Теңге тарихы қалай басталды? Кімдер қолға алды? Төл теңгемізді жасап шығарудың қиындықтары қандай болды? 7kun.kz 15 қараша Ұлттық валюта күнінде осы сұрақтарға жауап береді
1993 жылы жеке меншік ақшамыздың пайда болуы құпия әскери опреацияны еске түсіреді. Қазақстандықтар рубль аймағына кірген және ешнәрсені өзгертуді ойламаған еді. Алайда саяси және экономикалық тәуелсіздіктің құны әрдайым жоғары болғандықтан Ұлттық банк басқармасына құпия түрде жаңа валюта жасап шығару туралы тапсырма берілді.
Қазақстанның төл теңгесі Англияда басып шығарылды. Мұнымен "Хариссон және ұлдары" компаниясы айналысты. Бұл тапсырыс компанияға әлемдік Ұлыбритания патшайымының Алтын белгісі атты үлкен марапат алып келді. Теңге Британияның ең үздік экспорт тауары ретінде танылды. Сондықтан да компания офисінің төрінде қазақстандық теңгенің қалқаны ілулі тұр. Ал алғашқы монеталар Германияда басылған. Олар Л-80 және нейзильбер материалдарынан жасалған.
Жер астындағы құпиялар Ақшалардың алғашқы партиясын сақтау үшін аранайы жер асты қоймалары дайындалған. Бір апта ішінде Лондон қаласына Ил-86 деп аталатын 4 ұшақпен 18 рет рейс ұшқан. Ал бұл барлық құжаттарда Президент резиденциясының құрылысына арналған материалдар деген атаумен тіркелген. Теңге туралы айырбас болғанға дейін ешкім білген жоқ.
1993 жылы 12 қарашада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы" заң қабылданды. 15 қарашада Қазақстанның ұлттық ақша белгілері назарға ұсынылды. Бар болғаны 5 күн ішінде ақшалар мемлекеттің банктеріне жеткізілді. Қазақстан тез әрі тиімді жаңа валютаны енгізеді деп ешкім ойламаған еді. Себебі Қазақстан ТМД елдері бойынша ұлттық валютаны енгізген соңғы мемлекеттің бірі болды. Алғашқы кезде ұлттық валютаға өтудің екі кезеңі болады деп жоспарланды: бастапқыда уақытша валютаны енгізу болса, кейіннен үнемі айналымда болатын ақшаны жасап шығару еді. Алайда уақытты өткізбей, бірден ресми валюта жасау туралы шешім қабылданады.
Айналымға 500 теңгелік номиналды купюралар енді. Кейін 1994 жылы 1000 теңгелік банкноталар басылып шығып, 1995 жылдың 14 ақпанында назарға ұсынылды. Осы жылы Қазақстанда банкноталық фабрика ашылды. 1996 жылы 2000 теңге, 1998 жылы 5000 теңге айналымға келді.
Ал ұлттық валютаға 13 жыл толғанда, бұрынғы купюраларды жаңа үлгіге ауыстыру процесі басталды. 2006 жылдың 15 қарашасынан бастап 2007 жылдың 14 қарашасына дейін ескі және жаңа банкнота үлгілері айналымда қатар жүрді. Біртіндеп ескі купюралардың төлем қабілеттілігі жойылды.
Теңгемізді қалай қорғауға болады?
Теңгені қорғаудың элементтері болғанмен, алаяқтардың жалған ақша жасау жолдарын көбейе түсті. Мемлекет теңгені қорғауды барынша күшейтіп, оның дизайнын өзгертпек болды. 2006 жылы шығарылған банкнота номиналдарында қателіктер көп болғанмен, олар түсі, түрі және өлшемдері бойынша әртүрлі еді. Әрбір банкнота бір- бірінен ұзындығы бойынша 4 мм, ені бойынша 3 мм айырмашылық жасады.
Қазақстандық теңгені қорғаудың 17 жолы бар. Төл валютамыз әлемдегі "барынша қорғалған" валюталардың қатарында. Бізге су белгілері, қорғаныш жіптері, серия нөмірлері, жылтыр ұяшықтар, ультракүлгін қорғанышы сияқты белгілері таныс. Бұлардың барлығы жаңадан жасалған. Сондай-ақ, көшіруге қарсы элементтер (тартан, пирамида), алтын интаглио, микрошрифтер, иридисцентті жолақтар, иристі мөрлер бар.
Жаңа символ
$ - доллар, € - еуро екенін білеміз. Ал Қазақстандық теңге үшін жоғарғы жағында қосымша сызығы бар Т әрпі 2006 жылы пайда болды. Символға қатысты ҚР Ұлттық валютасының өткізген конкурсы бойынша осы белгі 30 мың суреттің ішінде "үздік" деп танылып, 2007 жылдың 29 наурызында теңгенің жаңа символы ретінде бекітілді. Авторлары - Вадим Давиденко пен Санжар Амерханов. Алайда аталған таңбаға байланысты дау туындады. Себебі бұл белгінің жапондықтардың 120 жылдан бері пайдаланып келе жатқан пошта белгісінен айырмашылығы жоқ еді.
Ал "теңге" атауының өзі оңай қойыла салған жоқ. Бұл ежелгі түркі атауы «таньга», «донга», «теньга», тіпті орысша "деньги" атауымен тікелей байланысты деуге болады. Валюта атауына қатысты пікірталастан соң "ақша" деген нұсқа ұсынылды. Соңында қазіргі "теңге" бекітілді.
Теңгенің тарихы туралы оның жасалып шығуына үлес қосқан тұлғалар еске алады.
[caption id="attachment_27163" align="alignleft" width="300"] Фото:ipp.kz[/caption]Ғалым Байназаров, "Нұр Отан" партиясының Қоғамдық саясат институтының директорының кеңесшісі:
1992 жылдың қаңтарында Ұлттық банк басқарма төрағасы ретінде тағайындалды. Бір айдан кейін мені өзіне Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы шақырды. Ол ұлттық валюта теңгені жасап, айналымға енгізуді тапсырды.
Қазақстан мен Ресейдің экономикасы өте тығыз байланысып, біздің еліміз рубльдік аймақта болғандықтан бұл өте құпия ақпарат еді. Егер алдын-ала жарияланса, қоғам да дүрбелең туғызып, біз үлкен шығынға батар едік. Кеңес Одағы тарағаннан кейін Қазақстан экономикасы құлдырап, инфляция деңгейі өте жоғары деңгейде болды. 2 жыл ішінде тауар бағасы 20 есе көтерілді. Осы жағдайда біз отандық экономиканы құтқару жолдарын іздедік. Экономиканы басқару үшін ұлттық валютамызды енгізуіміз қажет еді.
Президент тапсырмасынан кейін біз тобымызбен жұмысқа кірістік. Құпиялылық деңгейі өте жоғары болды. Жұмысқа бірнеше адам қатысты, өз орынбасарларым мен Жоғары Кеңес өкілдерін және Ақпарат министрлігінен тағы бір маман тартылды. Осындай аз ғана топ ұлттық валюта құру деген үлкен жобаға кірістік.
Жұмыстың бірінші кезеңінде біз үлкен кедергіге тап болдық. Жобаны жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылым керек. Монета сарайы, банкнота фабрикасы, валюта биржасы, алтынвалюта қоры, төлемақы жүйесі және тіпті мемлекеттік алтын қоймасы да болған жоқ. Осы инфрақұрылымның барлығын жасау қажет еді. Мәселе біртіндеп шешілді. Кадрлерді дайындап, құнды қағаздар цехын құрдық. Валюта биржасын және монета сарайын аштық.
1992 жылдың наурызында тобымыз жұмысқа кірісті. Біз шетелге шығып, Франция, Германия, АҚШ, Жапония және Ұлыбританиядағы банкнота фабрикасының басшыларымен кездестік. Олардың тәжірибесін, валюта шығарудағы технологияы зерттеп, түрлі елдердегі валюта үлгілерін жинастырдық.
Теңгенің көркемделуі ондаған қазақстандық маманға тапсырылды. Тауда, саяжайда олар 2 ай бойы тынымсыз еңбек етіп, 4 түрлі дизайн нұсқасын дайындады.
Теңгенің бір нұсқасы америкалық валютаға ұқсады, оның жасыл түсі көп еді. Екіншісі голландық банкнотаға ұқсады, үшіншісі қазақи оюмен өрнектелді. Тек төртінші нұсқасы таңдап алынды. Онда тарихи тұлғалардың бейнесі салынған еді.
1993 жылы біз дайын банкноталарды Қазақстанға әкелдік, қазан айында барлық облыс пен ауданға тараттық. 12 қарашада Президент ұлттық валютаны енгізу туралы бұйрық берді, ал 15 қарашада біз бүкіл елдің айналымына енгіздік. 3 күн рубль мен теңге қатар пайдаланылды, ал 19 қарашадан бастап Қазақстан аумағында жалғыз валюта болды.
1994 жылы ол Ұлыбритания патшайымының алтын медалін алды. 100 теңгелік банкнота ең әдемі және ең қорғалған банкнота деп танылды.
[caption id="attachment_27164" align="alignleft" width="719"] Фото:forbes.kz[/caption]Тимур Сүлейменов, "Қазақстан дизайнерлер одағы" РОО президенті, Алғашқы қазақ валютасының авторы:
- Рубль аймағынан шығу оңай болған жоқ. КСРО құлап, жаңа қоғам орнады. 1991 жылдың соңында Қазақстан мемлекеті соңғы болып өзінің тәуелсіздігін жариялады. Мен ол кезде Дизайнерлер одағы жиылысының ХІІ Жоғарғы кеңесінің депутаты болдым.
Тәуелсіздік туралы Декларация қабылданғаннан кейін экономикалық шиеленістер басталды: ақша жүйесіне байланысты қиын-қыстау кезең туды, Қазақстан ескі ақша жиыны ортасында қалып қойды, халықты тауармен қамтамасыз ету оңай болмады.
Осы уақытта мен Бюджет комитеті және қаржы парламентінің төрағасы Сауық Тәкежановтан құпия шақырту алдым. "Біздің алдымызда жеке валюта жасап шығару мәселесі тұр", -деді ол. Жеке валюта дизайнын жасап шығару туралы тапсырма берді және оның мәдени, тарихи дәстүрге сай, құндылығы болатындай, Қазақстан тарихында ақша жүйесі бойынша ерекше орын алатындай дизайн болуын қалады.
Ұлттық Банк қызметі мен құрылымы жаңа қалыптасып жатқан еді. С. Тәкежанов валюта-ақша бойынша туындаған сұрақтарға көмек көрсететін адам ретінде ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Мирсұлтан Тұрсыновты айтты. Сондай-ақ, қызметтің барлығы жасырын болу керектігін, ешкімге тіс жармауымызды ескертті.
Мен тіпті ағама да айтпадым. Түрлі мұрағаттарға, кітапханаларға, Ғылым академиясының тарих және археология институттарына бара бастадым.
Ол кезде ешбір техника жоқ. Көргендерді суретке түсіріп немесе суретін салып, көшірмесін алу керек еді. Мұның бәрі қиын болды. Мен достарымнан диссертация үшін көшірмесін жасап алуды өтіндім. Қазақстан аймағында болған түрлі монеталарға қатысты тарихи материалдарды мұрағаттан тауып, суретін салып алдым.
Маған көмек көрсеткендердің бірі, отбасылық досымыз - Виталий Александрович Бахарев. Ол - әр елдің ежелгі монеталар мен банкноотарын жинаумен айналысатын нумизмат әрі коллекционер. Бізге Қазақстан еліндегі ежелден бері келе жатқан ақша белгілерінің жасалуы туралы нақты ақпарат берді.
Осылайша мен эскиз жұмыстарын бастап кеттім. Бірақ ешкімге білдірмей қалай, қай жерде жұмыс істеу керек? Кеңестер үйінің бір бұрышынан палата алып, сол жерде жұмыс істедім.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валютаны жасап шығару және енгізу бойынша қызмет түрлерн анықтап, бекітті. Ұлттық банк Ғалым Байназаровқа аталған бағдарлама бойынша топ құру туралы міндет жүктелді. Топқа Ұлттық банк төрағасының орынбасары Мирсұлтан Тұрсынов, болашақ валюта фабрикасының директоры Есет Қожамұратов, ақша сарайының директоры Юрий Тузов және Ұлттық валюта дизайны авторлық ұжымының жетекшісі ретінде мен болдым.
Біз ақша өндірісімен танысу үшін шетелге жол тарттық. Испанияның ақша сарайында болдық, Лондонға келдік. Нақты танысулар Ұлыбритания астанасында Lonrho тобына кіретін Harrison & Sons фабрикасында болды. Сол жерде мен барлық дизайнерлік және технологиялық процесті көрдім. Ақша белгілерінің үлгілері мен тұтастығын қамтамасыз ететін түрлі элементтердің не үшін болатынын түсіндім.
Алғашқы эскизде сол жерде жасалды. Бірнеше сағаттың ішінде алғашқы банкнотаның көлемі мен өлшемі пайда болды. Әл-Фарабидың суретін салып, түсіне қатысты бірнеше бедерлеме жасадым және ағылшын деңгейіндегі стандарт болды. Алғаш рет "теңге" сөзін жаздым.
Алматыға келген соң эскиздерді Президентке көрсеттік. Ол бірнеше нұсқасын жасап, маған шығармашылық топ құруға тапсырма берді.
Мен ол уақытта арнайы топ дайындап, оны екі топқа бөлдім. Бірінші топ монета эскиздерін жасаумен айналысты. Олар: дизайнер, талантты суретші Айрат Вагапович Исмамбетов және сол кездегі Дизайнерлер одағының органдық хатшысы, дизайнер Виктор Ивженко. Ал екінші топ қағаз ақша эксиздерін жасау үшін құрылды. Топта танымал полиграфия маманы Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов жұмыс істеді. Кейін жас суретші Досбол Қасымов келіп қосылды. Шаруашылық сұрақтарына байланысты Х. Ғабжалилов қосылды.
Біз Кеңестер министрлігінің үшінші үйінен құпия орында жұмыс істедік. Қарындаш, калька, туштан басқа ешбір құралдар болмады. 1 теңге мен 100 теңге аралығындағы банкноттардың барлық клишелері қолдан жасалды. Су белгілері мен жасырын мөрлердің бірнеше нұсқасын жасадық.
[caption id="attachment_27165" align="alignleft" width="919"] Фото:voxpopuli.kz[/caption]Меңдібай Алин, суретші, банкнота дизайнері, Алғашқы валютаны жаушылардың бірі:
Алып империя құлады. Дүкендерден бәрінің жоқ болып кеткені есімде. Кәсіпкерлік тоқтады. Ешкім ары қарай не болатынын білмеді. Ол кезде досым Ағымсалы Дүзелханов екеуміз жеке әдебиет кітаптарын шығаратын кәсіппен айналыстық. Ұлттық валютаны жасау туралы конкурс жарияланғанда, Ағым екеуміз қатысып көрейік деп шештік. Біз тарихты жақсы білдік, екеуміз де кескіндемешіміз, кітап шығардық, осы салаға жақын болдық. Жұмысқа қабылдандық. Біз ақша белгілерімен қоса Елтаңба мен Тудың суретін салдық. Тіпті концепциясын жазып шықтым.
Менде қазақ рубльіне қатысты эскиздер болды. Туға байланысты 134 эскиз салдым. Кейін маған хабарласып, бірнеше нұсқаның біреуі қабылданғанын, менің жеңгенімді мәлімдеді. Бізге Тимур Сүлейменов хабарласып, бірігуіміз керек деді. Кеңес министрлігіне тиесілі тауда тұрған саяжайды бізге берді. Тобымызда Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжалилов болды. Міне, сол жерде Ұлттық теңге дүниеге келді. Ақшаны "танга", "сом", "сум", "алтын" деп атау туралы төрт нұсқа болды. Алайда ҚР Жоғарғы кеңесі комитетінің төрағасы Сауық Тәкежанов теңге деп атауды ұсынды.
Не істеу керектігін басында түсінбедік. Тек тездетіп жеке валютаны жасап шығару керек болды. Барлығы жаңа валюта жасап шығаруды күтті. Бізде бірнеше нұсқалар болды. Алайда біз портреттерді таңдап алдық. Порттермен жұмыс істеу қиын болды. ХІХ ғасырға дейінгі суреттер болмаған. Әбілқайыр мен Абылай ханның суретін еңбекпен іздеп таптық. 50 теңгелік купюраны жасап шығарғанда Әбілқайырдың суретін ағылшындық саяхатшылар Клапрота мен Аткинсонның қалдырған кітаптарындағы бейне бойынша жасадық. Ал Абылай ханның бейнесін орыс саяхатшыларының деректерінен таптық.
Екі жылдық жұмыстан кейін 1993 жылы 15 қарашада таңғы 8-ден бастап, ескі ақшаларды жаңа валютаға айырбастау процесі басталды. Ол кезде долларға қатысты теңге курсы 7,75 теңге, ал 1 теңге 500 рубль болды.
Маржан Нүсіпбек "7"