Егемен еліміздің ертеңгі болашағы бүгінгі жастардың қолында. Бүгінде мемлекетіміздің экономикалық өмірі де жаңа сапаға ие. Ал еліміздің ертеңгі тіреуі - жастардың экономикалық сауатын ашу, қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі. Мысалы, шет мемлекеттерде экономика негіздері балабақшадан бастау алады екен. Ал, қазақ жастары үшін экономика түсінігі не, және бүгінгі жастардың экономикалық сауаттылығы қандай дәрежеде? Тақырып төңірегінде экономист, аға оқытушы Иляшова Гулия Кенжебекқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.
– «Экономика – қазіргі уақыт мамандығы» деген сөзді жиі естиміз. Осы тұрғыда студенттерге экономикалық білім беру жан-жақты қамтылған ба?
– Негізі Экономика үй шаруашылығынан басталады десек, әрбір адам күнделікті өмірде экономикалық өмірде жүреді. Ал енді мамандыққа келсек, бүгінгі таңда бұл салаға білікті, білімді, сауатты және де жаһандық экономика жағдайында кез келген өзгерістерге, жаңалықтарға бірден төтеп бере алатын, икемді, бәсекеге қабілетті мамандар керек. Яғни өз кәсібінің нағыз иесі керек. Ал ол үшін ең бастысы шаруашылықты жүргізуге, оны басқаруға қызығушылық тудырған, өндірісті түсінетін жастар қажет. Өйткені бүгін бизнес-жоба, бизнес-жоспар жасау және олардан пайда табу кез келгеннің қолынан келмейді. Тек соған ұмтылған және де соның қыр-сырын меңгерген адамдардың, мамандардың қолынан ғана келеді. Сонымен қатар барлығына экономист бол деп айта алмаймын. Өйткені басқа қоғамдық өнімді кім жасайды, экономиканың басқа салаларын кім дамытады? Әйтсе де кім кімнің де экономикалық сауаттылығы болғаны абзал және қажет те. Сол үшін біз, оқытушы қауымы ЖОО-да «Экономикалық теория негіздері пәнін» барлық мамандықтарға оқытуға тырысамыз.
– Бүгінгі жастардың экономикалық сауаттылығы қандай дәрежеде?
– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтпақшы «Жастар – біздің болашағымыз»! Олай болатын болса бүгінгі жастар ертеңгі біздің ізбасарлар, мемлекетіміздің тірегі. Жастардың сауаттылық дәрежесіне келсек олар өте алғыр, үлкен асуларға шығуға ұмтылған, шет елдерде білім алуға құмартқан жастар. Ол әрине қуантарлық жағдай. Бірақ, осы батыс, батыс деп өзіміздің ұлттық құндылығымызды, ділімізді жоғалтып алған жоқпыз ба деген сауалдар да мазалайтынын жасыра алмаймын. Өйткені сауаттылық тек қана әріп тану емес қой, ол деген кез келген мәтіннің грамматикасын көрсету, жазылу ерекшелігін, жазылу стилистикасын дұрыс ашу, техникалық тұрғыда рәсімделуі дегендей т.с.с. мәселелерге келіп тірелмей ме? Бұны айтып отырғаным, бүгінгі жастар сауаттылығы дейсіз, кейде сол жастар, барлығы емес әрине, көпке топырақ шаша алмаймын, кітап оқи алмай, сауатты жаза алмай, техникалық рәсімдеу дегенді мүлдем білмей жататын кездері аз емес. Осы тұрғыда қазіргі жастардың сауаттылығы ғаламторда берілетін ақпараттармен ғана шектеліп жатады.
– «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген принципке сүйену қоғам үшін қаншалықты тиімді?
– Бұл принцип қай кезде де осылай болған емес, өйткені мемлекет болған соң ең алдымен мемлекеттің шекарасының тыныштығы, елдермен тұрақты саяси-экономикалық қатынастары маңызды. Сондықтан да кез келген Елбасы ең әуелі ел іргесін түгендеген. Біздің жағдайымызда ол өте маңызды. Қазақ жері өзінің шикізатқа бай табиғи байлығымен, жерінің көлемдігімен барлық шетелдіктерді көп қызықтырады, және сол үшін де біздің елге инвесторлар көп тартылады. Бірақ жоғарыда көрсеткеніміздей, біз тек табиғи байлығымызды жай ғана сатып емес, оны өзіміз өңдеп, өнідіріп, ЖІӨ мен ЖҰӨ-дегі қоғамдық өнімнің өсу деңгейлерін жоғары дәрежеде қамтамасыз етуіміз керек. Тіпті біз Қазақстан-2050 Стратегиясы бойынша бәсекеге қабілетті дамыған елдер қатарына кіреміз десек, әрбір қоғам мүшесінің еңбек өнімділігі, бәсекеге қабілеттілігі жоғары болуы керек. Әрбіреуіміз жаңа идеяны өмірге ендіре отырып өзіміз басқа елге инвестор болуға ұмтылуымыз керек. Өйткені табиғат байлығының қоры келер ұрпақ үшін қаншалықты жетпек. Және де ел экономикасында Елбасы қашан да кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекеттік қолдау көрсетіп отырады. Неге? Өйткені олар жаңа идея жасаушылар!
– Қалай ойлайсыз, біздің ел үшін қандай экономикалық даму үлгісі оңтайлы?
– Негізі біздің Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқаннан бастап бірнеше елдердің даму үлгілері енгізіліп жатыр. Сондықтан дөп басып осы үлгіні ғана ұстану керек деп айта алмаймын. Ең бастысы ол Герман үлгісі, Жапон үлгісі, АҚШ үлгісі болсын бәрібір, ол біздің ұлттық менталитетімізге оңтайластырылуы қажет. Және де экономикалық тұрғыдан оны жаппай енгізбей тұрып жергілікті бір деңгейде сынақтан өткізу керек. Ол деген өз кезегінде ол үлгіден әсер бар ма, жоқ па екендігін көруге мүмкіндік береді, және де қаржылық шығын экономикалық жағынан тиімді болып саналады. Өйткені біздер көп жағдайда ақшаны босқа шашып, бюджетті тиімсіз пайдаланып жатамыз.
– Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық келеңсiздiктердiң себебiн айтып бере аласыз ба?
– Әлеуметтік-экономикалық келеңсіздіктер мына негізгі екі экономикалық құбылыстың табиғи деңгейлерінен артып кеткенде болатын салдарлары кезінде орын алады: жұмыссыздық және инфляция (жұмыссыздық деңгейі – 5-6%, инфляция өсу деңгейі – жылына 1%). Олай болатын болса біздегі келеңсіздіктер осы екі құбылыстың да экономикада өздерінің табиғи деңгейлерінен асып отырғанын көрсетеді. Экономикалық салдарлар көбіне, жұмыстағы қысқартулар әсерінен табыстың жоқтығы, немесе білімі, біліктілігі, тіпті сәйкес дипломы жоқтығынан жұмыс таба алмау, немесе тәжірибесі жоқтығынан жұмысқа орналаса алмау, тиісінше табыс алмау нәтижелерінде туындайды. Ал ол деген қоғам мүшелерінің мемлекеттік жиынтық өнімге өз үлестерін қоспаулары, тиісінше салық төлемеулері, ал ол одан әрі мемлекет тарапынан мемлекеттік бюджетте тиісті бір қаржыландыруларды өз уақытында жүргізе алмауларына кедерге болмақ. Содан келіп халық мемлекетке қол жаяды, ал дер кезінде қолдау болмаса қоғамдық наразылық тудырады.
– Бүгінгі күні жастардың 60 пайызы меңгерген мамандықтары бойынша жұмыс істемейді екен. Сіздің бұл көрсеткіш бойынша пікіріңіз қандай?
– Ия, ондай статистикамен таныспын. Өкінішке орай бұл рас. Ол мәселе ЖОО-да қазір өте қауырт қаралуда, және де күн тәртібіне төтесінен қойылып отырған мәселе. Бұл жерде мамандық таңдауда бірнеше себептер бар деп ойлаймын. Біріншіден, көп жағдайда жастар ең алдымен мына мемлекеттік грант дегенді иелену үшін қай мамандықта грант көп соған қарай ойысады. Екіншіден, кейбірі ата-анасының ықпалымен қаламаған мамандықтарына түседі. Үшіншіден, кейбірі әйтеуір жоғары білім алу үшін шамасы келген мамандыққа түседі. Сол үшін мамандықты адам мақсатты түрде таңдауы керек. Өйткені сол мамандық иесі болуды армандамай, шын көңілмен қаламай таңдаған адамдар нәтижесінде мамандықты толық игеріп кете алмайды.
– Экономист ретінде, тың идеясы бар, жаңа кәсіп ашқысы келетін жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Ең алдымен экономикалық сауаттылықты ашу керек. Сосын бірден кәсіп ашып тез пайда табуды ойламау керек. Кәсібіңіз бір реттік болмасын десеңіз, ең алдымен өндіріс негізін дұрыс түсініп алыңыз. Өйткені экономиканың негізі – ол өндіріс. Ал өндіріс ұдайы, яғни үздіксіз болуы керек. Өндірістік цикл жүйелі, тоқтамай жүріп тұрса табыс та тұрақты келіп тұрады. Абай атамыз айтпақшы, ең алдымен қанағат керек. Және де ең бастысы бизнесте этика керек. Тұтынушыларды алдамай, экономикалық менталитетті түсініп жұмыс істесеңіз бизнесіңіз өрге домалайды. Біздің қазіргі қоғамда экономикалық менталитет жоқтың қасы. Яғни адамдар тез ақша, тез пайда табуды көздейді. Салдарынан, тұтынушыларды, олардың талабын, қажеттіліктерін ұмытып кетеді, яғни тауарды тек сол сәтте сатып көп ақша алсам дейді. Ал, сіз нарықта қалып тұрақты пайда алғыңыз келсе этиканы ұмытпаңыз. Өйткені қазіргі нарықтың ұраны – сапа.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Ақбота Қуанышбекова, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ, журналистика факультеті