Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Елдос Баялышбаев: «Әлеуметтік кәсіпкерлік рух беретін бизнес»

Елдос Баялышбаев: «Әлеуметтік кәсіпкерлік рух беретін бизнес»

Қазақстанда бизнес бастағысы келетіндер арасында қысқа мерзімді курстар сұранысқа ие. Мұндай курсты тәмамдап, бүгінде бизнесін дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Олардың  бірі - талдықорғандық  Елдос Баялышбаев. Жас кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап, заманауи оңалту орталығын ашқан. Есімі елге таныс Елдос биыл «Жылдың үздік жас кәсіпкері-2018» байқауында екінші орынды еншіледі.

– Елдос, бүгінде жеке кәсіпті сәтті басқарып келесіз. Сізді өңір тұрғындары әлеуметтік кәсіпкер ретінде танып үлгерді. Қысқа мерзімді оқу курстарының көмегі кәдеге асты ма?

– Әрине. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша оқу барысында көп нәрсені үйрендік. Бизнестің іргетасы қалай қаланады, оны қалай бастау керек, деген сауалдарға жауап алдық. Қысқа мерзімді оқыту болса да өте тиімді. Бағдарлама бойынша алдымен оқытып, кейін қолымызға сертификаттар беруі, ал сол сертификаттар арқылы жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік бары өте дұрыс схема деп ойлаймын. Оқу аяқталған соң біз кәсіп бастауда қалай әрекет етуді біліп шықтық, жалпы ішкі табыс дегеніміз не, таза табыс дегеніміз не, бәрін үйрендік. Грант немесе жеңілдікпен несие  алдымен біліммен қаруланған адамға берілетіні қандай жақсы ойластырылған.

– Жеке кәсібіңіз жайында қысқаша айтып кетсеңіз. Қалай басталды?

– Біз мүмкіндігі шектеулі жандарға, тірек-қимыл аппаратындағы ақаулар, целебралды сал ауруы, омыртқанын сынуы, инсульт, ерте кезеңдегі бұлшықет дистрофиясына шалдыққан адамдарға арналған емдеу-оңалту орталығын аштық. 19 жасымда омыртқаға зақым алғанымды білесіздер, осыған байланысты біз оңалту орталығын іздедік. Ондай орталық біздің қалада болған жоқ. Валентин Дикуля сынды мамандардың оңалту жүйесін зерттедік, алғашқы жаттығулармен үйде айналыстым. Бірінші сынақтарды жасадық десе болады. Уақыт өте келе, әдістемелерді меңгеріп, жаттығуларды күнделікті орындау нәтиже берген соң, жүру қабілетті толық болмаса да қайтаруға болатынына көзім жетті. Омыртқаға зақым алған соң менің өмірім түбегейлі өзгерді, дүниеге көзқарасым өзгерді, өмірімді басқаша қырынан байқадым, сау адам мән бермейтін құндылықтарды бағаладым. Бастапқыда мүлде басқа мамандықпен айналысамын деп жүргенмін, бірақ бірқатар кедергілер болды. Жеке кәсіптің бағыты өзінен-өзі айқындалды.

Елдос Баялышбаев

Кәсіп бастау ойыңызда бар ма? Онда бизнеске аяқ басу алдында кәсіпкерлік негіздерін оқып алған жөн. Жеке кәсіптен басқа негізгі жұмысыңыздың болуы, отбасы қамы курстарға қатысуға уақыт бөлуге мүмкіндік бермесе, «Бизнес-Кеңесші» сынды қысқа мерзімді курстарын оқуға болады. Аталған курсты «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыруда.

– Жеке кәсіптің иесі атанудың өзгешелігі қандай?

– Біріншіден, менің жағдайымда, жеке кәсібің болған кезде, күнделікті алға қадам жасағанда, кәсіпті басқарғанда жауапкершілікті сезінесің. Кәсіпті жүргізу шығармашылықты талап етеді. Орталықтың болашағын, жеке бизнестің болашағын ойлауың керек. Оны ары қарай қалай дамыту керек деп ізденесің, бір орында тұрмай жетілесің, орталықпен бірге дами түсесің. Жеке кәсіп ол таңды тоғыздан кешкі алтыға дейін отыратын жұмыс емес, оған 24 сағат берілу керек. Ал егер жұмыстан шаршап, еңбек демалысын қаласаң, мұндай кәсіпті таңдамағаның дұрыс болады. Мен демалыс туралы бас қатырмаймын, жұмысымды жақсы көремін, демек, мен бақытты адаммын.

– Бизнесім жүрмей қалады-ау деген ой болмады ма?

– Тәуекелдер қашанда болады. Кәсіп бастағанда көтерілу де, құлау да болды. Қаржы жағынан қатты дағдарысқа түскен күндерім болды. Бәрін тастап кетуге дайын болған да сәттер туған. Кейін орталық нәтиже көрсете бастады. Жалпы тәуекелдер барлық спектрде бар, қаржылық тұрғыда, науқастармен жұмыс істеуде, қызмет көрсетуде. Өйткені жарақаттардың түрлі категориясы бар. Өте күрделі ота алған адамдар келеді. Сондықтан әр науқасқа ол алған жарақатқа қарай емдік бағдарлама таңдалуы керек, қандай жаттығу тренажерынан бастау керек. Қандай жаттығулар, мәселен, жүрекке салмақ салмайды, білу керек. Осыған орай орталықтың қызметкерлері де үйлесімді жұмыс істеп, өз міндеттерін нақты білуі керек.  Бұл өте күрделі әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Бірақ тәуекелдер деп қол құсырып жатқан болмайды. Тәуекелдер үйде де орын алада емес пе? Мысалы, ыстық шәйнек үстіңізге төгіліп кетуі мүмкін.

– Кәсібіңіздің нарықтағы сұранысын қалай зерттедіңіз?

– Талдықорған қаласында 5600 адам мүгедек. Оның ішінде 40%-ы қимыл-тірек аппаратына зақым алғандар. Ал мұндай орталық жоқ.

– Әлеуметтік кәсіпкерлік ол қандай бизнес?

– Әлеуметтік кәсіпкерлік анағұрлым рухани кәсіп десем болады. Мен науқастардың көзінен қуаныш, от көргенде, олар өз нәтижелеріне қуанған уақытта шабыттанам, бақытқа бөленем, мені осындай мезеттер ары қарай еңбектенуге, ары қарай жылжуға жетелейді. Әлеуметтік кәсіптің ең басты артықшылығы осында деп санаймын.

– Кәсіп бастаймын дегендерге қандай кеңес бересіз? 

– Әрекет ету керек. Кәсіп бастау үшін негіз дайындап, барлық тәуекелдерді, артықшылықтар мен кемшіліктерді екшеп алған жөн. Мәселен, бастауыш кәсіпкер үлкен несие алуға асықпағаны абзал. Жақсы, несие алды делік, ал нарық зерттелмей, шығындар ескерілмесе қиын. Оның үстінде бизнес бірден жүрмейді. Өйткені, клиент жаңа өнім туралы естімеді әлі, өткізу нарығы қалыптаспады. Тіпті кәсіпкер ұсынған тауарға мүлдем сұраныс болмауы мүмкін. Осы кезде несиені қалай жабам деген сауал туындайды. Сондықтан несиені аларда оны кәсіпке ғана сеніп алу – қателік. Қосымша табыс, қосымша жоспар болуы шарт. Кәсіпті бастауға арналған мемлекеттік бағдарламалар, жол карталары бар, іздену керек. Мемлекеттік бағдарламалар шын мәнінде жақсы демеу. Мемлекетке де шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау тиімді, кәсіпкерлер саны неғұрлым көп болса, соғұрлым көп кәсіпорын құрылады, экономика дамиды. Бір сөзбен айтқанда, әрекет ету керек. Жаңа ізденістерге, жаңа ашуларға құлшыныс болуы шарт.

Кәсіп бастап кеткен жақсы. Бірақ, бір жетістікпен тоқтап қалуға да болмайды. Мен құмарлықты айтып жатқаным жоқ, еңбек етіп, бір орында тұрмай, алға жылжу керек. Жарайды, бизнесті аштың делік, оны тұрақты сақтап, дамыту үшін әрекет ету керек. Бірінші күні жарасаң, келесі күнге де жақсы болуға тырысу керек. Мен пансионат аштым, оңалту орталығын аштым. Қазір осы екі бағыт бірін бірі толықтырып, демеп  отырады. Мәселен, орталықта минусқа шықсам, мен шығынды пансионат есебінен жабамын, немесе керісінше. Жалпы мен алға қоған мақсатымды үнемі өзіме ескертіп отырам, ескерту ол жай ғана еске алу емес, бұл дегеніміз, мақсат жолындағы байланыстар, серіктестерге хабарласу, қандай мемлекеттік бағдарламалар, гранттар барын анықтау, нарықты зерттеу, жалпы қала немен айналысып жатқанынан хабардар болу деген сөз.

– Қазір бизнесіңіз қалыптасқан сияқты...

– Иә, бұрын арман болған оңалту орталығы 4 жыл жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында мұнда 400-ден астам адам оңалтудан өтті, оның ішінде 70-80 адам қайтадан жүруді үйренді. Олар алғашқы қадамдарын балдақпен, сүйеніштер арқылы жасады. Дұрыс жаттықты, жүріп кете алатындарына қатты сенді, ұмтылды. 100-ден астам адам ешкімнің көмегіне жүгінбей өзіне-өзі қызмет көрсетуді үйренді. Міне, менің басты жетістігім. Тағы бір жетістік, орталықтың жабдығын толық жаңарттық, тренажерлерді Польша, Италия, Германия, АҚШ-тан алдырттық. Жылдан жылға қызмет көрсетудің сапасы артып келеді, кәсібилік өсуде. Бұйырса, ары қарай осы бағытта жұмыс істеп, осы жетістіктермен тоқтамай, еңбек еткім келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Похожие материалы