Ауылда егін егу, мал бағу, мұғалімдік қызметтен басқа қандай жұмыс болсын. Ал, біздің жалғыз күнкөріс көзіміз – егістік. Ауыл шаруашылығын несиелендіретін әр түрлі бағдарламалар бар екенін, бірақ ол үшін бәленбай гектар жерің, малың болу керектігін естиміз. Сондықтан былтыр ақпан айында кәдімгі дәстүрлі банктен көктемгі егін егу науқаны үшін несие алдым.
Жалпы он бес гектар жеріме 400 мыңдай ақша кетті. Бәрі де жақсы басталып келе жатқан еді. Көктемгі жауын бидайдың бітуіне көп көмектесті. Бірақ қуанышымыз көпке ұзаған жоқ. Егіннің түсімін нан зауыттарына сатып, түскен табыстан несиені төлеуге үміттенген едім. Бірақ жазда қатты қуаңшылық болып, бидай пісіп жетілмеді, сондықтан мен несиені қайтара алмай отырмын. Бидай жоқ – несиені өтейтін ақша да жоқ. Мен әзірге үш айдың қарызын төлемедім. Банктен күнде хабарласады, бірнеше рет хат та келіп қойған. Енді шаруашылығымдағы жалғыз техниканы сатуыма тура келетін шығар. Алдағы кезекті егіс жұмыстарына ақша жоқ. Алайда биыл ештеңе екпеймін деп отырмын. Мен үшін банк несиесінің пайызы тым жоғары болып тұр. Банктердің несиелеу шарттарын әлдеқайда қолжетімді еткенін қалаймын. Менің өзіме негізгі қарыздың үстіне қосымша 350 мың теңге төлеу керек.
Осындайда не істеуге болады? Мен тығырыққа тірелдім. Банкпен келісімге келу мүмкін бе?
Болат Қарымсақов