Қаржы алаяқтары бөтеннің ақшасын иеленіп кету үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Банктердің тәжірибелеріне сүйене отырып қазақстандық қаржы алаяқтары жиі қолданатын жеті әдісті ұсынамыз. Оқыңыз, мұқият болыңыз.
Тәсіл №1: алаяқтар жоғалтып алған құжаттармен кредит алады. Банктердің тарихында құжатты «әдейі жоғалту» жағдайлары да кездескен. Алаяқ құқық қорғау органдарына құжатының жоғалғаны туралы арыз береді. Бұл кезде оның түрі ұқсас сыбайласы «жоғалған» құжатпен банктен несие рәсімдейді. Банк кейін несие алушыға кредитті қайтару туралы талап қоя бастаған кезде, ол құжатының жоғалғанын айтып, төлеуден бас тартады. Сондай-ақ бұл тәсілді алаяқ-егіздердің де қолданғаны туралы оқиғалар бар. Кейбір егіздер сыңарынан жасырынып, оның құжатымен кредит рәсімдейді. Бірақ мұндай жағдайлар тез анықталады. Айта кетейік, қазір банктер клиенттің жеке тұлғасын анықтайтын цифрлық жүйелерді енгізуде. Сондықтан мұндай жағдайлар азайып келеді. Жақын уақытта мүлдем болмайтын шығар.
Тәсіл №2: алаяқтар адамдардың сеніміне кіріп, қаржылық сауатсыздығын пайдаланады. Олардың құрығына банктен кредит алғысы келген адамдар түсуі мүмкін. Мұның сценариі көбіне мынандай: банкке кіре берісте бөтен адамдар тоқтатып, (әдетте олардың көпшілігі банктердің бұрынғы қызметкерлері) сыйақысын берсе кредит алып бере алатынын айтады. Кейде олар келісіп қойғанбыз деп, қай менеджерге бару керегін де көрсетеді. Алайда бұл олай емес. Менеджермен олар таныс та емес. Менеджер кредит беру кезінде тек клиенттің өтініші мен мәліметтерін жүйеге енгізіп, жүйенің несиені мақұлдауын хабарлаушы ғана. Клиентке кредитті жалпыға бірдей шарттармен мақұлдайды. Клиент оны таныс арқылы рәсімделді деп ойлап, алаяққа алған ақшаның белгілі бір бөлігін береді. Егер клиентке кредит беруден бас тартса, алаяқтар әртүрлі себепті айтып, бір айдан кейін келуді өтінуі мүмкін.
Тәсіл №3: алаяқтар қиын жағдайын айтып, көмек сұрауы мүмкін. Олар ақкөңіл таныстарына мүшкіл халін айтып, «қиын жағдайға тап болдым» деген желеумен кредит алып беруі сұрауы мүмкін. Әдетте «бір аптада-ақ қайтарамын» дейді. Көлігін, үйін сатып қайтара салатын болуы мүмкін, бірақ ақшаны алған соң ізін де таппайсыз.
Тәсіл №4: қаржы пирамидалары. Алаяқ фирмалар банктен кредит алып, белгілі бір бөлігін оларға беруді (мысалы Қазақстандық "ФинСтатус" фирмасы сияқты 40%) ұсынады. Мұндай жағдайда «клиент банкке кредиті қайтармайды, ол мәселені біз шешеміз» деп сендіреді. Бірінші клиенттерге (қаржы пирамидасындағыдай) шынымен де кредитін жауып береді. Мұндай «ғажап» мүмкіндікті көрген адамдар өздерінің таныстарына, достарына, туыстарына айтып, олар кредит алып, алаяқтарға 40%-ын беріп, әуреге түсуі мүмкін. Алаяқтар біраз қаражат жиналған соң, уәделерін орындаудан бас тартып, жоқ болып кетеді. Мұндай жағдайға тап болған клиенттер көп жағдайда алаяқтарға емес, банктерге қарсы шығып, кредитін жабуды талап ете бастайды.
Тәсіл №5: алаяқтар аяқастынан жүлде уәде етеді. Бұл туралы БАҚ-да көп жазылды. Бірақ алаяқтар әлі де жиі қолданады. Бұл жағдайда алаяқтар адамға жүлде (автокөлік, жолдама,тұрмыстық техника) ұтып алғаны туралы хабарлайды. Оны алу үшін жылдам төлеу жүйелері арқылы белгілі бір соманы жіберу керегін айтады. Бұдан кейін аударым кодын сұрайды, ақшаны алған соң жоқ болады.
Тәсіл №6: алаяқтар бөтен банктік карталарды қолданады. Кейде клиенттер банктерге төлем карталарынан ақша жоғалғанын айтып, хабарласады. Олар ешкімге картасын, PIN-кодын, басқа да құпия ақпараттарын бермегенін айтып сендіріп бағады. Алайда көп жағдайда банктердің тексеруі кезінде картаны оның отбасындағы басқа адамдар пайдаланғаны анықталады. Мысалы, бір әйел банкоматтың камерасы түсірген видеодан күйеу баласының картасын пайдаланғанын көріп, арызын кері алған.
Тәсіл №7: алаяқтар PIN-кодты көріп алады. Дүкенде кассир PIN-кодты теруді сұраса міндетті түрде қолыңызбен клавиатураны жабыңыз. Өйткені бақылау камерасынан карта нөмірі мен PIN-кодты көріп қоюы мүмкін. Алаяқтықтың мұндай жағдайлары көп емес, бірақ кездеседі.
Алаяқтар –адамдардың тез сенгіштігі, ақпараты аз, қаржылық сауаттылығы төмендігі, ақпараттық қауіпсіздік туралы білместігін пайдаланады. Мысалы: кейбір адамдар кредитті таныссыз алу мүмкін емес деп ойлайды.
Ешкімге картаңыздағы PIN, CVV және басқа ақпараттарды көрсетпеңіз. Көмек, кеңес алу барысында қаржы ұйымдарында істемейтін, бірақ кез-келген қызмет түрі бойынша мәселені «шешіп тастайтын» адамдарға сенбеңіз.
Дінмұхаммед Алдаберген