Қызылорда облысы. 14 қараша. 7kun.kz – Заңнамалық тұғырнамасы зайырлы-құқықтық сипатта құрылған елімізде әрбір азаматтың бойынан мемлекетшілдік идея қалыптастыру маңызды.
Мемлекетшілдік идея – халық арасындағы этно-конфессияаралық ерекшеліктерге, саяси позициялардың әралуандылығына қарамастан мемлекеттік мүддені жоғары қоятын қоғамдық қатынас десек те болады.
Мемлекетшілдік сана толық деңгейде қалыптаспаған елде әртүрлі діни топтар, саяси көзқарастары әралуан тұлғалар халықты жан-жаққа тартып, тұтастық пен тұрақтылыққа кері әсер етуі және сыртқы күштердің ықпалына түсіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне зиян тигізуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы зайырлы-құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде құрыла отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының, жалпы халықаралық аренада бейбітшілік пен тұрақтылықтың символы, дипломатиялық ел болып қалыптасты. Ендігі кезекте, еліміз үшін маңызды функция әрбір азаматтың санасында мемлекетшілдік идеяны қалыптастыру бағытында идеологиялық шешімдер қабылдап, жүзеге асыру болып табылады.
Ал, діни таным – жеке тұлғалардың моральдық ұстанымдары мен өмір сүру салттарын қасиетті мәтіндерге (Құран, Інжіл т.б.) байланыстырып, рухани қағидаттарға жетелейді. Әлемдік дәстүрлі діндердің моральдық нормалары бейбітшілік пен бірлікке дәріптейтіні баршаға мәлім. Дегенмен, сыртқы күштердің ықпалымен пайда болған экстремистік, радикалды сипаттағы діни ағымдар зайырлы мемлекеттің заңдары мен құрылымдарын мойындамайды. Бұл дәстүрлі емес діни топтардың жетегіне кеткен азаматтардың діни танымында мемлекеттің зайырлы-құқықтық нормаларын жоққа шығарып, басқару жүйесін теократиялық заңдылықтарға ауыстыруды аңсайды және сол жолда күресуге дайын тұрады. Осындай радикалды-фанаттық діни танымда жүрген тұлғалар тарапынан елімізде түрлі деңгейде лаңкестік фактілер орын алды.
Сондықтан, соңғы он жылдықта мемлекеттік бағдарламалар аясында жергілікті атқарушы органдардың құрылымдарында дін істері басқармалары, дін мәселелерін зерттеу орталықтары ашылып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Мемлекетшілдік сана – әртүрлі діни және саяси көзқарастағы азаматтарды бір тудың астына біріктіретін патриоттық қасиет, ой-таным жүйесі.
Қызылорда облысы қоғамдық даму басқармасының дінтанушы маманы Ерназаров Дархан Оразалыұлы
Материалды «Нұрлы Бағдар» Қоғамдық Қоры мен Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы бірлесіп дайындады.