2017 жылдың маусымында Facebook желісін пайдаланушылар саны 2 миллиардқа жетті. Қолданушы саны көбейген сайын әлем ғалымдары фейсбукті зиян деп дабыл қағып жатыр.
Жақында Калифорния мен Йель университетінің ғалымдары "эмоционалды және физикалық денсаулығыңызды сақтағыңыз келсе, фейсбукке жұмсайтын уақытыңызды азайтыңыз", деген кеңес ұсынады.
Калифорния университетінің доценті Холли Шакья (Holly Shakya) мен Йель университетінің профессоры Николас Христакис (Nicholas Christakis) екі жыл қатарынан 5208 ересек адамды бақылаған. Қатысушылардың рұқсатымен олардың фейсбукте не істейтінін, дене салмағының индексін, эмоционалды және физикалық әл-ауқатын бақылады.
Нәтижесінде, олар әлеуметтік желіде сырттай қысымдар көп жүретіндіктен, адам психологиясына зиян келтіреді дейді. Себебі өзгелердің мұқият таңдалған өмір көріністерінің әсерінен өзін-өзі теріс бағалауға әкеледі екен. Сондай-ақ, фейсбуктің пайдалы тұстарын атаған ғалымдар желінің алыстағы туыстармен, жоғалған достармен және қоғамда маңызы бар тұлғалардың немен айналысып жүргенін бақылауға көмектесетінін айтқан.
"Дегенмен, сіз желіде жұмсаған уақытта қоғамдағы түрлі шаралар мен маңызды оқиғалардан тыс қалуыңыз мүмкін. Себебі қоғамдық ортада болғаныңызбен көзіңіз бен ақылыңыз смартфонда тұрады. Сондықтан фейсбук желісін қолдануды тоқтатыңыз демейміз. Бірақ, желіге кететін уақытты азайтыңыз. Күніне бір сағатыңызды ғана фейсбукке арнап, қалған уақытты жаныңызда бар адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы өткізіңіз", - деп кеңес ұсынды ғалымдар.