Познавательный
Apple алдағы 4 жылда электромобиль шығаруды мақсат етіп отыр
Apple жеке электромобилін шығаруды тездетпек. Компания 2019 жылға қарай машинаны өндіріске шығаруды мақсат етіп отыр. Бұл жөнінде Wall Street Journal басылымы жазады.
Электромобильді шығару мүмкіндіктерін зерттеп, калифорниялық шенеуніктермен кеңесе отырып жоба аясындағы жұмыстарды жеделдету керек деген шешімге келді. Әзірге жоба "Титан" деген атау алып отыр. Жаңа көлік құрылғыларын жасаушыларға қызметкерлер санын үш есеге көбейтуге рұқсат етілген.
Бұдан бөлек, Applе жүргізушісіз жүре алатын "ақылды автомобильдер" жасауға мамандарды жұмысқа алған. Бірақ, бұл әзірге аса маңызды емес. Қазіргі таңда тек ұзақ мерзімді жоспарлар ғана талқыға салынған.
Машина жасауда компания смартфондар мен гаджеттер жасағанда қолданатын тәсілдерін жүзеге асырады. Соның ішінде, қуат көзі, сенсорлар мен бағдарламалық жасақтауларға қатысты жұмыстар жүргізіледі.
Десе де, әлі күнге дейін машина құрастыратын алаңдары бар компаниялармен Apple басшылығы серіктестік орнатты ма, жоқ па белгісіз. Apple шетелден дайын кәсіпорын табары сөзсіз.
Apple-дің өз ішінде машинаны төрт жылда шығаруға қатысты күмән туындап отырғаны да рас дейді басылымның ақпарат көздері.