Алматы. 2 қыркүйек. 7kun.kz – Алматы облысында 3,2 млрд теңгенің ет өңдеу кешені іске қосылды, - деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ақпаратқа сәйкес, Жамбыл ауданында жаңа өндіріс іске қосылды.
«Ирандық кәсіпкердің жобасына салынған инвестиция көлемі 3,2 млрд теңгені құрайды. Empire Food кешенінің құрылысы 2016 жылдың қыркүйек айында басталды, ет комбинатының алаңы 6,9 мың шаршы метр. Құрылған жұмыс орындарының саны – 98 адам», - делінген хабарламада.
Зауыттың қуаттылығы – ауысымына 1 мың бас қой және 120 бас ірі қара. Ауыл шаруашылығы министрлігі мал сою көлеміне сәйкес қосымша өңдеу желісі құрылғанын атап өтті.
«Сынақ режимінде, құрылыс аяқталғаннан кейін орнатылған жабдықтың көмегімен 332 тонна ет және ет өнімдері өндірілді. 452 мың доллар тұратын 73 тонна өнім Иран мен Парсы шығанағы елдеріне экспортталды», - деп түсіндірді ведомство.
Жыл соңына дейін 640 тонна экспортталады деп күтілуде. Бұдан басқа, Қытайға ет жеткізу ниеті бар.