Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Кәсіпкерлердің құқығы қалай қорғалады?

Кәсіпкерлердің құқығы қалай қорғалады?
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау ерекше. Оларға қаржылай, ақпараттық қолдау көрсету өз алдына, құқықтық жағынан да көмек көрсетіледі. Мәселен, 2014 жылы Елордамыз Астана қаласында Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан Төрелікте және аралық сотта талқылау орталығы (Арбитраждық орталық) құрылған болатын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасы сауда-өнеркәсіптік палатасы орталықтың құрылтайшысы болып табылады. Сондай-ақ бұл орталық сауда-өнеркәсіптік палатасының халықаралық арбитраждық сотының іс жүзіндегі құқықтық мирасқоры екенін де баса айтып өткен жөн. Осы орайда, Төрелікте және аралық сотта талқылау орталығы немен айналысады деген заңды сауал туады. Тоғыз жолдың торағында орналасқан Астана қаласы ірі бизнес бастамаларды жүзеге асыратын шаһар. Аталмыш орталық елордада құрылғанымен, барлық өңірлік палаталар базасында аудио-бейне байланыс құралдары арқылы арбитраждық талқылау отырыстарын өткізуге мүмкіндік бар. Жалпы, арбитраждық орталық азаматтардың, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың араларында болған азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды қараумен айналысады. Орталықтың жауапты хатшысы Айша Жұмабекова тараптар істі қарау үшін арбитрлерді өздері сайлайтынын айтады. Яғни, бұл арбитражға деген зор сенімнің айқын дәлелі. – Арбитрлар дауды негіз бойынша қарап, нақты шешім қабылдайды. Олардың шешімі түпкілікті болып саналады және сол күннен бастап заңды күшіне енеді. Сондықтан арбитраждық сот тараптар араларындағы дауды мемлекеттік соттарға қарағанда әлдеқайда тезірек шешеді. Атап айтқанда, оның шешімі апелляциялық, кассациялық тәртіпте қарауға жатпайды, – деді  Айша Бапынқызы. Бүгінгі таңда орталыққа көмекке жүгінген азаматтар қаншама? Иә, орталықтың қаншалықты тиімді жұмыс істеп отырғанын сараптау үшін атқарылып жатқан шаруаларымен де таныс болған жөн. Осыған дейін 20 шақты іс қаралған. Мамандардың айтуынша, тараптар көбінесе Алматы қаласы мен республиканың батыс өңірлерінен өтініш түсірген. Соның ішінде Ақмола облысы бойынша да бір іс қаралған екен. Кәсіпкерлердің басым көпшілігі сатып алу, сату, қызмет көрсету, мердігерлік шарттардан туындаған даулар бойынша орталыққа жүгінетін көрінеді. Сонымен қатар, шетелдік компаниялардың, яғни Польша, Испания, Ресей, Беларусь елдерінің резиденттерінің қатысуымен бірталай істер қаралған. Тағы бір айта кетерлігі  орталықтың басқарушы кеңесінің құрамында белгілі заңгерлер мен ғалымдар, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар. Басқару кеңесінің төрағасы, белгілі заңгер Байрамалы Ахмедов пен басқару кеңесінің мүшелері өз қызметтерін ақысыз атқарады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тарапынан куратор ретінде палатаның басқарма мүшесі Рустам Жүрсінов тағайындалған. Ұйымдағы білікті қызметкерлердің тәжірибесі кәсіпкерлердің мәселелерін тиімді реттеуге мүмкіндік береді. Алайда талап арызды арбитраждық сотта қарар алдында талапкер орталыққа талап арызды тіркеу жарнасын төлеуге тиіс. Ереже бойынша тіркеу жарнасы 60000 мың теңге. Заң талабына сәйкес егер талап арыз қанағаттандырылатын болса, онда ол төлемдер жауапкер жақтан талапкердің пайдасына өндіріледі. Осы ретте облыстар бойынша арнайы бекітілген арбитрлер жоғын баса айтып өткен жөн. Себебі, тараптар арбитрлер тізілімінде көрсетілген кез келген төрешіні таңдай алады. Әр жұмыстың мақсат-міндеті болады дегендей аталмыш орталықтың да алға қойған жоспары бар. Қазіргі таңда арбитраждық істерді қарау процесін оңтайландыру көзделуде. Беделді заңгерлерді арбитрлер тізіліміне енгізу де алда тұрған басты міндеттердің бірі. Әйтсе де бүгінгі таңда өңір тұрғындары арбитражды орталықтың қызметімен жете таныса қойған жоқ. Унификацияланған және халықаралық стандарттарға сай «Арбитраж туралы» заң жобасы Сенатпен қабылданып, мемлекет басшысының қарауына жіберілді. Егер заң жобасы мақұлданатын болса, алда ауқымды шаруалар күтілуде. Кәсіпкерлердің даулы мәселелерін қарауда орталық тиімді жұмыс істейтініне сенім зор.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, СҚО

Похожие материалы