Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі прокатқа шығады

Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі прокатқа шығады

Алматы. 27 наурыз. 7kun.kz – Биыл наурыздың 28 күні 75-ші Венеция кинофестивалі жүлдегерлерінің бірі, режиссер Эмир Байғазин түсірген  Аслан туралы трилогияның соңғы бөлімі – «Өзен» фильмі шектеулі прокатқа шығады.

Аталған көркем фильм өркениеттен алыс жерде тұратын, қаладан келген қонақтан кейін өмірлері күрт өзгере бастаған бес ағайынды туралы баяндайды. 

Естеріңізге сала кетсек, «Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер(Best Director) атанды.

«Өзен» фильмі Роттердам, Гетоборг, Варшава сынды ірі фестивальдердің ресми бағдарламаларының шеңберінде көрсетілгені туралы айта кеткен жөн. Фильмнің жарыққа шығуына бірнеше мемлекеттер атсалысты, олар: Қазақстан (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Emir Baigazin Production), Норвегия (Norsk Filmproduksjon) және Польша (Madants).

Айта кетсек, Эмир Байғазин «Өзен» фильмінде режиссер ғана емес, сондай-ақ сценарий авторы, қоюшы оператор, бас продюсер міндетін атқарды. Тіпті, бұл фильмнің монтажын да өзі жасаған.

Естеріңізге сала кетсек, трилогияның алғашқы бөлімі – «Асланның сабақтары» («Уроки гармонии») фильмі Қазақ кинематографиясы тарихында тұңғыш рет  63-ші Берлин кинофестивалінің негізгі байқауына іріктеліп, «Үздік оператор» номинациясында «Күміс аю» жүлдесімен және Morgen post газетінің жүлдесімен марапатталды (2013). Жалпы, бұл кинотуынды 50-ден астам ірі кинофестивальге қатысып, жүлделі орындардан көрінді.

Трилогияның екінші бөлімі –«Төрт оқиға» («Раненый ангел») фильмінің әлемдік тұсаукесері  де 65-ші Берлин кинофестивалінің Panorama Special атты ресми бағдарламасы шеңберінде алғаш көрсетілді. 2016 жылы «Төрт оқиға» фильмі Германияда өткен Fünf-Seen-Filmfestiv халықаралық фестивалінде «Үздік фильм» жүлдесін,  Чонджуда (Оңтүстік Корея) өткен фестивальде арнайы жүлдені және Словакияда өткен Art Film Fest фестивалінде «Үздік режиссер» жүлдесін иеленген болатын. Айта кетсек, Эмир Байғазин түсірген фильмдер Қазақстанда ғана емес, Еуропа елдерінде де прокатқа  шыққан.

Похожие материалы