Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Екінші рет өмір сүруді үйрететін орын

Екінші рет өмір сүруді үйрететін орын

4 жыл бұрын Елдос Баялышбаев көлік апатына ұшырап, омыртқасы сынады. Операциядан кейін дәрігерлер "алдағы өмір қозғалыссыз болады"  деген үкім шығарады. Қазір ол өзі аяғынан тұрып қана қоймай, өзгелердің де қозғалысын жалғастыруға себепші болып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген адамдар осы жерде  жаттығып, қайта қозғалуды, қайта жүруді үйренеді. Осы жерден екінші рет өмірге келеді.

"Асар" фитнес клубы 9 қабатты ғимараттың жертөлесінде орналасқан. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген емделушілер таңғы 9-дан кешкі 5-ке дейін осы жерде тән саулығы мен жан саулығы үшін күреседі. Жаттықтыру залы жұмысын осыдан бір жарым жыл бұрын бастаған.

"Алғашында бір өзі ғана үйде жаттығатын. 3 жылдай уақыт жалғыз өзі дайындалды. Бұл психологиялық жағынан қиын болды. Орталықты ашудың негізгі себебі- баланы аяққа тұрғызу еді, - дейді Елдостың анасы Фатима.

IMG_4799

Фитнес клуб жұмысын бастамас бұрын Елдос "Ерлік" ұйымының басшысы Роза Ақжарқыновамен танысып, 5 ай бағдарламашы ретінд жұмыс істейді. Кейінірек оны "Даму" бағдарламасы бойынша оқуға жібереді. Сол жерден "Жол картасы-2020" бағдарламасы туралы естіп, қатысып көрмек болады. Елдостың айтуынша, қатысқан 200 адамның ішінен 11 адам 3 млн теңге көлемінде грант ұтып алады. Ал клуб үшін қажетті орын табуда қала әкімдігі қолдау көрсетіп, қазіргі тұрақты береді.

IMG_4685

IMG_4709

Гранттан жеңіп алынған қаржыға жаттығу құрылғылары жасалады. Негізінен оларды шетелден алдыруға болады, бірақ әрқайсысының құны миллион теңге көлемінде тұрады. Қазір залда дененің барлық бұлшық етіне арналған 18 түрлісі бар.

"Алғашында мен жүре аламын деген де ой болған жоқ. Біз интернетті ақтарып отырып, жаттықтыру құрылғыларын таптық. Бірақ олар өте қымбат еді. Ағам интернеттен роликтерін көріп отырып, солардың сызбасын өзі жасап шықты.  Мен ойыншық сұраған кішкентай бала сияқты едім. Ағама интернеттен көрсетіп, мынау ұнады деймін. Ол дайындап береді.  Қажетті материалды әкем әкеліп береді, дәнекерлеушілер ағамның сызбасы бойынша жасап шығарады. Алғашында не істеп жатқандарын да өзі түсінбейтін", - дейді Елдостың өзі.

IMG_4631

IMG_4629

IMG_4792

Балаларға арналған жаттықтыру құрылғылары. Балалардың өздеріне қарайтын мамандарға қаржы тапшы болғандықтан, кейінірек қабылдау тоқтатылды.

IMG_4666

IMG_4662

Орталық жұмыс істеп тұрған бір жарым жылға жуық уақыт ішінде 160 емделуші келген. "Жазда бір жігіт келді. Екінші күні веложаттығуға жатып, аяғының қозғала бастағанына сенбейді. Атымды атап, айқай салып шақырып жатыр. Шошып кетіп, жүгіріп келдім. Қараңызшы, аяғым қозғалып жатыр дей береді маған қуанып. Астанадан тағы бір жігіт келді. Дәрігерлер мануальды терапия жасаймыз деп, мойын тамырларын қысып қалған. Аяқ-қолы жұмыс істемейді. 5 айдан кейін жүріс арбасына тұрып кетті. Келгендердің барлығына айтарымыз - біз тек қана себепшіміз, басқасы адамның өзіне байланысты. Бастысы- өзіңе сеніп, жұмыс істеу қажет", -дейді анасы Фатима Тайжанқызы.

IMG_4678

IMG_4717

IMG_4724

Бұл- Бақтияр. Фатима Тайжанқызының айтуынша, осы клубта барлығынан ұзақ жаттығып жүр. "Асар" фитнес-клубындағы емделушілерден құралған КТК команданың топ жетекшісі. "Команданың көркемдік жетекшісі, біздің "полктың ұлы",- деп әзілдейді Елдостың анасы. Қазір фитнес-клубтың әлеуметтік желідегі парақшасын жүргізеді. Атап өту керек, топ Жайдарман ойындарына қатысып, 2-орын иеленген.

IMG_4734

IMG_4617

IMG_4623

IMG_4768

IMG_4765

-Балқаштан Гүлден деген келіншек келді. Өмірден әбден түңілген кезде, интернеттен Елдос туралы роликті көріп, соңғы мүмкіндікті пайдаланып қалайын деп келіпті. Жүре алмайды, күйеуі қолына көтеріп әкелді. Шынымды айтсам, мен ондай еркектерді сирек кездестіремін. Әйелін өзі ертіп әкелген, жанында бәйек болып жүр. Бізде жаттығып, жүріс арбасына тұрып кетті. Алғашында мүлдем сенбеген еді. Бізге келгендердің барлығы қозғалыс-өмір екендігін түсінеді. Талпынса ғана нәтиже шығады. Былтыр екі баланы қайтарып жібердім. Бізге, жататын пәтеріне, күнделікті тамағына қанша қаржы жұмсайды.  Қимылдамайды, жаттығуда босқа жатады. Онда неге өзіңді қинайсың? Қаншама адамдардың еңбегі босқа кетіп жатыр деп қайтарып жібердім, - дейді Елдостың анасы ақтарыла.

Суреттегі Ерлан есімді балақай 11 жаста. Бір жарым ай бойы жаттығып жүр. Әжесі екеуі әр басқан қадамға мәз болады, сырттай бақылап еріксіз қуанасыз.

IMG_4670

IMG_4703

IMG_4783

-Елдос апатқа ұшырағаннан бері 4 жылдан асты. Мен оның қандай жағдай екенін жақсы түсінемін. Ақшадан қиналудың не екенін де жақсы білемін. Сондықтан барлығы үшін қолжетімді қылуға тырысамын. Штатта массаж жасаушылар, бухгалтер мен еден жуушылар барлығын қосқанда 9 адам бар. Олардың барлығын жалақымен қамтамасыз етуіміз керекпіз.  Ол жұмысының қыр-сырын біледі. Жалақы аздау. Мүмкіндігім келсе көбірек төлеп, ұзағырақ ұстап қалуға тырысар едік. Осы орталықты ашқанда барлығы "көп болса жарты жылға дейін шыдайсыңдар" деген еді. Құдайға шүкір, ашылғанымызға жылдан асты. Ақша жоқ болса, жауып таста дейді. Жоқ, біз жабылмаймыз. Мейлі, жалғыз Елдос дайындалсын, бірақ орталық жұмысын жалғастыра береміз.

IMG_4647

IMG_4650

-Жазда кезек көп болады, бірақ 15 адамнан артық ала алмаймын. Жай ғана адамдар жаппай келе берсе, құр жаттығу залына айналамыз. Нәтиже болмайды. Елдос та осыны әу баста ескерткен еді. "Мам, біз тек есеп үшін ғана жұмыс істейтін басқаларға ұқсамауымыз керек", - деп ұрсады маған кейде. Қала ішінде тасымалдайтын арнайы инвотакси бар. Арбадан көлікке отырғызып-түсіру де өте қиын. Жұмыс істеу де оңай емес, психикалық ауырлық болады. Барлығын тегін қабылдай беруге мүмкіндік бола бермейді. Кейде емделушілер үшін де көмек көрсететін демеушілер табылса жақсы болар еді.

IMG_4749

Фитнес клубтан сауықтыру орталығына дейін

Қазір осы клуб жұмысының өзі Елдос үшін аз.  Енді біз үлкен сауықтыру кешенін ашуды ойлайды. "Шамамен 20 адам келіп, емделіп, сол жүрде тұра алатындай жағдай жасағымыз келеді. Себебі қазір бізге орталыққа келген адамдар баспана жағынан қиналады. Тіпті мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жағдай да барлық жерде қарастырылмаған. Лифттер тар, пандус аз. Бізге әкімдіктен де арнайы жер бөлініп қойылған едік. Құжаттарының барлығын да дайындап қойдым. Тек қаржы жағы қолбойлау болды. 100 -120 мың доллар көлемінде қаржы керек", - дейді жас инициатордың анасы. Елдостың өзі  қазір қандай да болмасын конкурстарға қатысып, болашақ кешен үшін қаржы тартуға тырысады.

IMG_4807

IMG_4794

Жаңа жоспарлары туралы Елдос шешіле айтты. "Демалыс орындарының маңынан мүгедек арбасымен жүргендерді жиі байқай бермейміз ғой. Сирек кездеседі. Неге адамдар бармайды? Себебі жағдай жасалмаған. Ол жерде тұзды су мен батпақ бар. Барлығы да пайдалы. Ендеше неге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шипажай ашпасқа? Біздің де тек ем қабылдап, күні бойы жаттығу залында жүріп қана қоймай, демалғымыз келеді ғой. Оған орын да дайын тіпті. Ата-аналарым Алакөлден. Сол жерде 30 сотық жер бар. Менің сол жерде біз тәрізді жандарға арналған пансионат ашу туралы идея келді.  Осыған дейін "Болашақ"  жобасы туралы естідім. Ол-  стартаперлерге арналған бағдарлама. Жеңімпазға 7 млн теңге береді. Құжаттарымды дайындап қойдым, енді финалдық кезеңге өтуді күтіп отырмын. Барлығыңыздан қолдау күтемін", - дейді жас инициатор жымия.

Апатқа ұшырауымды заңдылық ретінде қабылдаймын

"Анамның ерлігіне тіпті сөз жоқ. Ол әрдайым менің жанымда, менің ең жақын досым. Осы арада айтқым келеді, отбасыларыңызды, аналарыңызды қадірлеңдер. Сізге жақын дос болатын - бауырларың мен ата-аналарың. Осылай жаттығып жүріп, жарты жылда отырып, бір жылда еңбектей алатын жағдайға жеттім. Біреу үшін күлкілі естілетін шығар, бірақ бұл - өте үлкен еңбек. 6 метр жерге еңбектеп бару үшін маған 2 сағат уақыт кететін. Жүруді де қайта үйренуге тура келді. Есімде, өздігімнен алғаш рет 6 қадам аттағанда балаша қуанып, барлығына хабарласып шыққан едім. Бұл мен үшін рекорд болды. Туған -туыстарым мен жақындарым әрдайым келіп, көмектесіп тұрды.

IMG_4672

Отбасымызбен шын жүректен алғыс айтатын адамдарымыз өте көп. Алғашында клуб туралы менің идеямды естігеннен кейін әкем қала әкімі Ерман Алпысовқа барды. Ол жағдайды түсініп, мұндай орталықтың қаншалықты қажет екеніне көз жеткізіп, бізге осы ғимаратты берді. Бірақ қаржы көп қажет еді. "Алланың бұйырғаны болады" деп қарап отыра беруге болмайды екен. Сол кезде маған Роза Ақжарқынова маған "Дамуда" оқуға болатын бағдарламаны ұсынды.  Біржарым жылға жуық уақыт ішінде 160-қа жуық адам емделіп, 25-і аяғынан тұрды. Дені сау адамдар келіп былай деп үйретсе, сен не түсінетін едің дейсің. Ал сен сияқты жағдайды басынан өткізген адамға сені шын түсіне алады. Сол кезде сен де оны  тыңдай бастайсың. Енді адам көбейген сайын жаңа жобалар пайда болады. Біздің үлкен орталық ашқымыз келеді.  Ол басты арман, басты жоспар.

IMG_4803

Менің арманым - Елдосты аяғынан тік тұрғызып, жұмысқа орналастыру. Қазір университетте бағдарламашы оқуын оқып жатыр. Ол жерде бізге көмектесіп, Елдостың жағдайын түсінуге тырысады. Әкем айтушы еді жақсы адамға жақсы адам жолығады деп. Елдосымның өзі бала кезінен мейірімді болып өсті. Қолына бір нәрсе берсең, екінші қолын тосып, ағасына сұрап тұратын. "Егер жолымыз болмай жатса, жарайды деп қоя саламыз. Балам апатқа түскенге дейін мен де әйел ретінде көп нәрсе қалайтын едім. Ал қазір барлығы да өз орнымен ғана болуы керектігін түсіндім",- дейді Фатима Тайжанқызы.

Похожие материалы