Соңғы уақытта Серікбай Бисекеевтің «Бәрі де өз қолыңда» (Сделай себя сам) кітабы жайлы жиі айтылып жүр. Шалғайдағы қазақ ауылында туып, ешкімнің қолдауынсыз-ақ халықаралық деңгейдегі холдинг құрған өнімдері бүкіл әлемде саудаланып жатқан кәсіпкердің өмір жолы кімге де болса қызық шығар. 7kun сайты сіздер үшін осы кітаптан Серікбай Бисекеевтің балалық шағынан алған басты сабақтарынан қысқаша үзінді бермек.
Бірінші сабақ
Кез келген жағдайда өсуге мүмкіндік жасаңыз
Тұрмыстың тауқыметтері менің мінезімді бала кезден «қатайтты». Сондықтан, студенттер өңірлеріндегі қиын тұрмыстық жағдайды айтып шағымданғанда мен де хан сарайында дүниеге келмегенімді айтамын және бар артықшылығым осында деп білемін. Егер бала кезден кезімнен жайлы өмір сүрсем қазіргідей адам болар ма едім, кім білсін?
Халил Джибран айтқандай, «жайлылық бізге қызмет етемін деп келіп, қожайынымызға айналады». Бүгінде осыдан көп жыл бұрынғыға қарағанда, адамдар үшін жасалып жатқан игіліктер мен мүмкіндіктер көбірек. Бірақ осы жайлылық адамды босаңсытады. Бәрі алдыңда жайрап тұрса, әлденеге талпынудың не қажеті бар?! Мұндай жағдайлар сені тәуекелге бел бууға, білек сыбана еңбек етуге итермелемейді. Себебі, сені ештеңе қамшыламайды. Барлық жағдайды жасап қойған. Ал шын мәнісінде тәуекелге бел буу мен әлденені көбірек атқару сияқты қасиеттер, күн сайын өнімді жұмыс жасауға ынталандырады әрі еңбекке деген құлшынысты туындатады.
Сіздердің назарларыңызды аудартқым келетін алғашқы мәселе – өзіңізге де, балаларыңызға да шамадан тыс жағдай жасамаңыз. Олар сұрай салысымен қымбат ойыншықтар, гаджеттер, көліктер сатып алып бермеңіз. Оның орнына оларды жақсы ойлана алатын әрі алдына мақсат қойғыш етіп тәрбиелеңіздер. Олар өмірлерінде көп нәрсеге өз күштерімен қол жеткізіп, табысты әрі сенімді тұлғаға айналсын. Шамадан тыс жағдай жасаймыз деп, біз миымыз үшін «жұмыс істетпейтін» орта жасап береміз және жасампаздан тұтынушыға айналамыз. Бұл мәселенің ушыққаны соншалық, бүгінде өмір ширатқан «қасқырларға» жем болатын жалтақ «қояндардың» тұтас буынын өсіріп шығардық. Ата-анам мені басқаша тәрбиеледі, бала кезімнен «өзімді ренжітуге жол бермеуді» үйретіп, мені «кішкентай бөлтірік» етіп өсірді.
Меніңше, әрбір адам бастапқы жағдайына және ата-анасының қанымен берілген қасиеттеріне қарамастан, өз өмірін өзі жасауға талпынуы тиіс. Олардың қолдауына сеніп, ағыспен жүре беруге болмайды.
Екінші сабақ
Тіл табыса білу жетістікке жетелейді
Мен әрдайым көпұлтты ортада өмір сүріппін. 50-ші жылдары біздің облысқа КСРО-ның түкпір – түкпірінен тыңды көтеруге көп адам келді. Олардың көпшілігі осында қалып, сан түрлі мәдени ортаны қалыптастырды. Міне, мен осындай ортада өстім. Осының арқасында бала кезімнен адамдардың ұлты мен тіліне қарамастан, ешкімді жатырқамай өстім. Бұл тәжірибе өмірде де, бизнесте де өсуіме көп көмегін тигізді. Кез келген адаммен ортақ тіл табысуға болады, өзіңе шектеу қоюдың керегі жоқ!
Адамдармен араласа білу – менің жетістікке жетуімнің ең маңызды факторларының бірі. Өкінішке орай, жастардың көпшілігі бірінші болып барып, өзіне ұнаған қызбен немесе беделді серіктеспен тіл қатысуға қорқады, қол көтеріп, көпшіліктің алдында сөйлеуден жасқанады... Жастар, сөйлесе біліңіздер!Бизнесте табысқа жету - батылдыққа , тіл табыса білуге және дос бола білуге байланысты.
Үшінші сабақ
Бәрі спорттан басталады
Бала кезімде мінез-құлқымның және жан – дүниемнің қалыптасуына спорттың көп көмегі тиді. Барлығы 7 жасымда басталды, ол кезде мен бокспен шұғылдануды армандайтынмын. Алайда, оған жас жетпеді. Кеңес заманында спорттың бұл түріне бала қалыптасып, өз қимылын саналы түрде басқара алатын 12 жасқа толғанда ғана алатын. Мен бокспен айналысудың өзіме қажет екенін айтып, ата-анамды көндірдім. Олар болса, бапкерден жасымның кіші болғанына қарамастан, мені қабылдауын өтінді. Өз арманымды жүзеге асырып, осылайша алғашқы жеңісіме жеттім. Бала кезімде бокстың арқасында өзіме деген сенімділікті арттымдым. Бастауыш сыныпта бойдағы буырқанған күш-қайраттың салдарынан достарыммен ойнап түрлі еркеліктерге бой алдырдым, тәртібіме қатысты емкерту де алып тұратынмын. Ата-анам болса уайымдап, «ұлымызға нашар тәрбие беріп жүрміз»деп қынжылды. Сол себепті төртінші сыныпта өзімнен жасы үлкен достарымның бірінің ұсынысымен боксты баскетболға ауыстырғанымда әке-шешемнің қуанышында шек болмады.
Өмір үнемі түрлі сабақтар беріп отырады, біз оларды игермейінше, әрі қарай жылжи алмаймыз. Сондықтан мен күрделі, қиын жағдайларды түйткіл емес, сынақ ретінде қабылдаймын. Сол арқылы мықтырақ, ақылдырақ,табыстырақ болудың жолын қарастырамын.
Жетістікке жету үшін қажырлы, жүйелі жұмыстың қаншалықты маңызды екенін де, осы спортпен айналысып жүріп білдім.
Спорт сыныбында мықты командаға түскен соң, үздік болу үшін елдің сеніміне ие болып, өзіңе арқа сүйеуге болатынын дәлелдеу керектігін ұқтым. 15-16 баладан тұратын командада абыройлы болу үшін, салмақты мінез бен нәтиже үшін жауапкершілік ала білу қажет. Бизнесте де дәл солай!
Төртінші сабақ
Тек мықтылармен жарыс!
Өмір бізге әркез жаңа мүмкіндіктер беріп тұрады. Сол арқылы ақылды әрі бақытты болуға ұмтылуымыз қажет.
Өз күшін сынап көру, адамды қанаттандырады. Мен мұны бізге Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Виктор Михайлович Ряскин келген кезде, бітіруші сыныптағы ақтық турнир кезінде түсіндім. ол команданы республикалық деңгейдегі жүлдегер етуі керек болды. Біздің басты қарсыласымыз – алматылық чемпиондар болды. Онда бүкіл Қазақстаннан үздік ойыншылар жиналған еді. Ақтық турнирда алғашқы ойындарды нөмірі бірінші ойыншы жүргізді. Алайда, жарыс барысында тәжірибелі бапкер әзірлеген командалық стратегияға сәйкес міндеттелмелерді жасамай қойды. Сол ойыншының өзімшілдігінің кесірінен команданың жеңілуі мүмкін екенін түсінген бапкер оның орынна мені шығарды. Бұл ойын мықты ойыншыға үйреніп қалған команда үшін оңай болмады. Ал мен тек командалық стратегияны және жеңуді ғана ойладым. Біз 14 команданың ішінде бірінші орыннан кем түспейтін екінші орын алып, үлкен мақтанышпен әркім әр қалаға оқуға кетіп тарқастық. Кейінгі 4 жыл бойы мені мазалаған сұрақ біреу болды: сондай жауапты сәтте бапкер әбден төселген ойыншыға емес,неге маған сенді?» деген сауал жаныма тыныштық бермеді. Бірде Қостанайға келгенімде осы сұрағыма жауап ала алдым. Бапкрге бастысы нәтиже керек болған. ал біздің «бірінші нөмірдегі ойыншымыз» команданы емес, жеке басын ғана ойлаған.
Егер командаңызда ұжымдық рухты қолдамайтын адам болса онымен қош айтысу керек! Мен бизнесте әлі күнге дейін осы қағиданы ұстанамын және бұл туралы дәрістерімде айтып жүремін. Жаңа директор келгенде қызметкерлер оның жұмысын бақылайды. Адам өзіне жүктелген компанияның тірлігін ұршықтай иіріп әкетсе, өзінің батылдығын, креативті ойлай білетінін, әріптестерін құрметтейтінін дәлелдегеннен кейін ғана, қызметкерлер тарапынан сенім, құрмет,қолдау пайда болады.
Бесінші сабақ
Өз қызығушылығыңызды табыңыз да, сүйікті ісіңізбен айналысыңыз.
Өмірде тек өзін және өз бойындағы үрей мен қорқынышты және жалқаулық пен сенімсіздікті жеңе алған адам ғана жеңіске жете алады.
Мақсатың болып, оған қол жеткізгің келгенде, сені ешнәрсе алаңдатпайды: бар назарың сонда болады. Осындай қызығушылықты таба білу де - аса маңызды. Баланың белгілі бір іске деген қызығушылығын анықтау үшін ата-анасы онымен бірге әр нәрсемен айналысып көруі керек. қызығушылық танытқан саласын табумен қатар, оларға бар жанымен сүйетін идея беру, бастамаларын қолдап, жетістіктерін сұрап отыру маңызды. Балаларға нақты бір мақсатта жұмыс істеп, өзі сүйетін істе жетістікке жетуді үйренуі керек. сол кезде олардың сізбен «жауласуға» уақыттары да болмайды.
«Егер баққа гүл отырғызбаса, оны міндетті түрде арам шөп қаптайтыны» белгілі. Балаларды бағыттап, түрлі ақымақтықтарға уақыттары болмайтындай, белгілі бір іске баулу дұрыс деп санаймын.
Алтыншы сабақ
Ата-анам маған не үйретті?
Ата-анамды жақсы көремін әрі бағалаймын. Олар маған сенді және өз бетіммен шешім қабылдауға мүмкіндік берді
Анамнан ақжарқын болуды, тіл табыса білуді үйренсем, әкемнен «аз сөйлеп, көп іс қылу» секілді қасиеттерді сіңірдім. Әкем анама қарағанда сөзщең кісі емес, бірақ отбасына деген ықыласы мен қамқорлығын әрдайым ісімен көрсетіп отыратын. Оның ұстамдылығына, төзімділігіне тәнтімін. Ешкімнен ешқашан ештеңе сұрамауды жөн көрді. Әр адамның өмірінде болатындай, менің де басымнан сәтті, сәтсіз кезеңдер өтті. Ата-анамның мені сөкпегеніне, ісіме араласпағанына ризамын. Жай ғана сенді және таңдауға мүмкіндік берді. Бұл маған өз бетіммен шешім қабылдайтын адам болуыма көмектесті.
Ата-аналарға айтарым: ешқашан балаларға қысым жасамай, олар үшін шешім қабылдамай, барлығын ауыздарына тоспай, өз қателіктерінен сабақ алуына мүмкіндік беріп үйренген жөн. Себебі, сонда ғана олар мықты әрі табысты адам болып өседі. Менің ата-анамнан бірде «баланы табысты етіп қалай тәрбиелеуге болады?» деп сұрағанда, олардың берген жауабы: «оны өзіңізден алысқа жіберіңіз!», - деді. Ата –анамның үйінен 16 жасымда кеттім, бұл мені өз бетімше өмір сүруге үйретті.
Жетінші сабақ
Тәлімгеріңіз болсын
Өміріміздің әрбір кезеңінде бізге білім, тәлім-тәрбие беретін адамдар кездесіп отырады. Осылайша, олар тағдырымызға үлкен ықпалын тигізеді. Өзімнің бірінші тәлімгерім деп мектептегі бапкерім Сергей Николаевич Куденконы атай аламын. Сол кісі біз сияқты қарапайым балалардан алға жоспар құра алатын және нәтижеге қол жеткізе білетін еңбекқор адамдарды тәрбиелеп шығарды. Бойымызға дарытқан алға мақсат қою және тепе-теңдікті сақтау, өзіңді қорғау және кез келген жағдайда өмір сүре білу қасиеттері үшін алғысымыз шексіз. Сонымен қатар, менен дасы үлкендеу, биік жетістіктерге жеткен достарымды да өзімнің тәлімгерлерім деп білемін. Олардың әрқайсысынан әйтеуір бір қасиет болса да, үйрендім. 40 жасқа дейін өзімнен жасы кіші жақын достарымның болмакғаны сондықтан шығар. Бизнесте де, өмірде де жетістікке жеткен достарыма тәнті боламын. Олардың өскенін, өзгергенін, қандай шешімдер қабылдап, нендей істер жасағанын көріп қанаттанамын.
Сізден асып түскен достарыңыз болғаны жақсы. Олардан әлденені үйрене аласыз. Көз алдыңызда жетістікке жеткен досыңыз немесе тәлімгеріңіз болса, армкныңыға тезірек қол жеткізесіз.
Қания Табыс "7"