ЕО-ның құрылуы Европалық қауымдастықтың негізі 1950 жылдары қалыптаса бастады. 1951ж. 18 сәуірде Бельгия, ГФР, Франция, Италия, Люксембург және Нидерланды Европалық көмір және болат бірлестігі туралы келісімге қол қойды. Мессин конференциясында 6 мемлекет біртұтас Европа құру үшін жаңа интеграциялық идеяны ұсынды. 1957ж. Рим келісімдеріне қол қойылды. Бұл келісімдердің негізінде Атомдық энергия бойынша Европалық қауымдастық және Европалық экономикалық қауымдастық құрылды. Олар 1958ж. 1 қаңтарда күшіне енді. Европалық экономикалық қауымдастықтың негізгі мақсаты кедендік одақ құру болды, яғни еркін товар, капитал, адам және қызмет айналымын қамтамасыз ету. 1987ж. Бірыңғай Европалық Акт қабылданды. Бұл Европалық интеграцияның жаңа кезеңінің басталғандығын көрсетті. 1992ж. Маастрихт кездесуінде «Европалық Одақ туралы келісім шартқа» қол қойылды. 1997ж. Амстердам келісімі бойынша ЕО-тың негізгі мақсаттары бекітілді, ортақ саясат пен қауіпсіздік саясатын жүзеге асырудың ортақ механизмдері қарастырылды. 2000ж. Ницца келісімі алдыңғы келісімдердің жалғасы болып табылады. Онда негізгі 3 мәселеге мән берілді: ішкі реформалар; Орталық және Шығыс Европа мемлекеттерін қабылдау; ортақ сыртқы және қауіпсіздік саясатын құру. Ал, 2004ж. ЕО мүше мемлекеттері Европалық Конституцияға қол қойды.
ЕО-тың институттары
ЕО-тың институционалдық жүйесінің құрамы, әсіресе қызметтері мен құзырының оның элементтері арасындағы бөлінуі, бір жағынан ерекше халықаралық ұйым ретінде, ал екінші жағынан мемлекеттердің жаңа типі ретіндегі ерекшелігін көрсетеді. ЕО органдарының құрылымы мен қызметін түсіну қиын, себебі оның институционалдық жүйесінің маңызды ерекшелігі – биліктің нақты бөлінбеуі. Кейбір басқару қызметтері бір емес, бірнеше институттармен бірлесіп атқарылады, яғни бұл институттар қызметтерді өзара бөлісіп, оларды бөлшектеп жүзеге асырады. Бұл өз кезегінде институттарды классификациялауды қиындатады.
Институттар термині Европалық Одақ құқығында негізгі мақсаттарды жүзеге асыру міндеттері жүктелген басқарушы органдарын білдіреді.
ЕО институттары:
- Европалық парламент
- Кеңес
- Комиссия
- Сот
- Есептік палата
Аталған институттар сонымен қатар ЕКББ және Евроатомның институттары ретінде қызмет етеді.
Европалық парламент – Одақтың өкіл етуші институты. Оның мүшелері мүше мемлекеттерде жалпыға ортақ сайлау арқылы сайланады. Европарламент 5 жылдық мерзімге сайланады, мерзімінен бұрын тарату немесе өзін-өзі таратуға болмайды.
Әрбір мүше мемлекетте сайланатын депутаттар саны сол мемлекеттің халқының санына байланысты, бірақ қатаң пропорционалды емес. Мәселен, Германиядан Европарламентке 99 адам сайланса, Люксембургтен 6 адам сайланады. 2004ж. сайлаудан кейін Европарламентте депутаттар саны 732-ге жетті. Европалық парламент ішінде депутаттар саяси топтарға немесе фракцияларға бірігеді. Бұл ұлттық негізде емес, партиялық негізде жүргізіледі.
Европарламент жұмысын 2,5 жылға сайланатын төраға, әкімшілік мәселелермен айналысатын бюро (төрағадан, 14 төраға орынбасарларынан және квесторлардан тұрады) және Төрағалар Конференциясы (Европарламент Төрағасы мен депутаттық фракциялар төрағалары құрамына кіретін саяси басшылықтың органы) басқарады. Сонымен қатар Европарламентте әр-түрлі мәселелер бойынша тұрақты комиссиялар қызмет етеді. Европарламент уақытша комиссияларды құруға құқылы. Алғашқыда Европарламенттің өкілеттілік аясы тар болды, 1980ж., әсіресе, 1990 жылдары ол айтарлықтай кеңейді.
Европарламенттің негізгі қызметі бұл заңнамалық үрдіске қатысу. Европалық парламент Европалық Одақ Кеңесімен бірігіп, әдетте Комиссия ұсынған нормативтік актлер мен басқа да шешімдерді қарастыруға қатысады. Әр мәселеге байланысты Европарламенттің заңнамалық құзыреті әр түрлі. Бір мәселеде ол кеңесші дауыс құқығымен қатысса, екіншісінде шешуші дауыс құқығымен қатысады. Европарламент ЕО-тың бюджетін қабылдауға қатысады, оның басқа органдарының және лауазымды тұлғаларының қызметін бақылайды. Парламент сонымен қатар органдарды құруға, лауазымды тұлғаларды тағайындауға құзырлы, яғни ол Комиссияға және оның төрағасына сенімсіздік вотумын білдіреді, Омбудсменді тағайындайды, ЕО-тың халықаралық келісім шарттарын санкциялайды, Одаққа жаңа мүшелердің кіруіне келісімін береді.
Европалық парламент сессиялық негізде жұмыс істейді. Ресми резиденциясы – Страсбург. Отырыстардың жартысы Брюссельде өтеді, ал оның бас хатшылығы Люксембургте орналасады. Ай сайын пленарлық отырысы бір апта бойы Страсбугте өтіп отырады. Қысқаша отырыстары Европарламенттің Брюссельдегі штаб-пәтерінде өтеді. Отырыстар ашық деп есептеледі, олардың хаттамалары және шешімдерінің мәтіні барлық ресми тілдерде басып шығарылады.
Европарламент мүшелері ұзақ уақыт бойы мүше мемлекеттердің заңнамалық органдарымен таңдалып отырды. Тек, 1976ж. ғана тікелей сайлау туралы келісімге қол жетті. Алғашқы сайлау 1979ж. өтті.
Европарламентте комитеттер маңызды роль атқарады. Бірнеше комитеттер пленарлық отырыстардың дайындығын қамтамасыз етеді, мысалы Заңнамалық мәселелер мен азаматтық құқық жөніндегі комитет, Бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі комитет. Парламентке талқылауға берілген мәселелер ең алдымен оған сәйкес комитеттерде қарастырылып, одан кейін Парламентте талқыланады.
Европарламенттің ықпалы мен маңызы басқа да аспектлерде байқалады. Парламент Европалық комиссияны тарату құқығына ие. Сонымен бірге, ЕО-қа жаңа мүшелерді қабылдауда, ассоциативтік мүшелік туралы келісім және үшінші мемлекеттермен сауда келісімдерін жасауда Парламенттің келісімі қажет.
Европалық Одақ Кеңесі - министрлер деңгейінде барлық мүше мемлекеттердің үкіметтерінің өкілдерінен тұрады. Ол Жалпы және Арнайы кеңестерге бөлінеді. Жалпы кеңестің мүшелері бұл сыртқы істер министрлері, ал Арнайы кеңес мүшелері – салалық министрлер. Кеңеске ЕО-тың мүше мемлекеттері алты ай мерзімге кезекпен төрағалық етеді. Кеңес құрылымында мүше мемлекеттердің лауазымды тұлғаларынан тұратын бірнеше әр-түрлі комитеттер қызмет етеді. Олардың ішіндегі ең маңыздысы бұл – Тұрақты өкілдер комитеті. Ол ЕО-ғы мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдіктерінің басшыларынан құралған. Кеңес төрағамен шақырылады және тұрақты негізде жұмыс істейді. Кеңестің ресми орналасқан жері – Брюссель. Жылына үш ай (сәуір, шілде, қазан) отырыстар Люксембургте өтеді.
Алғашқыда барлық маңызды мәселелер бойынша Кеңес бірауыздан шешім қабылдау қажет болды. Бұл әрбір мүше мемлекетке заңнамалық және басқа да актлер жобаларына вето салу мүмкіндігін берді. 1986 жылдан бастап бұл принцип квалификацияланған көпшілік принципімен алмастырылды. Мемлекеттің халқының саны неғұрлым көп болса, Кеңесте оның министрінің даусының саны соғұрлым көп болады. Ең үлкен төрт мемлекет (Ұлыбритания, Германия, Италия, Франция ) 2004 жылы 10 дауысқа ие болды. Ең аз дауыс санына ие – Люксембург.
ЕО-тың институттар жүйесінде Кеңес ең алдымен заңнамалық билікті іске асырады, Европарламентпен бірігіп немесе өз бетінше регламенттер, директивалар және басқа да құқықтық актілерді қабылдайды. Кеңес ЕО атынан халықаралық келісім шарттар жасасады, Ортақ сыртқы және қауіпсіздік саясаты шеңберінде басқа да іс-шаралар қабылдайды.
Кеңестің Бас хатшылығы бар. Ол тұрақты түрде қызмет ететін қызметкерлерден құралған және бас хатшы басқаратын бас дирекцияларға бөлінген. Кеңеске дайындық жұмыстарын жүргізу үшін мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдерінің комитеті құрылған. Ол әдетте француз аббивиатурасына сәйкес КОРЕПЕР (COREPER) деп аталады. Тұрақты мүшелерге Қауымдастықтың мүше мемлекеттерінің елшілері жатады. КОРЕПЕР отырыстары екі деңгейде өтеді: тұрақты өкілдердің орын басарлары деңгейінде және тұрақты өкілдер деңгейінде. КОРЕПЕР Кеңес жұмысында маңызды қызмет атқарады. Кеңесте қарастырылуға тиісті мәселелер алдымен КОРЕПЕРде қарастырылады. Егер КОРЕПЕР қандай да бір меселеге байланысты келісімге келсе, ол Кеңестің күн тәртібіне енгізіледі; одан кейін осы мәселеге байланысты құжат дискуссиясыз қабылданады. Комиссиямен келіссөздер КОРЕПЕРде өтеді; егер КОРЕПЕР Комиссия актісін қабылдау мүмкін емес деп тапса, компромисске келуге тырысады. Нәтижесінде КОРЕПЕР іс жүзінде , бірақ заңдық нормаларға сәйкес емес, Кеңестің шешім қабылдау механизімінің ажырамас бөлігі блып табылады.
Европалық комиссия – құрылымы және қызметі жағынан мемлекеттердің үкіметіне ұқсас болып келетін ЕО институты. Ол төрағадан, 2 орын басарынан және 17 нақты салалық басқармаларға жауап беретін мүшеден тұрады. Комиссияның барлық мұшелері 5 жылдық мерзімге мүше мемлекеттердің үкіметтерінің келісімімен тағайындалады, бірақ қызметіне енгеннен кейін тұтас тәуелсіз лауазымды тұлғалар ретінде жұмыс атқарады. Комиссия қызметіне кіріспес бұрын Европарламенттің сенімділік вотумын алуы қажет. 2001ж. Ницца келісімінің түзетулеріне сәйкес Комиссияны Европарламенттің келісімімен ЕО Кеңесі тағайындайды.
Комиссия тұрақты негізде жұмыс істейтін институт. Ресми түрде Брюссельде орналасқан. Комиссия қызметін үш топқа бөлуге болады.
Комиссия Европалық қауымдастықтың «двигателі» рөлін ойнайды. Европалық парламентке және ЕО Кеңесіне бекітуге жіберілетін заң жобаларының көпшілігі Комиссиядан шығады.
ЕО-тың құқығын «қорғаушысы» ретінде Комиссия оның тәртіптерінің мүше мемлекеттер тарапынан, сонымен қатар, жеке тұлғалар тарапынан сақталуын бақылайды. Егер тәртіп бұзушы мемлекет болса, Комиссия алдымен анықтау жұмыстарын жүргізеді, одан кейін оны Сотқа бере алады. Сонымен қатар, Комиссия ЕО тәртіптерін бұзған кәсіпорындарға штраф сала алады.
Атқарушы орган ретінде Комиссия қоғамдық өмірді басқарумен байланысты іс-шараларды жүргізеді: инспекциялар мен тексерулер жүргізеді, мүше мемлекеттердің және кәсіпорындардың белгілі бір әрекеттерін санкциялайды, халықаралық келісім жасасу туралы келіссөздер жүргізеді, бюджетті атқарады, т.б.
Комиссия мүшелері өз мемлекеттерінің өкілдері болып табылмайды және олар тәуелсіз болуы қажет. Өз міндеттерін орындау барысында олар қандай да болмасын үкіметтен немесе басқа органнан инструкция сұрамайды және қабылдамайды. Әрбір мүше мемлекет бұл принципті құрметтеуге міндеттенеді. Бұл принципті бұзу Комиссия мүшесінің күштеп қызметінен босатылуына себеп болуы мүмкін.
Комиссия мүшелері арасында әрекет ету салалары бөлінеді, әрқайсысы бір немесе бірнеше мәселелерге жауапты болып табылады.
Комиссия аппараты құрылымдық бөлімдерден – бас дирекциялардан тұрады. Оларды Комиссияның сәйкес мүшелеріне бағынатын бас директорлар басқарады. Бас дирекциялар дирекцияларға, ал олар секторларға бөлінеді. Сонымен қатар, бірнеше арнайы қызметтер бар. Мысалы, құқықтық қызмет бас дирекцияны құқықтық мәселелер бойынша кеңеспен қамтамасыз етеді.
Комиссияның әрбір мүшесі кабинеттің, жеке тағайындалған және оған тікелей бағынатын қызметкерлер тобының көмегіне сүйенеді. Кабинет қызметкерлерінің Комиссия қызметкері болуы міндетті емес. Кабинет басшысы Комиссия мүшесінің оң қолы болып табылады және маңызды роль атқарады. Кабинет басшылары отырыстардың қызметін үйлестіру және дайындау мақсатында Комиссия мүшелерінің тұрақты кездесуін өткізіп отырады. Егер кабинет басшылары белгілі бір мәселеге байланысты ортақ келісімге келсе, онда Комиссия әдетте шешімді талқылаусыз қабылдайды.
Комиссияның лауазымды тұлғалары артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
Комиссия отырысы жабық түрде өтеді, шешімдер қарапайым көпшілікпен қабылданады. Алайда көп жағдайда шешімнің жобалары Комиссия мүшелеріне беріледі, егер белгілі бір уақыт ішінде қарсылықтар болмаса, ұсыныс қабылданды деп есептеледі.
Кеңестің негізгі қызмет тілдері – ағылшын, француз және неміс тілдері, бірақ барлық ресми құжаттар міндетті түрде ресми тілдерге аударылып, басылады.
Сот – Европалық Одақтың сот билігінің институты. Ол алты жыл мерзімге мүше мемлекеттердің үкіметтерімен тағайындалған соттардан тұрады. Сонымен қатар, тәуелсіз тергеу жүргізетін және сол бойынша Сотқа өз қорытындысын беретін бас адвокаттар Сот мүшесі болып табылады.
Сот тұрақты негізде жұмыс істейді. Істі тезірек шешу үшін палаталар құрылады; ең күрделі істерді пленум (барлық соттардың жиналысы) қарастырады.
Соттың юрисдикциясы істердің бірнеше категорияларынан құралады:
шағым негізіндегі істер – мүше мемлекеттерге, Одақ институттарына, заңды және жеке тұлғаларға шағым;
преюдициалды тапсырыстар, олар ұлттық соттармен ЕО құрылтайшы құжаттарын және нормативтік актлерінің талқылануына немесе Европалық қауымдастықтың құрылтайшы келісіміне институттар актілерінің сәйкестігін тексеру мақсатында беріледі;
1989ж. Сот жанынан екінші сот органы – бірінші инстанцияның Соты (Трибунал) құрылды. 2001ж. Ницца келісімі бұл соттарға қосымша арнайы юрисдикциясы бар сот органдары – соттық палаталар құруға рұқсат берді. Олар ЕО Кеңесімен құрылады.
Сот өз отырыстарын Люксембургте өткізеді. Сот хатшысы сотпен алты жылға тағайындалады. Оған екі түрлі міндеттеме жүктелген. Біріншіден, хатшы барлық процедуралық мәселелермен айналысады; Сотқа берілген құжаттармен жұмыс істейді, оларды сот мүшелеріне және қатысушы тараптарға тапсырады. Екіншіден, хатшы Соттың басқарылуына жауап береді, оның әкімшілік отырыстарына қатысады, бірақ дауыс беру құқығы жоқ. Өз қызметі бойынша Сот төрағасының алдында есеп береді.
Әрбір сотың және бас адвокаттың жанында олардың көмекшісі ретінде бір немесе бірнеше заңгер хатшылар қызмет етеді. Олардың негізгі мақсаты – заңдық зерттеулер және басқа да құжаттарды қабылдауға көмек көрсету.
Аудармалар департаменті Соттың барлық тілдеріне заң құжаттарын, соның ішінде Сот шешімдерін және бас адвокаттардың қорытындыларының аударылуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, заңгерлерді Соттың соңғы қаралған істері және оның қызметінің басқа да салалары туралы ақпаратпен қамтамасыз ететін ақпарат қызметі бар.
Европалық есептік палата – Одақтың ең жас институты. 1977ж. құрылып, 1992ж. ЕО-тың бесінші институты деп танылды. Ол ЕО Кеңесімен (әрбір мүше мемлекеттен бір адамнан) тағайындалатын тәуелсіз аудиторлардан тұрады. Негізгі қызметі – «Европалық Одақтың ортақ бюджетінің» орындалуын аудиторлық тексерулер, инспекциялар арқылы бақылау. Есептік палата тексерулерді өз бастамасы бойынша, не Одақтың басқа институттарының тапсырысы бойынша жүргізеді. Есептік палата Люксембургте орналасқан.
Есептік палата тұрақты қызметкерлердің үлкен штатынан тұрады. Ол тек ЕО мүшелері мен оның институттарының ғана емес, сонымен қатар ассоциативті мүшелерінің де аудитін жүргізеді. Есептік палата ЕО құрылымдарына олардың қызметі бойынша өз ойын айтып, кеңестер бере алады, сонымен бірге осы ұйымдарға қатысты мәселелерді қарастырады.
1992ж. Маастрихт келісімі Есептік палата ережесін нығайтып, қызмет ету аясын кеңейтті. Есептік палата Қаумдастықтың барлық кіріс пен шығысы туралы есептерді, олардың заңдылығы мен дұрыстығын, қаржы операциялары мен оларды басқаруды тексереді. Әрбір қаржы жылының аяғында ол ресми басылымдарда атқарылған жұмыс бойынша есебін жариялайды.
Есептік палата шешімді көпшілік дауыспен қабылдайды.
Европалық кеңес – саяси үйлестіру мен саяси жоспарлау органы болып табылады және мүше мемлекеттердің басшыларынан (немесе олардың үкімет басшыларынан), және Европалық комиссияның төрағасынан тұрады.
Европалық кеңес Европалық Одақтың ең жоғарғы басқарушы органының рөлін атқарады. Оның өз аппараты және регламенті жоқ. Мұндай белгісіз статус оның қарастыратын мәселелерін нақтылап айтуды қиынға түсіреді. Соңғы жылдары ол экономикалық интеграция мәселелеріне көп көңіл бөлуде: Экономикалық және валюталық одақ құру, евро енгізу, ЕО кеңюі; сыртқы саясат саласында ол бұрынғы социалистік мемлекеттердегі реформаларды қолдау, Югославиядағы дағдарысты реттеу мәселелерімен белсенді айналысты.
Европалық Кеңес жылына екі рет Европалық Одақ Кеңесіне төрағалық ететін мүше мемлекеттің өкілінің төрағалығымен өтеді. Оның негізгі мақсаты – жалпыға ортақ саясатты анқтау. Кеңестегі президенттік мүше мемлекеттер арасында алты ай сайын ротациялық негізде жүргізіледі. Кеңесте төрағалық етуші мемлекет, сонымен қатар, әр-түрлі кеңестерде, комитеттердің отырыстарында төрағалық етеді, олардың күн тәртібін анықтайды, ал сыртқы істер министрі Европалық парламентте кіріспе сөз айтады.
Экономикалық және әлеуметтік комитет – кеңес беруші орган, европалық деңгейде жалдамалы жұмысшы, жұмыс берушілердің бірлестіктері, басқа да әлеуметтік таптар, топтар мен мамандар өкілдерінен тұрады. Комитет консультативтік қызмет атқарады, мақсаты – экономиканың әр-түрлі салаларынан өкілдік ету. Комитет мүшелері Кеңеспен мүше мемлекеттер арасындағы бөлініске сәйкес төрт жылға тағайындалады.
Аймақтар комитеті – ЕО мемлекеттерінің аймақтық және жергілікті өзін-өзі басқару, федерация субьектлерінің органдарының өкілдерінен тұратын консультативті орган.
Европалық орталық банк – ЕО-тың несие-ақша жүйесіне ортақ басшылық пен ортақ валюта - евроны басқаруды жүзеге асыратын орган. Евро аймағына кіретін мүше мемлекеттердің орталық банкілерімен бірге Европалық орталық банк Орталық банктердің Европалық жүйесін құрайды.
Европалық инвестициялық банк (ЕИБ) – Европалық қауымдастық жанында қызмет ететін, негізінен, ЕО-тың артта қалып қойған аймақтарын дамыту мақсатында несиелер беретін банктік ұйым.
Европалық Одақтың Омбудсмені – Европалық парламентпен тағайындалатын лауазымды тұлға. Ол одақтың институттары мен басқа да органдары тарапынан басқару тәртібінің бұзылу фактілері бойынша тәуелсіз тергеу жүргізеді; өз тергеулерінің нәтижесі бойынша жыл сайын есеп беріп отырады.
Европол – мүше мемлекеттердің полиция қызметінің іс-әрекетін үйлестіру, ақпаратпен қамтамасыз ету, өзара кеңестер өткізуді қамтамасыз ететін заңды автономды құрылым.
2002ж. наурызынан бастап Гаагада Евроюст өз қызметіне кірісті. Бұл орган прокуратура органдарын, сот және полиция қызметін үйлестіретін уақытша құрылған бөлімшені алмастырды. Оның құрамына мүше мемлекеттердің өкілдері кіреді.
ЕО-тың сыртқы экономикалық саясаты.
Бүгінгі күнде Европалық Одақ ең дамыған сауда-экономикалық және саяси интеграциялық құрылым болып табылады. ЕО-та әлемдік товар саудасының 40%-ы, қызмет саудасының 30%-ы шоғырланған. Ол әлемнің 130-дан астам мемлекеттерімен дипломатиялық қатынас орнатқан, БҰҰ-да және басқа да халықаралық ұйымдарда бақылаушы статусына ие.
Тарихқа үңілсек, Европалық қауымдастық қашанда болмасын европалық экономикалық интеграцияның халықаралық позициясын нығайтуға тырысты. 1993ж. Европалық қауымдастық пен Европалық еркін сауда ассоциасының барлық мемлекеттері (Швейцариядан басқа) Европалық экономикалық кеңістік құру туралы келісімге қол қойды. Келісім 1994ж. күшіне енді. Трансатлантикалық декларациялар деп аталатын екі құжатта 1990ж. Европалық қауымдастық және оның мүшелері, бір жағынан, ал Канада мен АҚШ - екінші жағынан, саяси, экономикалық және мәдени салалардағы кеңестер өткізу мен тығыз ынтымақтастық арқылы екі жақты қатынастарды тереңдету туралы келісті.
Яунд, Аруш және Ломей конвенциялары арқылы ЕО Африка, Кариб және Тынық мұхиты (АКТ) мемлекеттерімен серіктестік қатынастарын орнатты. Ломей конвенцияларының мақсаты (1975ж. – I Ломей конвенциясы; 1979ж. II Ломей конвенциясы; 1984ж. III Ломей конвенциясы; 1990-2000жж. арналған 1989ж. IV Ломей конвенциясы) АКТ мемлекеттерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына қолдау көрсету, қоршаған орта, ауыл шаруашылығы, балық аулау, шикізат, энергетика, қызмет, сауда ,мәдениет және әлеуметтік салалардағы тығыз, тең құқылы ынтымақтастық.
ЕО Орталық және Шығыс Европа (ОШЕ) мемлекеттерін қабылдамас бұрын олардың көпшілігімен әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімдер жасасты. Ол мемлекеттерді европалық интеграциялық үрдіске тарту мақсатында ОШЕ елдерінің экономикалық және қайта құруына қаржылық көмек бағдарламасы – PHARE қабылданды.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекеттеріне арнайы техникалық көмек көрсету туралы бағдарлама – TACIS жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, Жапония, Австралия, Жаңа Зеландия, АСЕАН мемлекеттерімен, Қытаймен, Үндіқытай, Латын Америкасы мемлекеттерімен ерекше қатынас орнатылған.