Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алматыда бүкілресейлік стартап-тур басталды

Алматыда бүкілресейлік стартап-тур басталды

2015 жылдың 19 наурызында Алматы қаласында екікүндік бүкілресейлік стартап-тур басталды. Өткенде хабарлағанымыздай,  Startup Tour мақсаты - келешегі бар инновациялық жобаларды іздестіру. Бұл шараны  ресейлік "Сколково" Қоры Almaty Management University және Almaty Tech Garden-мен бірлесе отырып ұйымдастырды.

Стартап-турда ҚР инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешов алғашқы болып сөз алды. Ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде министрліктің бұл жобаны қолдап отырғанын және алдағы уақытта Қазақстанның жоғары технологиялар саласындағы салмағын көбейту жоспарда бар екендігін атап өтті. «Күні кеше біз банкирлер, ірі бизнесмендермен кездесіп, бизнесмендер қауымдастығын құру туралы ақылдастық. Олар мамыр айында бірлескен бірнеше стартаптар жүргізуге келісімдерін берді», - деді Исекешов мырза.

"Сколково" қорының инновациялар жөніндегі вице-президенті Василий Белковтың айтуынша, стартап-тур тек коммерциялық көзқарастарға бағытталған. Десе де, енгізіліп жатырған санкциялар өз әсерін бермей қоймайды. Қазақстандық стартап-турға жалпы саны 400 қатысушы өтініш білдірген. Оның 150-і аймақтық қатысушылар.

Қордың стратегиялар бойынша директоры Екатерина Иноземцова байқау туралы толық мәліметтер беріп кетті. Оның айтуынша, байқауға 170-тен аса өтініш түсіп, бүгінде 55 жоба іріктеліп алынған. Стартап-турға мына бағыттардағы инновациялық жобаларды іске асырушы топтар қатысады:

  • Ақпараттық технологиялар
  • Биологиялық және медициналық технологиялар
  • Қуатты (энерго) тиімді технологиялар
  • Өнеркәсіптік технологиялар және материалдар
  • Балаларға арналған инновациялар

Әділ-қазы алқасы жобалардың болашақта жүзеге асу мүмкіндігі мен бәсекеге қабілеттілігіне байланысты бағалайтын болады. Сыйлық ретінде 15 үздік жоба авторларына 2-3 мамырда өтетін Start Up Village шарасына жолдама беріледі. Және жол-жүріс құнын да ұйымдастырушылар өтеп беретіндігін айтып өтті. «Осымен 4-рет ұйымдастырылып жатқан стартап-тур жыл сайын үздік жобалардың қолдаушысы болып келеді. Мәселен, былтырғы жылдың үздік жоба авторлары жұмыстары өркендеп, компания ретінде қалыптасып үлгерді. Жақын арада электромобильдерінің алғашқы нұсқалары да шығып қалады деп күтілуде. Біз әр жылғы жеңімпаздармен бірлесе жұмыстар атқарамыз, үнемі байланыста боламыз. Жобасы жеңімпаз аталмаса да, бүгін-ертең бізге жолығып, кеңес аламын деушілерге әрдайым ашықпыз. Жобаны қорғауға 5 минут уақыт беріледі. Ал, қазылар алқасы 5 минут уақыт көлемінде сұрақтар қойып, кері байланыс орнатады. Алматылық жобалардан да күтер үмітіміз зор», - дейді Екатерина Иноземцова.

"Сколково" Қорының президентінің кеңесшісі Пекка Вильякайнен өзінің жетістікке жету жолын айта отырып, бизнестің біраз құпияларын да ашты. «Біз қатысушылардың өз-өздерін сынап, мықты және әлсіз тұстарын анықтауға көмектесеміз. Байқау ең маңыздысы емес. Біз көпшілік алдында өзін таныстырып, болашақта көмегі тиетін адамдармен танысуға үлкен мүмкіндік беріп отырмыз. Келешегі бар инновациялық жобалармен танысқысы келген кез келген адам үшін ертең есік ашық», - деп айтты өз сөзінде Пекка Вильякайнен.

Стартаптарды қолдауға бірлескен жер қойнауын пайдаланушылардан келетін пайданың 1%-ы бағытталады. Алматы ТМД елдері ішінде стартап-тур өткізіліп отырған алғашқы қала. Байқаудың қорытындысы 20 наурыз күні белгілі болады. Әр бағыттан 3 жоба іріктеліп, ұзын саны 15 жеңімпаз Start Up Village байқауына тегін баруға жолдама алады. Сонымен қатар, екі күндік байқау барысында Instagram желісіне суретін орналастырғандар арасында кішігірім байқау ұйымдастырылуда. Үздік селфи үшін сыйлық тағайындалады.

Похожие материалы