Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстанға жаңа қаржы пирамидасы келді деген қауіп бар

Қазақстанға жаңа қаржы пирамидасы келді деген қауіп бар

Заңды түрде еш  жерде тіркелмейді, нақты бір ұсынатын өнімі жоқ, басшысы да белгісіз «компанияларға» - қаржы пирамидаларына экономикалық дағдарыс кезінде айлығы азайған жұрт оңай алданады. Сарапшылар ТМД-ның біраз елінде тыйым салынған қаржы пирамидасы Қазақстанда келгенін ескертіп, сақ болуға шақырады. 7kun.kz жұмысын жақында бастаған Kairos компаниясының қызметін зерттеп көрген еді.

Kairos.kz деген атпен тіркелген cайттағы нөмірге хабарласқанымызда тұтқаны өзін Виталий деп таныстырған азамат жауап берді. БАҚ өкілі ретінде емес, қарапайым азамат боп танысқан бізге оңай жолмен қалайша ақша табуға болатынын айтып, өз «құрылымының» қатарына қосылуға шақырды. Ары қарай ол компанияның Қазақстанға қашан келгені мен еш еңбексіз-ақ қалтаңызға түсіп отыратын «табысқа» қалай кенелуге болатынын туралы әңгімеледі.

Виталий «кеңселеріңіз қайда?» деген сұрағымызға «кеңсеміз жоқ, екеуміз жеке кездесеміз» деп жауап берді. Оның айтуынша, олардың Қазақстанда жұмыс істегеніне бір жарым жыл болған. Ал өзінің жеке құрылымында қазір 20 адам бар екенін айтады.

[caption id="attachment_55974" align="alignnone" width="718"]Фото: kairosplanet Фото: kairosplanet[/caption]

Мұндай компаниялардың жұмыс істеу механизмі бір-біріне ұқсас. Өнім өндірмейсіз, тауар да сатпайсыз, тек қатарына қосылу үшін алғашқы салым жасайсыз. Өздерінің айтуынша, соның арқасында сізге қомақты ақша өзімен-өзі келіп отырады. Kairos-тың жұмысы да осыған ұқсас. Виталийдің айтуынша, бағасы 125 доллардан басталатын желілік пакетті сатып аласыз да, интернетпен байланыстырылған компьютеріңізді күніне 8 сағат бойы қосып қоясыз. Ал сіздің компьютеріңізге күн сайын әлемдегі ірі компаниялардың өте құпия құжаттары шифрленіп сақталып, жиналып отырады, яғни көлемі үлкен ақпаратты бір жерге емес, жан-жаққа таратып, кейін оңай жинап алуды қалайтын компаниялар сіздің компьютеріңізде деректерін сақтағаны үшін сізге ақша төлеп отырады.

Қандай елдерде жұмыс істейтіні мен қандай ірі компаниялардың ақпаратын сақтайтыны туралы мәлімет таппақ болғанымызда бұл ұйымның бірнеше елде тыйым салынғаны және компаниялармен келісім-шарт туралы жалған ақпарат таратқаны туралы деректерге кезіктік. Мысалы, 2016 жылдың шілдесінде Словакияның сауда инспекциясы ел азаматтарына ұйым қызметі күмәнді екенін ескертіп, компания өнімдерін сатып алмауға кеңес берген де, Kairos-қа қатысты тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеген.  Кейін шілдінің 13-інде атына алты мыңнан астам арыз келіп түскен Kairos-ты Түркияның кеден және сауда министрлігі қаржы пирамидасы болуы мүмкін екенін хабарлаған.

Литваның тұтынушылар құқын қорғау мемлекеттік органы да салық төлемейтін «компанияны» тексеріп, қаржы пирамидасы екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Литва банкі де арнайы зерттеу жүргізіп, «ұйым қаржы пирамидасы негізінде жұмыс жасайды» деп ескерткен еді. Ал осы жылдың тамызында Эстония Kairos жайлы ақпаратты тексеріп, аталған ұйымның Ұлыбританияда тіркелгенімен, Жаңа Зеландия заңына сай қызмет ететінін және компания қаржысы ешқандай елде шоғырланбағанын айтты. Бір қызығы, бізбен сөйлескен Виталий компанияның Қазақстанда жұмыс істеп жүргенін 2 жылға жуық уақыт болып қалғанын айтқан еді, бірақ компания сайтының алғашқы және негізгі домені Ұлыбританияда 2014 жылдың 14 шілдесінде ғана тіркелген.

Осыдан үш ай бұрын, 2016 жылғы қыркүйектің 11-інде, бұған дейін «Nissan - үлкен көлемдегі ақпараттарын бізде сақтайтын серіктесіміз» деп Kairos таратқан ақпаратты Nissan холдингі жоққа шығарды, яғни клиенттерін «қаржы пирамидасы болсақ, осындай ірі компания бізге сенер ме еді?» деп үгіттейтін Kairos шын мәнінде өзі айтқан компанияның  серіктесі емес екені белгілі болды.

Ал қыркүйектің 30-ында Белорусиядағы Kairos-тың жергілікті 30 басшысы тұтқындалып, олардың қымбат бағалы телефондары мен автокөліктері, жылжымайтын мүліктері тәркіленді. Енді олар жеті не одан көп уақытқа бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Кәсіпкер Аслан Есжанұлы «халық оңай табысқа қаржылық сауаттылығы төмен болғандықтан алданып қалатынын» айтып, Kairos компаниясының қаржы пирамидасы екеніне сенімді екенін мәлімдеді. Ал ішкі істер министрлігі 7kun-ге берген ресми жауабында Қазақстанда «Kairos» атымен ешқандай компанияның тіркелмегенін жазды.

Қаржы пирамидаларының нақты мекен-жайы белгісіз әрі қаржыны алушы кім екені құпия болғандықтан, оларды жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Бұл - жоба банкрот болса, ақшаңызды қайтара алмайсыз деген сөз. Деректерге сүйенсек, Қазақстанда соңғы жылдары отызға жуық қаржы пирамидасы жұмыс істеген. Естеріңізге салайық, 2016 жылдың қазанында «Optovka» қаржы пирамидасының бір ғана бөлімшесіне ақша салған 4 мың адам 940 млн теңгесінен айырылып қалған еді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша жауапкершілік көзделген, қаржылық пирамида құрғаны үшін мүлкін тәркілеумен 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Аян ҚАЛМҰРАТ, "7"

Похожие материалы