Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Президент сайлауы биыл өтуі мүмкін: Референдум қазіргі билікке не үшін қажет?

Президент сайлауы биыл өтуі мүмкін: Референдум қазіргі билікке не үшін қажет?

Қазақстанда саяси жүйенің болашағы қандай болады деген сауалға сарапшылар түрлі болжамдар айтып жатыр. Қаңтар оқиғасы мен Ресей-Украин соғысы елдегі саяси элитаның жоспарлары мен бастамаларын қайта қарауға итермеледі. Елімізді қазір суперпрезиденттік республика дәуірінің аяқталуы немесе алдағы саяси реформалардың болашағы деген жолайрық күтіп тұр. Өткен екі-үш айда Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық қудалауларды айтпағанда саяси басқару жүйесінде шама-шарқына қарай өзгерістер жасауға тырысты. Соның бірі – билеуші партияның атауын өзгертіп, оны басқарудан бас тартуы, дейді мамандар. Айта кету керек, Қазақстан билігі 5 маусымда республикалық референдум өткізеді.

7kun.kz ақпарат агенттігі тілшісі елдегі саяси реформалар туралы белгілі сарапшыларды тыңдап көрді. Жаңартылған саяси жүйені қандай тәуекелдер мен сын-қатерлер күтіп тұр? Ал референдумнан соң не өзгереді?

Қазақстан-Неміс университетінің профессоры, саясаттанушы Рустам Бурнашев алдағы референдум суперпрезиденттік жүйеден бас тартып, парламенттік басқару тетіктерін жетілдіруге жол ашады деп санайды. Ал саяси партиялардың позициясы айқындалып, электораттың ел тағдырына шынайы және еркін араласуына жол ашады дегенге үміт артады.  

Рустам Бурнашев

«Суперпрезиденттік жүйеден бас тартудың ең алғашқы қадамы бұрын да жасалды.  Тұңғыш президент кейбір өкілеттіліктерін Парламент пен Үкіметке беру арқылы конституцияға тиісті өзгерістер енгізді. Ал 2019 жылы бізде елді басқару жүйесінде қосбилік формальды түрде жұмыс істеді. Екеуінде де белгілі бір дәрежеде өкілеттілік болды. Жасыратыны жоқ, осы жағдай бізді 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына әкелді. Оған біз күштік құрылымдардың кімге бағынарын білмей дал болуынан-ақ көз жеткіздік. Ал қазіргі биліктің ұсынып отырған референдумы суперпрезиденттік жүйеден толықтай бас тартуға негіз бола ма? Күшті парламенттік басқару билігі саяси партиялардың позициясын айқындап, олардың электораттық процестерге еркін және шынайы араласыуына жол ашады дегенге сенгім келеді»,- дейді сарапшы.

ТОҚАЕВ РЕФРЕНДУМ АРҚЫЛЫ БОЛАШАҚҚА МАНДАТ АЛАДЫ

«Стратегия» ҚҚ жетекшісі, әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова елдегі саяси реформаларға байланысты әлеуметтік зерттеулер жүргізгенін айтады. Сауалнамаға 50-ден астам сарапшы қатысқан.

Гулмира Илеуова

«Мен әлеуметтанушы ретінде айтсам, биыл ақпан айында үлкен сауалнама жүргіздік. Ары қарай бізді не күтіп тұр, қандай саяси реформалар қажет деген сауалды күн тәрібіне шығардық. Біздің сауалдарға жауап бергендердің 51 пайызы жақын болашақта түбегейлі шешімдер қабылдап, алдыға жылжуымыз керек деді. Ал 33 пайызы асықпай, ойластырып, саяси реформаларды сауатты әрі салқынқандылықпен жүргізу керек деген шешімдерін айтты. Осы сауалнамаға жауап бергендердің 77 пайызы билік тармақтарын орталықтандыру, яғни суперпрезиденттік биліктен гөрі парламенттік басқаруға беру қажет деген ұсыныс берді. Яғни аралас формаға көшуді қалайды»,- дейді Гүлмира Илеуова.

Менің ұғымымда референдум өткізіп қажеті не деген сауал тұрды. Парламент арқылы да бұл өзгерістерді заңдастыруға болар еді. Алайда Тоқаев ары қарайғы қадамдары үшін мандат алуға ниетті деп ойлаймын. Ол - осы референдум. Десе де бұл қадам элитаның оң жамбасына келіп тұрған жоқ. Ұзақ жылдар қалыптасқан жүйе үшін, бұрынғы президент пен оның айналасындағы топтар үшін қолайсыздау бастама. Қасым-Жомарт Тоқаев үшін электоралдық қолдау ауадай қажет, дейді әлеуметтанушы.

Гүлмира Илеуова бұл бастамаларға элита мен олигархат тарапынан сөзсіз қарсылық болады. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев референдум арқылы қолдау мандатын алған соң, мемлекет саясатына қолайсыз элементтердің көзін жоюға жол ашылады деп санаймын. Ал сайлау мерзімінен бұрын 2023 жылы өтеді, деп болжайды. 

РЕФЕРЕНДУМНАН СОҢ БІРДЕН ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ ӨТУІ КЕРЕК

Белгілі саясаттанушы әрі экономист Петр Своик қазір болып жатқан жағдайлар осы күнге дейін қалыптасқан саяси жүйе мен экономикалық дамудың бір циклін тарих қойнауына жіберді деп санайды. Референдум Тоқаевқа саяси курсты толықтай бақылауға алуға берілген «жолдама».

Петр Своик

«Қаңтар оқиғасынан соң оған дейінгі саяси және экономикалық цикл аяқталды деп есептеу керек, Тоқаев толыққанды президент ретінде жұмысын бастады. Ендеше ол алдағы референдум арқылы өзінің позициясын, саяси рөлін заңдастыратын болады. Алайда Парламент осы күнге дейін Үкіметті толықтай жасақтап, бекіте алмайтын. Бұл өкілеттілік президенттің құзырында болып келді. Заң шығарушы орган Үкіметті басқармайды, оны бағыттайды, кедергі келтіреді, сынайды. Егер алдағы уақытта бұл құзіреттер тек Парламентке беріліп, оның рөлі күшейсе, Президент әкімшлігі оны бақылап, бағыттап отыратын тетіктерінен айырылмауы керек. Ал жалпы айтқанда, бұл рефренедумдағы бастамалар миға қонымды, көңілімнен шығады», дейді П.Своик.

Саясаттанушы референдумнан соң тағы бір үлкен саяси науқан болуы заңдылық дейді. Ол - президент сайлауы. Тоқаев Конституцияға тиісті өзгерістерді енгізіп, бұрынғы биліктің кейбір шикі бастамаларынан бас тартса, өз өкілеттілігін күшейту үшін тез арада сайлау өткізуден басқа амалы қалмайды. Ол сайлау биыл жыл соңына дейін өтуі де мүмкін, деп болжайды. 

«Логикаға салсақ, рефренедумнан соң бірден сайлау болуы керек. Меніңше бұл 2023 жыл емес, 2024 жыл да емес. Одан да ерте болуы кәдік. Тіпті ол биыл өтуі де мүмкін. Қаңтар бұрынғы жүйенің шикілігін көрсетті. Ал ақпан айы (Ресейдің Украинаға шабуыл жасаған кезеңі- авт.) ғаламдық жүйенің қателіктерін әшкереледі. Бұлардың салдарын біз әлі сезінген жоқпыз. Ол осы референдумнан соң көріне бастайды. Рефрендум да, сайлау да ертерек өтсе, халық үшін де саяси реформалар үшін де тиімді. Бұдан ары соза берсең, проблема қордалана береді. Сондықтан осы жылдың соңына дейін бізді саяси оқиғалардың шеруі күтіп тұр»,- деді Петр Своик.

Конституциялық процесс тұрғысынан қарағанда қазір өтпелі немесе транзиттік кезең. Саяси реформаларды айтпағанда Еуразиялық экономикалық одақ және мемлекеттік тіл мәселесі сияқты сұрақтар қазір ауада қалықтап тұр. Одан да басқа көптеген проблемалар бар. Бірақ олар бұл жолы қамтылмаған. Ал түзетулер Конституцияның 30-дан астам бабына қатысты болады. Мамандар референдумның өтуі жаңа саяси кезең тұрғысынан қарасақ дұрыс қадам дегенді айтады.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы 

Похожие материалы