Алматы. 10 сәуір. 7kun.kz – Сәуірдің соңына дейін бірінші отандық лоукостер жоспарлы түрде техникалық тексерістен өтіп, жаңа ливреяда боялған алғашқы екі ұшағын күтіп алады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Қазір 180 орынды Airbus А320 ұшақтары ресейлік Минеральные воды қаласында орналасқан S7 Technics техникалық базасында жоспарлы техникалық тексерістен өтіп жатыр. Одан бөлек ұшақтарға немістің Recaro 3530 SLIM моделді орындықтары орнатылуда.
«Жиі ұшатын жолаушылар шетелдік лоукостер ұшақтарының орындықтарының арқасы тек қана тік тұратынын, бұл сапар барысында бұл біршама қиындық туғызатынын жақсы біледі. Біз жолаушыларға орындық арқасын 5 см-ге дейін қозғауға мүмкіндік береміз. Сонымен бірге аяқ ыңғайына қарай орындық арқасында орналасқан қалтаны төменнен алып тастап, жоғары орнаттық. Бұл аяқты кеңінен созып отыруға мүмкіндік береді», - дейді FlyArystan-ның сату және маркетинг бөлімінің директоры Жанар Жайлауова.
Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың 1 мамырынан бастап FlyArystan Алматыдан Нұр-Сұлтан, Тараз, Орал мен Қарағанды қалаларына тұрақты рейстер ашады.