Өткен аптада Алматының маңындағы «Красное поледегі» Алматы облыстық Жол полициясы басқарамасына бардым. Қып-қызыл кәнсертіңіз осында екен. Баруға себеп: әкем ауылда өзеннен өтемін деп көлігінің бір нөмірін түсіріп алыпты. Оны үйге келгенде бірақ көрген. Іздеп, таппаған. Салып ұрып учаскелік инспекторға барған. Ол "ауданға барып, анықтама аласыз, сол бойынша «Красное поледен» жасатсаңыз болады" деп бағыт беріпті. Әкем аудан орталығы Кегенге тартқан. Жол полициясының бөлімшесінде Марат болуы керек қызметкерге жолығып, «нөмір жоғалттым, анықтиама керек», деп кеңес сұраған. Қызметкер анықтама беріп, бағыт сілтеудің орнына қағазға бір адамның аты мен нөмірін жазып беріп, «аға, қазір интернеттің заманы, бес минутта аласыз, мына адамға жолығыңыз» деген. Зейнеткер адам, білдей полиция қызметкері айтып отырған соң, сенген де 150 шақырым жол жүріп ауылға қайтады. Сосын 300 шақырым жол жүріп Алматыға келеді. Үлкен кісі болған соң, «Красное поледегі» облыстық Жол полициясы басқармасына бірге еріп бардым. Басқарманың айналасынан адам адасады. Жөн сұрайтын полиция қызметкерін табу мұң. «Тонировка» жасап тастаған терезелердің алды қыруар кезек. Ар жағындағы полиция қызметкеріне жету қиямет. Есесіне делдал өріп жүр. Ары-бері барып, жөн сұрайтын жан таппай алақтап жүргенімізді көріп бір-екеуі жетіп келіп, жол сілтеді. «Сіздерге нөмір жоғалғаны туралыанықтама алып келу, сверка үшін машинаның өзі керек. Онсыз жұмыстарыңыз бітпейді, бізге келесіздер ғой, қазір барып, екінші терезеден сұрап көріңіз" деді шиқылдап. Екінші терезедегі майор делалдардың сөзін қайталап, "жолдың арғы бетіне барып, нөмір жоғалттым деп арыз жазыңыздар» деді. Қысқасы анықтамасыз, машинасыз нөмір алмайтынымызға көз жетті. Енді қайттық деп ойланып қалдық. Кегенге барып, анықтама алып, көлікті айдап келуге кемі жиырма мың кетеді. Ары-бері уақытты қосыңыз. Дұрысы осы делалдармен шешу. Амал жоқ жаңағы делалдарға бардық. Біреуі "отыз бес мың берсең, қазір нөміріңді аласың да кетесің" деді. "Жоқ, болмайды" деп жолдың арғы бетіне барып, ең болмаса арыз жазып кетейік дедік. Арызды нөмір ауыстыратын күні жазуың керек екен. Оның да мәнісі болмады. Ол жерде толған делдал. Біреуі жол сілтегенсіп, «қызметінің» құнын жиырма бес мың деді. Сосын есімізге Кегендегі жолпол жазып берген телефон еске түсті. Теріп, жөн айтып едік, жиырма мың деді. Мақұл дедік. Ол тағы бір делалға жіберді. Ол арыз жазғызып, мөр қойғызып, бір терезеге ертіп барып, сыбыр-күбір етті де, "күтіңіздер, шақырады" деп кетіп қалды. Ал, күт. База істемейді, тағы бірдеме. Басқарманың іші монша. Отыратын орын жоқ. Қолтың пен аяқтың исінен ми айналады. Кешкі жетіде жаңа нөмір, техпаспорт дайын болды. Қолға алдық та "Е, құдай екінші нөмір жоғалта көрме, мынаны дәнекерлейсің ба, енді шешілместей жаса" деп әкемді жолға салдық. Бір күнім өлді. Дәретханаға баруға уақыт таппайтын заманда мен үшін бір күн деген... Әкемнің көлігіне нөмір үшін кетті ғой деп жұбаттым өзімді. Жемқорлық дейсіз бе, сыбайлас жемқорлық дейсіз бе, қолдан жасалған бюрократия дейсіз бе, қысқасы жалған ақпарат беріп, ақша сыпырып алудың куәсі болдық, тағы бір рет. Соңғысы емес шығар. Қалай болуы керек: Кегенде өмір жоғалғаны туралы анықтама беріп, ары қарай не істеу керегін айтуы керек. Ол анықтамамен көлікті айдап, «Красное полеге» келуі керек. Арыз жазып, көлікті тексеруден өткізіп, техпаспорт пен нөмір ауыстыруға құжаттарды беріп, қажетті сомасын төлеп, күтіп алу керек. Не болды? Кегенде өтірік ақпарат беріп, өзінің таныс делдалына жіберді. Басқармада адамдардың ақпарат алуына жағдай жасалмаған, делдалдардың толып жүруіне қолайлы жағдай жасап қойған. Дұрыс ақпарат бермеген соң құжаты толық болмаған адам құжатын нақтылау үшін ауылға қайта баруға уақыт, ақшы шағынын есептеп, дұрысы делдалға беру керек деп шешті. Қалта қампайту схемасы сәтті орындалды.