Үкімет былтыр 2017 жылдан бастап күшіне енетін біраз бағдарлама мен шешімдер қабылдаған. Құзырлы министрлік экономикалық өсім ілгерілейтініне уәде беріп, әлеуметтік төлемдерді арттыруды жоспарлады. 7kun бұл жылы ел экономикасында қандай өзгеріс болуы мүмкін екенін шолып көрді.
2017 жылдан бастап банктердің ипотеканы 10 пайызбен беруін қамтамасыз ететін «Нұрлы жер» тұрғын-үй бағдарламасы іске қосылады. Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев «бағдарламаны іске асыру арқылы ЖІӨ өсімін 7,7 пайызға көтеруге болады» деген. Бүгіннен, 4 қаңтардан бастап депутаттар Қазақстан қалаларына барып, бағдарламаны түсіндіру жұмыстарына кірісу керек.
Әлеуметтік төлемдер, яғни зейнетақы мен баланың тууына байланысты жәрдемақы 20 пайызға арту керек. Осылайша, зейнетақының ең аз мөлшері 37 789 теңгеден 45 711 теңгеге, орта шамасы 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге көбейеді. Бірінші, екінші және үшінші бала үшін 1 шілдеден бастап жәрдемақы 86 222 теңге, төртінші не одан көп балаға мемлекет беретін бір реттік жәрдемақы 142 947 теңге көлемінде болады.
Әлеуметтік төлемдердің артуымен қатар, коммуналды қызметтер тарифі де қымбаттайды. Электроэнергия орта есеппен – 5,9 пайыз, суық су – 7,2 пайыз, су тарту – 5,6 пайыз, жылу энергиясы – 10,2 пайыз, ыстық су 11,8 пайыз қымбаттайды. Қымбаттайтын өнімдердің қатарында азық-түлік те бар. Қазақстанда 2017 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне тең жағдай жасау үшін баға реттеуді алып тастады.
Экономист Мақсат Халық бұл шешім бағаның өсуіне алып келуі мүмкін дейді, «ал мұндай жағдайда «Ұлттық банктің 2020 жылға дейін инфляция деңгейін 4 пайызға түсіреміз» деген жоспары іске асуы арман болып қалады» деп пікір білдіреді.
[caption id="attachment_58769" align="alignnone" width="1000"] 2016 жылғы желтоқсанның 29-ына тағайындалған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.[/caption]2017 жылғы экономикалық көрсеткіштерге қатысты болжам жасаған сарапшылар жыл соңында болған тағайындау – Ұлттық экономика министрі болып Қуандық Бишімбаевтың орнына Тимур Сүлейменовтің келуі олардың пікірін өзгертпейтінін айтады. Сарапшы мұның себебін министрдің айтарлықтай ештеңе шешпейтінімен түсіндіреді.
- Жаңа министрдің қандай экономист екенін әлі белгісіз, себебі бұған дейін тек басшылық қызметте болған. Турасын айтқанда, ол қандай бағдарлама я стратегия әкелсе де, біздегі негізгі бағдарламадан аспайды, тек соның төңірегіндегі жобаларды іске асырады. Сондықтан жаңа министрден түбегейлі өзгеріс күтудің қажеті жоқ, - дейді Жарас Ахметов.
Маманның пайымдауынша, бұл жылы болатын өзгерістер сыртқы факторларға тәуелді болады. «Егер сырттан ешқандай «соққы» келмесе, өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары өсімге қол жеткізуге болады, бірақ үдемелі өсімге үміт артудың қажеті жоқ», - дейді Жарас Ахметов.
Ал экономист Қасымхан Қаппаров 2017 жылы Қазақстанның мәселелері сол күйінде қалады деп санайды.
- Теңгенің құнсыздануы, инфляция, бюджет кірістерінің азаюы, мемлекеттік компаниялар қарызының көбеюі, әлсіз банк жүйесі мен тиімсіз мемлекеттік сектор секілді негізгі проблемалар бұл жылы да қалады. Әлі де төмен бағада тұрған мұнай да экономика біраз қиындық тудырады, - дейді экономист.
BRB Invest компаниясының басқарма төрағасы Ғалым Құсайынов басылымдардың біріне берген сұхбатында әлемдік мұнай нарығындағы сұраныс пен ұсыныста әлі де дисбаланс бар екенін ескертіп, оның тең болуы үшін біраз уақыт керегін айтқан. Сарапшының пікірінше, мұнай бағасының өсуі 2018-2019 жылдары ғана байқалуы мүмкін, оған дейін баға қазіргі шамада көтеріліп, түсіп отырады. Ал Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2017 жылы мұнай бағасы - 51 доллар, АҚШ-тың энергетика министрлігі - 51 доллар, Дүниежүзілік банк - 55 доллар болуы мүмкін. Goldman Sachs агенттігі мұнай бағасының баррелі 45-50 доллар болады деп болжайды. Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, мұндай оң болжамдарға қарамастан, мұнай бағасы бірнеше факторлардың әсерінен күрт құлдырап кетуі мүмкін.
- 2016 жылдың қараша айында ОПЕК елдері мен оған мүше емес елдер «мұнай өндіру көлемін қысқартамыз» деген келісіміне қарамастан АҚШ-тың өз мұнайын әлемдік нарыққа көптеп шығаруы нарықтағы теңсіздікті сақтап отыр. Тағы бір фактор - баламалы энергетиканың дамуы. 2020 жылы АҚШ, ЕО, Қытай сияқты ірі нарықтарда энергияның 20%-дан 30%-ға дейін баламалы энергия көздерін пайдаланады. Егер 2017 жылы мұнай баррелінің бағасы 50-60 доллардың төңірегінде болса, бұл Қазақтанның ЖІӨ-нің кемінде 2 пайызға өсімін қамтамасыз ететін болады, - дейді экономист.
Айта кетейік, 2017 жылы болатын тағы бір маңызды оқиғалардың бірі – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі. Аталған шараға 5 млн астам турист келеді деп болжанып отыр. Сарапшы Қасымхан Қаппаров бұл шара былтырдағыдай экономикаға әсер етпейтінін, себебі негізгі құрылыс жұмыстары 2015-2016 жылдары жүргізіліп қойғанын айтады. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық шарадан келетін табыс 330 млн еуроны құрайды деп мәлімдеген еді.