Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстан, экономика және 2016

Қазақстан, экономика және 2016

2016 жылдың 11 айында жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 0,8 пайызға өсті. Жуырда Бишімбаев «Нұрлы жол» және үкімет пен Ұлттық банктің антикризистік бағдарламаларының аясында жыл ЖІӨ-нің 1 пайыздық өсімімен аяқталады деп позитивті жоспар жасады. Жалпы, 2016 жыл қалай болды? 7kun.kz Қазақстанның осы жылғы экономикасын шолып көрді.

«Соңғы 16 жылдағы ең қиын кезең»

2016 жыл мұнай бағасының 36 пайызға арзандауынан басталды. Кейін өндіріс көлемі 1,4 пайызға кеміп, тауар айналымы 30 пайызға азайды. Оның ішінде экспорт – 31,7, импорт 28,4 пайыз құлдырады. Сарапшылардың барлығы бір ауыздан «биылғы жыл ел экономикасы үшін өте ауыр болғанын» айтады. Экономист Қасымхан Қаппаровтың пікірінше, мұндай көрсеткіштер соңғы рет 2000-жылдары болған.

— Қазақстан экономикасының 2016 жылғы өсімі соңғы 16 жылдағы ең төмен көрсеткіш болғалы тұр. Бұл дағдарыс уағындағы 1,2 пайыздық өсім болған 2009 жылғы көрсеткіштен де төмен. Соңғы 9 айда экономика 0,4 пайызға ғана алға жылжыса, өндіріс 1,7 пайыз құлдырап кетті. Экспорт та екі есе түсті, — дейді сарапшы.

Экономист Мақсат Халық жалпы ішкі өнімнің 1 пайызға дейінгі өсімі 20 жыл бұрын ғана болғанын алға тартып, бұл жылы Қазақстан 90-жылдардағы жағдайға қайта түскенін айтады. «Тоқсан сайын ЖІӨ 0,4-0,8 пайызға өсті деп мәлімдеген» министрге қатысты экономист «үкімет ешуақытта 1 пайыздық өсіммен мақтана алмайды, себебі ол экономиканың дамымай ұзақ уақыт бойы бір қалыпта тұрғанын білдіреді» деп пікір білдіреді.

Фото: dnevniki.ykt.ru

«Кедей елдердің қатарына кірген жыл»

Естеріңізде болса, Қазақстан дүниежүзілік экономикалық форумының есебі бойынша, 2015 жылы бәсекеге қабілетті елдердің тізімінде 42-орынға көтерілген еді. Ал ұйымның 2016 жылғы есебінде Қазақстан 11 саты төмен түсіп, 53-орынға жайғасты. Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, 50 елдің қатарынан шығып қалуымыздың негізгі себебі жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің күрт төмендеуі болып отыр.

— 2015 жылы ЖІӨ көлемі 10 590 доллар болған еді. Өткен жылы теңге мен доллардың жылдық орташа бағамы 221,73 болған. Ең тамаша көрсеткіш бізде 2013 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 13 611 доллар болған. Қазақстан дәл сол жылы 50 дамыған елдің қатарына кіріп еді. Бірақ ол кездегі теңге мен доллардың жылдық орташа бағамы 152,13 доллар болған. Ал енді 2016 жылы теңге мен доллардың жылдық орташа бағамы шамамен 340 деп есептесек, 7 000 доллардың маңайына барамыз, — дейді сарапшы.

Оның пікірінше, Қазақстан 2016 жылы әлімдік көрсеткіштер бойынша, кедей елдердің қатарына енген.

[caption id="attachment_57274" align="alignnone" width="1000"] Фото: yvision.kz[/caption]  «Жыртықты» жамаумен өткен жыл

Биыл Қазақстан экономикасына салмақ салған тағы бір фактор сыртқы қарыз көлемінің артып кетуі болды. Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстан мемлекеттік қарыздың көлемі бойынша 134 елдің ішінде 12-орында тұр. Экономист Мағбат Спанов «қарыз мемлекеттік үлесі бар компаниялар есебінен өсіп жатқанын» айтқан, сарапшының пікірімен Рахым Ошақбаев та келіседі. Ол Ұлттық қор қаражаты мемлекеттік қарызды төлеуге жұмсала берсе, «оның да түбі көрініп қалатын уақыт алыс емес» екенін айтады.

— Қазақстан бұл жылы қор түсімдерін емес, Ұлттық қордың негізгі бөлігін жұмсады. Осылайша, қор қаржысын жарату мен шығын көлемі табыстан әлдеқайда асып кетті. Егер тап осылай жалғаса берсе, Ұлттық қордың қаржысы 2 жылда таусылуы мүмкін. Сол үшін ретсіз ақша жаратуды, оның ішінде мемлекеттік компанияларды қолдауға қаржы жұмсауды доғару керек, — дейді Рақым Ошақбаев.

Одан бөлек, кейбір экономистер жалпы ішкі өнімнің нақты көлемі қазіргі курспен есептегенде әлдеқайда аз екенін, сәйкесінше ЖІӨ-ге қатысты қарыз көлемі де жоғары екенін айтады. Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, біздің билік өкілдері ЖІӨ-ді ескі курспен (1 доллар — 222 теңге) есептеп, өздерін алдап жүр.

— Жалпы ішкі өнімнің көлемі өткен жылғы 222 теңге курсы бойынша есептелді. Себебі, 1 доллар 300 теңге шамасынан жыл соңында ғана асқан әрі оған дейін доллар арзан болғандықтан орта шама осылай төмен шықты. Сондықтан ЖІӨ-ге қатысты қарыз көлемі аз емес, өйткені оның нақты көлемі қазіргі курспен есептегенде әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Енді келер жылдан бастап доллардың орташа курсы 300 теңге шамасында болса, қарыз көлемі бірден «өсіп кетеді», — дейді Мақсат Халық.

Фото: mln.kz

«Қабылданған қате шешімдер»

2016 жылы салық түсімі өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз болды. Бұл үкімет үшін басты мәселенің бірі болып отыр. Алайда экономистер  «билік бюджеттегі кетікті кәсіпкерлер салығының есебінен өндіруге тырысып, салық саясатын орынсыз қатаңдатқанын қате шешу жолы» деп бағалады.  «Талап» қолданбалы зерттеу орталығы қамқоршылар кеңесінің басшысы Рақым Ошақбаевтың пікірінше, басқа елдер экономиканы тығырықтан шығару үшін кәсіпкерлерді қолдауға тырысса, біздің үкімет керісінше олардың жұмысына кедергі жасап жатқанын айтады.

— 2016 жылдың соңғы тоғыз айында бюджетке түскен салық көлемі 34 пайызға артып, 1 трлн 85 млрд теңге артық жиналған. Қазіргі салық жүйесі кәсіпкерлерге кері әсер етіп, іскерлік белсенділікті азайтып жатыр. Осы жылы шағын және орта кәсіп субъектісі 92 мыңға азайып, өндіріс көлемі 4-2 пайызға кеміді. Экономикалық өсім болу үшін кәсіпкерлерге еркіндік беру қажет, бізде керісінше — салық саясаты жыл сайын қатаңданып жатыр, — дейді Рақым Ошақбаев.  

Айта кетейік, 2016 жылы кәсіпкерлер өздерінің "Атамекен" ҰКП-ға жазған арыздарында бақылаушы органдардың талаптарының аса көптігіне шағымданған. Оларға бұл жылы 28 мыңнан астам талап қойылған екен. Экономист Қасымхан Қаппаровтың пікірінше, салық саясатын қатаңдату көлеңкелі экономиканың өсуіне алып келеді. Маман қазір  Қазақстан экономикасындағы қаражаттың 30 пайызы онсыз да жасырын екенін, бұл сомманың республикалық бюджетпен шамалас болып қалғанын айтады.

Фото: KyrgyzToday.KG

«Ең үлкен қателік — жүйе»

Қазақстанда 2016 жылы экономика үшін бірқатар маңызды тағайындаулар болған еді. Оның бірі – мамырдың 6-сында ұлттық экономика министрі болып Қуандық Бишімбаевтың келуі. 7kun-ге жыл қорытындысы туралы сұхбат берген сарапшылар – Мағбат Спанов пен Мұхтар Тайжан «министрге әзірге тәжірибе жетіспейтінін» айтты. Ал 9 қыркүйек премьер-министрдің мандатын алған Сағынтаев туралы кей сарапшылар «өңірді басқаруда тәжірибесі мол менеджер» деп пікір білдірсе, кейбірі «мұнай бағасы қайта көтерілгенде тағайындалған жолы болғыш шенеунік» деп бағалады. Экономист Мақсат Халық премьер-министрдің «тым кеш ауысқанын 2016 жылдың ең үлкен қателігі» деп есептейтінін айтады.

— Мәсімов үкіметінің қауқарсыздығы дағдарысқа қарсы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру барысында өткен жылы-ақ байқалған. Сондықтан 2016 жылдың басынан-ақ жаңа премьерді тағайындау керек еді, — дейді Мақсат Халық.

Одан бөлек, экономист Мағбат Спанов ел экономикасындағы негізгі мәселелерге оның басқарылуы мен саяси жүйені кінәлайды. Сарапшының пікірінше, экономикалық өсім саяси реформалар дұрыс жүріп, әділ бәсеке орнап, жаңа экономикалық модель келгенде ғана орнайды. 2016 жылдың қалай өткеніне баға берген экономист осы талаптар орындалмай жатып, «алға жылжу туралы армандамай-ақ қойсақ та болатынын» айтады.

Қазақстан экономикасының өсімі  2014 жылы — 4,3 пайызды, 2015 жылы 1,2 пайызды құраған. Үкімет биыл бұл көрсеткіш 1 пайызға жетеді деп  «үміттеніп» отыр. Жалпы жылдың бейнесі осындай. Сарапшылардың 2017 жылға жасаған болжамы біршама позитивті, алайда олар экономиканың әлі де мұнайға тәуелді болатынын, сондықтан сенімді түрде өсім болады деп айтуға күмәнданатындарын жеткізді. Дегенмен, 2017 жылы не болатыны жайлы сәл кейінірек жазамыз.

Аян ҚАЛМҰРАТ, «7»

 

Похожие материалы