Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстандық жас жігіт ғылымды бизнеске айналдырып, ерекше стартап ашты

Қазақстандық жас жігіт ғылымды бизнеске айналдырып, ерекше стартап ашты

Біз өнімнің 80% экспортқа, басым бөлігі Украина мен Ресей нарығына сатылатын қазақстандық ерекше стартап туралы естігенде сенбедік. Әдетте қазақстандық стартаптар – ІТ, технология бағытында. Ал біздің бұл жолғы кейіпкеріміз биология, медицина саласындағы ғылыми ізденісінің нәтижесінде әлемдік нарыққа арналған өнім шығара  бастаған. Жас генетик-ғалым Бауыржан Айтуовтың инновациялық InnoDent компаниясы шынымен де ерекше.

Қалай басталды?

Бауыржан Айтуов «Болашақ» бағдарламасымен ғылыми-жаратылыстану бойынша шетелде сапалы білім алған жастардың бірі. Алайда елге оралған соң ол білімін іске асыратын орта таппайды. Өз жолын іздеген ол жеке инновациялық компаниясын құруға мәжбүр болады. Бүгінде InnoDent стартапының құрылу тарихын қазақстандық инновациялық бизнесті қалыптастырудың үлгісі ретінде көрсетуге болады.

Бауыржанның бизнесінің идеясы бала шағынан бастау алған десе болады. Қазақ-түрік лицейінің оқушысы биология пәнінен Республикалық олимпиададан бірінші орын алып, ҚазҰУ-дың биология факультетіне грант ұтып алады. Екінші курстан кейін Англиядағы Йорк университетіне түседі. Қазақстанға оралған соң квазимемлекеттік секторда екі жыл менеджер, Назарбаев университетінде оқытушының ассистенті болып жұмыс істейді. Осында жұмыс істей жүріп докторантурға түсуді ойлайды. Осы мақсатпен Америкаға тәжірибеден өтуге барады. Осы сапары оның бүкіл ойын, тіпті ғұмырын  өзгертеді.

«Маған америкалық профессор «саған докторантураның керегі не? Мен өз саламда үздік маманмын. Жыл сайын 20 мақала жариялаймын. Бірақ, жылда әскери кампанияларға бағытталған қаржының кесірінен, ғылымды қаржыландыру азайған сайын менде іштей қорқыныш пайда болады. Дұрысы өз компанияңды аш. Табыс табасың, қаржылай тәуелсіз боласың, сосын өзіңе ұнайтын ғылыммен айналысасың деп кеңес берді»,-дейді Бауыржан.

АҚШ-тан келген соң биолог әріптестерімен бизнес бастау туралы ақылдасады.  Ойласа келе олар реагенттер, зертханалық құрал-жабдық импорттауды ұсынады.  Мүмкін Бауыржан қазір сол алып-сатумен айналысып қана жүрер ме еді?! Оның бағына орай 2012 жылы жер қойнауын пайдаланушыларға табысының 1% ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсауды міндеттейтін заң шығады. Мемлекеттің бұл қамқорлығы Бауыржанның да бағын ашты.

Жас ғалым компанияларға мұнай беруді ұлғайтатын технология ұсынып, қаржыландыруға қол жеткізеді. Әрине, технология жеке өзінікі емес еді. Әлемдік технологияны қазақстандық жағдайға бейімдейді, яғни реверс-инжинирингпен айналысады.

Ғылымнан бизнеске

Жас кәсіпкер түскен табысты мұнай беруді ұлғайтатын зертхана ашуға жұмсайды, әрі басқа да жобаларды зерттеуін тоқтатпайды. Оның бірі  - АҚШ-та тәжірибеден өте жүргенде естіген даму үстіндегі ұрықта эмаль қалыптастыруға көмектесетін амелогенин ақуызын зерттеу еді.

 «АҚШ-та бұл ақуыздың дайын өнімдер бар. Ол сүйекті өсіруге арналған хирургияда қолданылады. Ақуызды шошқаның ұрығынан алады. Бұл өте қымбат. Біз оны синтездейміз. Бұл ақуыздың ерекшелігі – ұрықта тістің негізі салынғанда эмаль қалыптастырады. Мен мұны зерттеп, хирургиядан да басқа жерде қолдануға болатынын түсіндім»,-дейді Бауыржан.

Жас ғалым  ақуызды пайдалана отырып тісті ауыртпай емдейтін құрал ойлап тапқысы келеді. Қалыптасқан тісте амелогенин болмайды. Сондықтан эмальды қалпына келтіру мүмкін емес. Егер ақуызды қолмен жақса қалай? Бауыржан осы сұраққа жауап іздеп, тәжірибе жасай бастайды.  

Ізденістің нәтижесінде ол жұмысын тастап, мемлекеттен 80 млн теңге грант ұтып алып, жаңа зертхана ашуға кіріседі. 

«Бұл ақшаға мен жекеменшік биотехнологиялық зертхана аштым. Қалған қаражатым 2 жыл зерттеуге жетті. Екі жыл бойы мен ақшаны қайдан аламын деп бас қатырмадым», - дейді ол.  

Осы 2 жылда ол өнімді жасап шығып, патент алып, нарыққа да шығарып үлгереді. Зертханалық тест пен клиникалық тексеруден кейін 2016 жылы жас ғалым әрі кәсіпкер InnoDent Repair амелогенин ақуызын шығарады. Бұл ақуыз эмальды қолдан қалыптастырады. Амелогенин сілекей түрінде қажетті минерал -кальций мен фосфатты бөліп, гидроксиапатит қалыптастырады. Ал ол эмаль қалыптастыруға ең қажетті материал.

Бауыржанның айтуынша стомотология құрал жабдыққа бай болса да емдеу тәсілі соңғы 150 жылда еш өзгермеген сала.  Тісте дақ пайда болса стамотологтар оны толыққанды шірігенше күтеді екен. Бұдан кейін ғана ішін тазалап, үстін жабады.  Ал InnoDent Repair болса кариесті дақ кезінде-ақ емдейді.

Қазақстан стартап үшін нағыз старт алаңы

Бауыржан InnoDent-ті әу баста экспортқа шығаруды ойлаған. Негізгі нарық ретінде қытайды қарастырған. Алайда кейін бұл жоспары өзгеріпті. Украинаға өнімді таныстыруға барған сапарында АҚШ-тан келген түбі қытайлық кеңесші «егер өнімді қытайға жіберсең, олар бірден көшіріп алып, бизнесің жабылып қалады», - деп ескертеді. Сондықтан алдымен АҚШ, Еуропа нарығына шығып, Қытай нарығына кейін бару қажеттігі туындайды. Қытайда бәрін жылдам көшіріп алады, алайда түпнұсқаны бағалайтын, пайдаланатын адамдар тобы бар екен.

«Ал қазақстандық нарық старттық алаң болады»,-дейді Бауыржан – Шетелде қателесудің құны қымбат. Әрбір тәжірибе миллиондаған доллар. Біздің нарықтың басымдылығын пайдалану керек. Сынақ, тіркеу, нарыққа шығару үшін шағын ғана инвестиция жеткілікті».

Алайда InnoDent Repair-ға жергілікті нарықта сұраныс болмаған. Стоматологтар өнімді қазақстандық жас жігіттің ойлап тапқанына күмәнмен қараған.

Repair-дың шикізаты швейцариялық Bachem компаниясынан алынады. Тазаланған амелогенин қазақстанға жеткізіліп, арнайы қорапқа салынады.  

«Өнімнің шикізаты Швейцарияда болғандықтан –өзін де швецариялық деп маркетингтік тәсілге жүгінуге тура келді. Бизнес кіртаптардан үйренгеніміз бойынша коммерциялық ұсыныс жаздық. Клиникаларға барып, танысытырылым жасадық. Нәтижесінде украиналық клиникалар сатып ала абстады. Кейін бұл туралы Facebook-ке жаза бастадым. Осыдан кейін ғана қазақстандық клиникаладан сұраныс түсті», - дейді Бауыржан.

Алайда өнімнің 20% ғана ішкі нарықта қалады, 80% экспортқа кетеді. Ең ірі сатып алушылар украиналық, ресейлік клиникалар.  

Тағы бір өнім дайын

Қазір компания тағы бір өнімін - InnoDent Prophylaxis-ті шығаруға дайындалуда. Оның Repair-дан ерекшелігі - үй жағдайында пайдалануға болады. Гель тістегі эмальды берік қылады. Сынақ жасалып, рұқсат беретін құжаттар алынған,  тек оралып, сатуды күтіп тұр екен.

Бауыржанның айтуынша Prophylaxis ішкі нарықта өтімді болады. «Repair-дің тұтынушысы стамотологиялық клиникалар болса, Prophylaxis тұтынушыларға арналған. Кәсіпкердің жаң өнімді сатуды көздеп отырған нарығы – АҚШ. Өйткені АҚШ нарығы ауқымды, төлем қабілеті жоғары әрі халықтың денсаулыққа мұқият қарайтын қасиеті тағы бар. Repair арнайы температуралық режимді талап етсе, Prophylaxis үшін қажет емес екен. Сондықтан Amazon арқылы сату мүмкіндігі де бар. «Бұл өнімді сөзсіз АҚШ нарығына өтімді жасайды», -дейді кәсіпкер.

АҚШ нарығын жаулаған соң, Еуропа, Қытай нарығына, одан әрі Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азияға жетуді көздейді. Қазақстандық стартаптың бұл нарыққа шығуына серіктесі – Исламдық Даму банкі көмектеспек.

Қазақстандық жас стартап әлі даму жолында. Болашағы қандай боларын уақыт көрсетеді. Алайда ол әзірге бір нәрсені дәлелдеді – сапалы білім алған жастардың жақсы идеяларының мемлекет көмегімен әлемдік нарыққа шыға алатыны. Өзі айтқандай Қазақстан – стартаптар үшін таптырмас алаң. Өйткені мемлекет «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы бастаған, кәсіпкерлерді қолдаудың бірнеше бағдарламасын іске қосу арқылы стартаптардың дамуын барынша қолдап отыр. Үздік идеяны жүзеге асырудың құны арзан.  Тек Бауыржан сияқты білімді, идеясы ерекше, мемлекет берген 80 млн теңге грантты тиімді пайдаланып, ғылымды бизнеске айналдыра алған жастардың көбірек болғаны ғана керек.

Похожие материалы