Несие алған адам қайтыс болған жағдайда туған-туыстары, мұрагерлері не істеуі керек? Несие жабыла ма, жоқ, төлеу керек пе?
Кейде өмірден өткен адамдардың артында несие қалып жатады. Мұндайда артында қалған туған-туыстары онымен ары қарай не істеп, қайда бару керектігін білмей, қиналатын жағдайлары кездеседі. Несие алушы қайтыс болған жағдайда не болады, оны қалай қайтару керек? Заң не дейді?
Заңға сәйкес несие алушы қайтыс болған жағдайда, несиені қайтару міндеттемесі тоқтамайды. Ол қайтыс болушыдан мұрагердің иелегіне өткен мүлік құны деңгейінде мұрагерге беріледі. Егер мұрагерлікке ештеме қалмаса, онда, қарыз да мұра ретінде қалмайды.
Яғни, қайтыс болған адамның мүлкі мұрагерлікке қалса, онымен бірге несиелік қарызы да сол мұрагерге беріледі. Мұрагерліктен бас тартуға болады. Бірақ, мұнда да толықтай бас тарту қажет. Мүлікті алып, несиеден бас тартамын деу мүмкін емес. Несиемен қатар, алимент және басқа да қарыздар да мұрагердің төлеуіне жатады.
Егер мұрагерлікке несие қалса, не істеу керек? Бірінші, несие берген банктен қарыз көлемін анықтап, төлеуге мүмкіндігіңіз бар-жоғын бағамдап алыңыз. Егер төлеуге мүмкіндігіңіз болмаса, мұрагерліктен бас тартуыңызға болады. Ондай жағдайда мұрагерлік құқығы мен қайтыс болған адамның артында қалған мүлік несиемен бірге басқа мұрагерге беріледі.
Мұрагерлікке несие қалғанда біле жүріңіз!
Мұрагерлікке қалған несиеге ары қарай пайыздар қосылмауы керек. Өйткені несие келісім-шарты жасалған адам қайтыс болды. Яғни, несие алушы қайтыс болса, барлық несиелік міндеттелелер тоқтатылады.
Қалған несиені қайтару банк пен мұрагердің жеке келісімімен реттеледі. Мұрагер несие берушімен мұрагерлікке қалған мүлікті сату арқылы бірден есеп айырыса алады.
Мұрагердің қаржылық мүмкіндігі қайтыс болып кеткен несие алушыдан бөлек болуы мүмкін. Бұл жағдайда мұрагердің қаржылық мүмкіндігі есепке алына отырып, несиені қайтарудың мерізімі мен кестесі бекітіледі.
Егер мұрагерлік бірнеше адамға бөлінсе, онда алған мүлкінің құны көлемінде несиенің де мұрагері болады.
Мұрагер кәмлетке толмаған бала болса да мүлікпен бірге несиеге мұрагер болады. Бірақ олардың атынан мұрагерлікті қамқоршылары, жақын туыстары қабылдайды.
Ал, несие алушы қайтыс болып, несие сақтандырылған болса, онда сақтандырушы компания келісім-шартта көрсетілген мерізімде және көлемде қайтаруға міндетті. Кейде, сақтандыру компаниясы сақтандырылушы қайтыс болғанына қарамастан сақтандыруды төлеуден бас тартуы мүмкін. Мұндай келеңсіздіктер сақтандырылушы ішімдік немесе есірткі салдарынан, болмаса ауруы барын сақтандыруды рәсімдеу кезінде сақтандырушыға ескертпей, кейін сол аурудан қайтыс болған жағдайда ғана болады.