана құрайды. Салыстыру үшін алсақ, арзан дейтін ЖЭО-да жалпы шығынның 50-80 пайызы жағатын көмір, мазутына тиесілі. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, атом энергиясының құны 1 кВ/сағатқа шаққанда шамамен 5,5 теңгеден айналады. Яғни АЭС көмір жағатын ЖЭО-мен салыстырғанда арзан қуат бере алады. Ал ол пайдаланатын отын көзі – уранның қоры бойынша Қазақстан әлемде екінші орында тұр.

Ядролық физика маманы Әсет Махамбетовтің айтуынша,  АЭС-ьің кемшілігі – құрылысының қымбат болуында. Қауіпсіздік мәселесі көп шығынды қажет етеді. Бірақ ол уақыт өте өзін ақтайтынын әлем елдеріндегі АЭС жұмысы дәлелдейді. Айтпақшы АЭС салу үй салу секілді оңай шаруа емес. «Қазақстанда АЭС құрылысы қандай технологияны таңдағанымызға байланысты 10-12 жылға дейін созылады»,- дейді ядрллық физика маманы Әсет Махамбетов.  

АЭС-тің мультипликативті әсері

Мамандардың пікірінше, АЭС құрылысы экономикалық өсімге, жаңа жұмыс орындарының пайда болуы әсер етеді. АЭС салудағы 1 жұмыс орны онымен іргелес салаларда 10-нан астам жұмыс орнының ашылуын себепкер болады. Мысалы машина жасаушыларға, құрылыс материалдарын өндірушілерге бұл үлкен нарыққа айналады.  

«Атом энергетикасы дамыған жерде ғылыми зерттеулердің саны және жоғары технологиялы өнім экспортының көлемі өсетіні, өнеркәсіптің түрлі саласы жанданатыны дәлелденген дерек», - дейді Әсет Махамбетов.

Дәл қазіргідей миллиондаған жұмыссызға жаңа жұмыс орындарын қайдан ашамыз деп отырған біз үшін АЭС осындай мүмкіндік ұсынады. Оның сыртында тағы бір мәселе бар. АЭС елге шетелдік инвесторлардың жаңа легіне жол ашады. Кез келген инвестор бизнес ашуды көздеген мемлекетті зерттегенде алдымен ол елдегі қуат көздерінің молдығына, бағасының арзандығы мен жалпы энергетикалық тұрақтылығына, экологиялық қауіпсіздігіне мән береді. АЭС отынын өзі өндіретін Қазақстан бұл жағынан сөзсіз басымдыққа ие болады. Осы жерде «АЭС салу қаншалықты қауіпсіз?» дейтін көптің көкейіндегі риторикалық сұрақ алдымыздан шығады. АЭС әрине аса жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шараларын талап етеді. Чернобыль АЭС-дегі апаттан кейін Италия АЭС-тен мүлдем бас тартты. Дегенмен бұл жерде мәселе тағы да сол қауіпсіздік шаралары мен сапаға укеліп тіреледі. Мәселен Жапония Фукусимадағы апаттан соң бірнеше жыл үзілістен кейін өзінің уақытша тоқтатқан атом энергоблоктарын қайта іске қоса бастады. Ұлыбритания электромобильдерге жаппай көшу мақсатында жақын уақытта  20 жаңа АЭС салуды талқылауда. Оның үстіне Чернобыль АЭС-нен бергі отыз жылдан астам уақытта қауіпсіздікті күшейтетін жаңа технологиялар да дамыды. Ядролық физика маманы Әсет Махамбетовтің сөзінше, атом реакторын құрастырушылар жаңа реакторды жобалау кезінде стансада қандай да бір оқыс жағдайды болдырмау жағына укөп көңіл бөледі. Сондықтан қазіргі рекаторлар қауіпсіздігі жағынан 50-80 жыл бұрынғы салынған реакторлардан әлденеше көш ілгері дейді ядролық физика маманы. 

АЭС-ке Қазақстан дайын ба?

Сөзсіз АЭС дамыған ядролық энергетикалық инфрақұрылымды және білікті мамандарды талап етеді. Дәл бүгін-ертең оған еліміз тас-түйін дайын деп ешкім айта алмасы анық. Бірақ Қазақстан қазірдің өзінде АЭС салуға дайындалуда. Елде оның үстіне жақсы база бар дейді мамандар. Қазақстанда ядролық отын циклі қалыптасқан.  Біз уран өндіру бойынша әлемде көш бастап тұрмыз. Елде ғылыми зерттеу мақсатына пайдаланылатын 3 реактор жұмыс істейді. Яғни олармен жұмыс істейтін тәжірибелі мамандар бар. Қазір елдің екі бірдей оқу орнында ядролық физика мамандары оқытылады. Бұдан бөлек энергетика министрлігінің өкілдері атом саласының мамандарын Венгрия секілді шетелде оқыту жағы қарастырылғаны туралы мәлімдеген. «Көш жүре түзеледі» дейді қазақ. Ерте ме, кеш пе АЭС салу қажеттілігі бәрібір алдымыздан шығары анық. Ендеше соған ертеден қамдану керек. Оның үстіне АЭС-тің отыны – уранның мол қорының үстінде отырып, атом қуатын игермеу, өзен жағасында тұрып аштан өзегі талғанның кері секілді. Әрине, мұнда АЭС-ті кімдер және қандай технологиямен салатыны аса маңызды. Қазақ қоғамына «АЭС салу керек пе, жоқ па?» деген жауыр болған сұрақтан көрі атом энергетикасында қай елдермен тиімді әріптестік орнатамыз деген сұраққа бас қатыру қажет-ақ.

Похожие материалы